Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Оларды ұйымдастырған намыс

Оларды  ұйымдастырған  намыс

Желтоқсан  көтерілісі 1986  жылы  Алматыда  болған  қазақ  жастарының  КСРО үкіметінің отаршылдық,  әміршіл-әкімшіл  жүйесіне қарсы наразылық  іс  қимылдары. Бұл  бостандыққа,  тәуелсіздікке  ұмтылған  қазақ  халқы  тарихындағы елеулі  оқиға. Мәскеудің  насихаты қандай күшті  болғанымен, Қазақстанның, басқа  да  одақтас  республикалардың  отарлық  жайлары  айқын  көрініп  тұрды. Алматы   профессорларының  арасында  төл  тарихымызды,  қазақ-түркі  әдебиетін терең  зерттеген   оқымыстылар  көп  болды. Зиялы  қауымның,  қалалықтардың,  жастардың  отырыстарында Мәскеу  орталығының  отаршылдық  саясатына наразылық  әңгімелер  болып  тұрды. Ана  тіліміз  туралы,  бостандық  жайлы  көкейкесті  пікірлер  ортаға  салынатын. Ондай  талқылар,  тәуелсіздікке  ұмтылыс барлық  республикаларда да белең  алды. Бұл  Кеңес  империясы  идеологиясының күйреуінің  белгісі  еді.  Желтоқсан  көтерілісі кенеттен  болған  оқиға  емес,  қызыл  империяға кірген халықтардың  наразылығының шегіне  жеткенінің  белгісі. Қазақтың ұлы   серкесі  Д. А. Қонаевты қызметінен босату,  орнына ешкімге  белгісіз, Қазақстанға  еш  қатысы  жоқ  Г. В. Колбинды орнына қою  халықтың  көшеге  шығуына түрткі   болды. Желтоқсан  көтерілісі  қызыл   империяның ыдырауының  басы еді. Наразылыққа  шыққан студенттер  мен  жас  жұмысшыларды Үкімет наркомандар, алкоголиктер, бұзақылар  деп  жариялады. Бұл  ақиқатқа  жанаспайды. Ызғарлы желтоқсанда  алаңға  шыққандарды  намыс  жетеледі. Алаңға  әкелген  арақ  та, үстеріне  құйылған су да  ереуілшілерді  тарқата  алмады.  Әр  адам   ел   үшін  жанын  пида  қылуға  дайын  болды. 17-ші  желтоқсанда Л.И. Брежнев алаңына 20 мың  адам  шықты. «Бұзақыларды» күшпен  тарату мақсатында алаңға  құқық  қорғау  органдарының қызметкерлері  мен арнайы  әскери  күштер  тобы  жеткізілді. «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып  жаншылды. 18-ші  желтоқсан  күні  көтерілісшілерге  қарсы әскер  күші  қолданылды. Көтерілісшілерді  ығыстыру  үшін жедел  отряд,  милиция,  арматурамен  қаруланған  жасақшылардың арнайы топтары  құрылды.  19-шы  желтоқсан  күні әскери  күштер  шеруге  шыққан 6  топты  басып,  таратты. Үш  күнде  Алматыда 2401  адам ішкі  істер бөлімдеріне тоғытылды.  Түрмеге сыймағағандықтан, қала  сыртына апарып  тасталғандар  саны 8,5 мыңға жетті.    Оқиғаға  қатысқандарды саяси  тұрғыдан қуғындау   басталды.  99  адам  сотталды, 264  студент  оқудан  шығарылды. Желтоқсан  көтерілісі  құрбандарының  қатарында Е.  Сыпатаев,  С. Мұхаметжанова, К. Молданазарова,            Қ. Рысқұлбеков,    М.  Әбдіқұлов, Л. Асанова  сынды ержүрек  қазақ  жастары  болды. Желтоқсанның  19-23  аралығында халықтың  наразылық шерулері мен митингілер Павлодарда  және  Қазақстанның  басқа  да  қалалары  мен  елді  мекендерінде  жалғасты. Желтоқсан  оқиғасы  толық   зерттелмеген,  көп  тұстары әлі  де  құпия  болып  қалуда. Құрбан  болған адамдардың  толық  саны  әлі белгісіз.  Кейбір  әскерилердің,  көтеріліске  қатысқан  жастардың  айтуларына  қарағанда  шейіт  болғандардың  саны  2000 –нан  асып  түседі.  Уақыт  өте  келе  тарих  желтоқсан  көтерілісіне  анық  баға  берер.   Бүгінгі  тәуелсіздікке  Алматының  алаңына шыққан  жастардың қосқан  үлесі  зор. Еліміз  тыныш,  жұртымыз  аман  болсын. Тәуелсіз елімізді  көркейту жас  ұрпақтың міндеті.  Желтоқсан  оқиғасы қоғамның  саяси  өмірін  демократияландыруға  серпін  берді,  КСРО –ның  құрамындағы 14  мемлекетке  егемендік  Туын  ұстатты.

Зейнулина Айман Файзоллақызы

Филология ғылымдарының кандидаты,  профессор,

Ы.Алтынсарин атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Республикасы Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент – мүшесі, МАИН академигі, С.Торайғыров атындағы Алтын медаль иегері,  «ЖОО үздік оқытушысы – 2012» атағының иегері

С.Торайғыров атындағы ПМУ, Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі

Жан   толғанысым – Желтоқсан...

Тән жарасы жазылса да, жан жарасы жазылмаған, сол бір желтоқсан ызғарының есіп өткен  лебіне отыз жыл толыпты. Уақыт жарасы да әлі жазылған жоқ, санаң сарылып ойға кетіп, жүрегің сыздайды, көзіңе жас келеді. Әлі де сол желтоқсан жаңғырығының  мен шындық шарайнасының беті ашыла түсер деген ойдамын.

Иә, ол кезде қайғы мен қасіретке толы желтоқсанда біздің бәріміз де ойы толыға, тілі шыға қоймаған, сәбиге ұқсас едік. Партияға бас иіп, соның айтқан сөзіне имандай сеніп, дегенін бұлжытпай орындау хақында жүрген заманда бұл күн, яғни 17-18 желтоқсан еліне ағы мен қарасын аңғартқан күн болды. Бұл күн- аңсап жеткен Тәуелсіздік күні болды. Бұл күн – 1932 – 1937 жылдың тарихы бет пердесін сырып берген күн болды, бұл күн – әлемге «Қазақ» деген ұлысты Ұлы Ұлт бар, оның данасы мен даласы, тілі мен діні, ділі бар деп танытқан күн болды, бұл күн – біреудің жалғызы, біреудің еркесінің қаны төгіліп, қара жамылған күні болды.

Әділет сапары оңай болған жоқ. Көп қырылдық, тілді ұмыта бастадық, «айналайын» деген сөзден айырылып қала жаздап, қазық қозғалар шақта есімізді жиғандай болдық. Әлі де алар асу алда.

Бір кездері патша миссионерлерінің белсенді уәкілдері Сперанский мен Ильминский қазақ даласындағы отарлау саясатының заңды құрамдас саласы ретінде оқу – ағарту жұмыстарын барынша біржақты жүргізуге күш салып: «Ауылдарда, старшындарды» «ауыл мектебі» деген бүркеншік атпен мектеп ұйымдастырып, бірте-бірте олардың санын көбейтіп, алғашында қазақтың көңілін табу үшін, оларға қазақ мұғалімдерін жіберу керек. Оларға міндетті түрде орыс оқуын оқытып, балалармен орысша сөйлеуді тапсырып, қазақ  әрпін қандай жағдайда болмасын қолданбауды, сөйтіп қазақ кітабын оқи алмайтындай жағдайға жеткізу керек. Бірақ оны заң ретінде қолданбаған жөн...Солай болған күнде ғана  қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз... Және орыс оқуын тез қолға аламыз,  оқытамыз. Содан кейін арнайы Заң шығарып, сол арқылы қазақтарды әр қоныс-қонысқа бөліп тастап, оларды крестьяндарға айналдырады» - деп  Мәскеуге жолдаған хатында үлкен тарихи қылмыс жатыр емес пе? Мәдени отарлау деген осы болар.

Бір қазақтың баласы мектепке барса, айналасы 8-10 бала ғана қазақ класында отырып, 80-90 баланың 50-60 қара домалақ қазақ баласы орыс класында оқитын еді. Қоғам салты ма, әлде заңы ма, тіпті ол қазақ кластары бірте –бірте жабылып, «орыстанған қазақ» деген атаққа жетті. Облыстық  ЖОО  - да, әсіресе Солтүстік облыстарда қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің жоқ болуы, ал  басқа мамандық иелері өз қазақ тілінде сөйлеп, еркін ісін жүргізе алмау деген мәселе мүлдем көтерілген де жоқ, ешкімді ойландырымады да. Бұл да сол желтоқсан дүмпуінің жарасы еді.  Әлі де шешімін толық тапты деп айта алмаспыз да. Бірақ талпыныс бар, ниет жақсы.

Мен де 1986 жылы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының соңғы курсының студенті едім. 17 – желтоқсанда алаңға шыққан жастар легінің тең жартысы кім десе, өздеріңізге белгілі, қыздар болды. Түнгі 11- ге дейін алаңда болып, жатақханаға келсек, факультет деканы, құрметті ұстазымыз, белгілі ғалым С.М.Исаев кураторымыз М.Х.Шаяхметова, басқа да ұстаздарымыз қорқыныш – үреймен  бізді қарсы алып, тексеруден өткізіп, жатақхананы бекіттіріп жауып тастады. Ертесінде саппен сабаққа  барып, сол тәртіппен қайта жатақханаға қайтарды. Бірақ «алаңда не болып жатыр?»... деген ой әрбіреуіміздің санамызда, көзімізде тұрды. Жаппай тобымызбен алаңға кетіп қалдық. Кешке қарай ұрып – соғудың астында қалып, шлангыдан атқылаған суық суға  малшынып, қашып келе жатқанымызда / 4 қыз болатынбыз/ Фурманов  көшесінің бойында бір жігіттің басы жарылып, ыңырсып жатқанын көрдік. Көз қиып тастап кетуге бармай, АШИ – ның №8 жатақханасына кіргізіп кетейік деген оймен бұрыла бергенімізде алдымыздан  5-6 милиция жасақшылары шыға келді. Ұрып – соғып, автобусқа отырғызып, Фрунзе ауданының ішкі істер бөліміне әкелді. Жауап алып, бізді қоя берді. Таңғы 4-5 шамасында жатқаханаға келді. Бойда үрей бар, бірақ нағыз пәленің көкесі алда екен. Күнде – күнде бізді таңертең сағат 10 – нан кешкі 22-ге дейін жабық машинамен Қазақ ССР прокуратурасы деген жазуы бар үйге алып келіп, Қ.Рысқұлбеков,                Ж. Тәшенов, Күзембаев істерінің / Савицкийдің  өлімі туралы материал / қазақ тіліне аудару, қылмыстық ситуацияларды ойлап тауып қосып жазу сияқты жұмысын берді. Естерінде болар, қыздар, марқұм  Салтанат Қожахметова, Жанар Рустемова  көзімізде жас, қолымыз дірілдеп, медициналық сөздікті аударып отырып, жазу жазғанымыз. Салтанат марқұм шыншыл, бірбеткей еді, ол жігіттерге сатқындық жасап жатқанымызды айтып,бұл жұмыстан бас тартуымыз керектігін айтты. Әрине, ол әрекетіміз өзімізді де кейін жазалауға негіз болды. «Ұлтшыл, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» деген хат ауылымызға да жолданып үлгерген. Тіпті дипломдық жұмыстарымыздың тақырыбын өзгертіп, басқаша жазуға, «яғни» «заман талабына сай» жазуға тиіс болдық. Бірақ сол кездегі кафедра меңгерушісі қазір аталған университеттің ректоры, көрнекті ғалым Исаев С. М. ұстамдылықпен, әкелік жүрегімен бізді қызғыштай қорғап аман алып қалды. Міне, түнде ұйқы, күндіз күлкіден айырылып, алты ай түрме аузында жүріп, институтты тамамдадық.

Туған елге, Павлодарға оралып, бала кезімдегі арман туын тіккендей болдым. Оның – Павлодар педагогикалық институтында тіл жанашыры болған профессор.    Е. Өтебаевтың ұйымдастыруымен қазақ  тілі мен әдебиеті кафедрасы ашылды. Ерке Ертіс өңіріне тамсана қарап тұрып, аудиторияда Абай, Сұлтанамахмұт, Мағжан, Жүсіпбек туындыларын қазақша сөйлеттік.  Оқу орындары, мектеп, бала бақшада қазақ бөлімдері ашылып, ана тілін меңгеру науқанына кірісіп кеттік. Қазақ театры мен оркестрі ашылып, сахнада «Айман - Шолпан», «Қыз Жібек» тамашаланып, Құрманғазы, Тәттімбет күйлері шалқыды. Көше аттары өзгертіліп, сан жылдар бойы еңсемізді басып тұрған қанқұйлы қара  Ермак ескерткіші тұғырынан түсірілді.

Тағы да сол өнер мен білімнің, ақиқаттың бас – қасында кешегі желтоқсанның зардабын шеккен бес жыл түрмеде отырған бүгінде театр артистері Бақытбек Иманқожаев пен Құрманғазы Айтмұрзаев,  Доскен Ұябаев, Бейбіт Шәнім сынды жігіттеріміз бен мектеп пен университет оқытушылары Жақаева Сәуле, Шақаманова Ырыскүл, Баймұқанова Маржан атты қыздарымыз бар.

Ерлік жасадық, - деп мақтанбай – ақ қояйық, бірақ сол желтоқсан ызғары тиген, тән мен жанды қарайтқан сол күннің азабы бүгінгі күннің жеңісі болды, ақиқаты мен болашақ таңы болды. Мен сол үшін бақыттымын.

 

ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Жаңғыртып бүкіл қазақ даласын,

Рухы биік болған желтоқсан !

Ұлы Дала сымбатын

Таныта алған желтоқсан!

 

Бүкіл әлем азатын

Жеткізе алған желтоқсан!

Ұлы Қазақ ғажабын

Көрсете алған желтоқсан!

 

Ұлтымның бағы жанар деп.

Үміт берген желтоқсан!

Ұл – қызының тәніне

Жара салған желтоқсан!

 

Тәуелсіздікке жол салған

Жігер берген желтоқсан!

Жүрек сыздап, көз жылап

Ұмытылмаған желтоқсан!

   

Нәжмиденова  М. Біз,  соғыстан  кейінгі  туған  балалар, санамызда өзімізді жеңімпаз халықтың  ұрпағы  сезініп  қуанатынбыз. Отан  соғысына  қатысқан  әкеміздің соғыс  туралы  әңгімелерін  ұйып  тыңдайтынбыз. Әкемді  қазақ  эпостарындағы  батырлар  тізімінің қатарына  қоятынмын. Нағашым  Серікбай  Мүткеновтің сонша  ерлік  жасап,  бүгінгі  бейбіт  заманға  жете  алмағанына  өкінетінмін. Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты әлемдік  деңгейдегі   ірі  тұлға  ретінде  санаушы  едік.  Коммунистік Партия Орталық  Комитетінің Саяси  Бюросының мүшелерінің  арасында,  басқаларынан  бір  қарыс  биік  қасқиып  тұрған,  кеудесінде  үш  алтын  жұлдызы  жарқыраған   Димаш  ағамызды  көргенде, кеудеміз мақтанышқа  толатын. Өмірдің  әділетсіздігі,  қиын  жағдайлары  болғанда, өткенімізге  қарап,  ертеңгі  күн қазақ  халқы  үшін,  балаларымыздың  келешегі үшін  жарқын  болатынына  сенетінбіз.  Ұлы  ұлт  өкілдері  студент  болған  кезімізде  де,  тұрмыста  да,   бұқаралық  ақпарат  құралдары  беттерінде    қазақты  кемсіткенін көрмеуге  тырысатынбыз. Өйткені,  болашақ  өмірімізге зор  үмітпен  қарайтынбыз.  Ызғарлы  желтоқсан  күндері  ұлт  көсемі  Д. А. Қонаевты шығарып  тастапты,  орнына ешкімге  белгісіз  Г. Колбинді қойыпты  деген  хабарды  естігенде  бар  арманымыздан,  қиялымыздан айрылғандай  болып  сезіндік. Алматыда  наразылық  білдіріп  алаңға  шыққан  жастардың  ерлігіне, отансүйгіштігіне сүйсіндік. Қайрат  Рысқұлбеков,  Ләззат  Асанова, Сәбира  Мұхаметжанова, Ербол  Сыпатаев  сияқты  жастар намыс  үшін,  өмірлерін  құрбан  етуге  дайын  болғанына,  жанкештілігіне  таң  қалдық.   Біздің  қолымыздан  не  келеді?  Қайын  сіңлілеріммен келісіп, 1987-ші жылғы  жаңажылдық  шырша  кезінде  үнпарақ  жасап шаштық.  Мазмұны мынау: «Долой Горбачева! Долой Колбина!  Да  здравствуют  герои  17 декабря !» Бұл  жағдайды тексеруге Ертіс  кентінен ұлттық  қауіпсіздік  комитеті қызметкері келді. Біз соттап  жібере  ме  деп қорқа  бастадық .  Екі  орта  мектептің мұрағатында  жатқан шығармаларды  қопарып,  ішінен студенттердің  шығармаларын  таңдап  алып,  үнпарақтағы  жазулармен  салыстырды. Тексеруші  қазақ  жігіті  еді. Кім  білсін?  Үнпарақты жазған  кісіні  тапқысы  келмеді  ме,  әйтеуір  таба  алмай  кетті. Алматыдағы  сол  көтеріліс  болмағанда, тәуелсіздіктің  күні  кешеуілдеп   келуші  еді.  Қандай  қиындық  болса  да,  тәуелсіздік  сыйлаған  заманымызға  ризамыз. Бізді  қазір  ешкім  кемсітпейді.

Уалитова Айман. Мен  Қарағанды кооператив  институтының 2-ші  курсында  оқып жүрдім. 1986 –шы  жылғы желтоқсан  айындағы Қазақстан Орталық  комитетінің  18 минутқа  созылған  Пленумының  шешімі бүкіл  Қарағанды халқын  дүр  сілкіндірді. Бұл  қалай? Үш  дүркін  Социалистік  Еңбек  Ері,  қазақтың біртуар  көсемі  Дінмұхаммед Қонаевты Мәскеуден  келген  бір  мегежін  Разумовский деген  қызметінен  алып  тастайды. Орнына  келген  кім? Қайдағы  бір ешкім  білмейтін  Колбин. Бұл  отаршылдық  саясат. ҚазССР-ның  Конституциясындағы егемендік деген  сөз аяққа  басылды.  Біз  наразылығымызды білдіруіміз  керек. Айдауда  жүрген мал  емеспіз  ғой.  19-шы  желтоқсан  күні  мединститут алаңында митингіге жиналатын  болдық. Біздің  топтың  студенттері  бір  автобусқа  мініп алаңға  жеттік. Алаңда митинг  басталып  қалыпты. Қолдарында  таяқтары (дубинкалары)  бар   милиционерлер бізді  бірден  қоршап  алды.  Бізден  кейін  келген  автобустарды  да  дәл  солай  қоршады. Таяқтарымен  ұрғылап,  итермелеп бізді  алдын  ала  дайындап  қойған  автобустарға тыға  бастады. Милиция  бөліміне  әкеліп,  қорқытып,  жауап  алды:  «Неге  митингке шықтыңдар? Кім  сендерді  үгіттеп  әкелді?»   Бәріміздің  жауабымыз  бір  болды: « Біз  намыс  үшін  шықтық».  Күндізгі  сағат 11-де  басталған тергеу,  түні  бойы  жүріп,  таңға қарай  аяқталды. Ақыры тергеушілер бізге  былай  деді: «Сендердің  жағдайларыңды  түсінеміз, бірақ  міндетті  түрде үш  студент оқудан  қуылу   керек»- деп  мойындады. Бірінші  болып бұл  тізімге комсорг  ретінде  мен,  екінші —  профоргіміз Абайлденова Сәуле,  үшінші —  институтта үздік  оқитын, тілге  шешен,  Мәскеудің  отаршылдық  саясатын  ашық  әшкерелеген  курстасымыз  Ыбыраева Рзуан ілінді.  Біз  ешқайсымыз  өзімізді кінәліміз  деп  санамадық,  өйткені  шеруге  шығу бостандығы  туралы  конституцияда  айтылған. Үшеуміз  оқудан  шығарылып, үйге оралып,  жұмыс  істедік.  Үшеуміз   де  озат  студенттер  едік.   Біржарым  жылдан  астам  уақыт  өткеннен   кейін  институттан бізді  қайтадан  қабылданатынымыз  туралы  хат  келді.  Оқуымызды жалғастырып, екі  жыл  кешігіп  институтты  тамамдадық.  Болған  жағдайға  өкінбеймін,  өзім істеген әрекетімді  аз  да  болса,   бүгінгі тәуелсіздігімізге  қосқан  үлесім  деп  санаймын. Қазір өз  мамандығым  бойынша Павлодар  қаласында  еңбек  етіп  жүрмін.  Тұрмыстамын, студент  балам  бар.  Тағдырлас  құрбыларым  да  өмірде  өз  орындарын  тауып,  бақытты  өмір  сүріп  жатыр.

Елтін Мұхтар. 1985 жылы  орыстандыру  саясаты  өз   шыңына жетті.  Көптеген  қазақ  мектептерінде оныншы  сынып  ашылмай  қалды.  Негізгі  қазақ  мектептерін  бітірген  оқушылар  техникумға  баруға  мәжбүр  болды. Ол  заманда Павлодардың  барлық  оқу  орындарында  оқыту  тек  қана  орыс  тілінде  болатын.  Павлодар  қаласындағы есептеу – экономикалық  техникумында мұғалімдердің  көпшілігі  орыс  ұлтының  өкілдері  еді.  Менімен  бірге шағын ауылдардағы  негізгі  қазақ  мектептерін бітірген балалар  көп  болды.  Біз  мұғалімнің  оқыған  лекцияларын  жете  түсіне  алмадық.  Емтихан, зачет  кездерінде білгенімізді  жеткізе  алмай қиналатынбыз. Сәйкесінше  бағаларымыз  да  төмен  болатын. Орыс  сөзін  теріс  айтсақ  немесе  сөйлемді  қате  құрсақ,  мұғалімдеріміз жанашырлық  білдірудің  орнына ұрсатын,  келемеждеп  күлетін.  Сондықтан емтиханға,  зачетқа  бару  біз  үшін  қиянат  еді. 1985 –ші  жылы  келген  М. Горбачевтың  қайта  құруы  ішімізде  жасырын  жатқан  наразылығымызды  сыртқа  шығаруға мүмкіндік  берді.  Біз  қайда   тұрып  жатырмыз?  Бұл  Қазақстан  ба ,  әлде  Орысстан  ба?  Неліктен  біз  өз  елімізде  тұрып  орыс  тілін  білмеген  үшін  мазақ  болуымыз  керек.  1986 -шы  жылдың   желтоқсанында хатшымыз Д. Қонаевты шығарып,  орнына  орыс  қойыпты дегенді  естіп,   бәріміз  қатты  ренжідік. Біз,  қазақ,  жерімізден,  тілімізден   айрылдық,  енді ең  соңғы  үміт  артып  жүрген басшымыз Д. Қонаев  та  кетті. Әрі  қарай  не  боламыз? Неге  ертегілердегідей  бір  батыр  шықпайды,  соңынан  ерер  едік.  19-шы  желтоқсан  күні  көппен  бірге  Ленин  алаңына  митингіге  шықпақ  болдық. Асхат  деген  жігіт  ауырыңқырап,  күн  ызғарлы  болғандықтан, шеруге  қатыспай-ақ қояйын  деген  ойын  айтты. Оны  естіген,  Сәуле  деген  қыз  жетіп  келіп: « Сен  жігітсің бе , әлде  қатынсың  ба?  Шеш  шалбарыңды,  әйелдің  көйлегін   ки.  Намысың  жоқ!» — деді. Бұл  сөздер Асхатқа   үлкен  әсер  етті,  ауырса  да  шеруге  шықты.  Шеру  Чкалов  көшесінен  басталды. Бір  кезде сиренасын  ысқыртып  бізді  көп  машиналар қоршап  алды. Қолдарында  дубинкалары  бар,  бүйірлерінде  кабура  асынған  милиционерлер бізді  автобустарға  ығыстырып,  кейбіреулерімізді  таяқтарымен  ұрып, ішке  кіргізді. Автобустар бәрімізді  жатақханаларымызға  алып  келіп,   үш  күн  сабаққа  жібермей,  милицияның қамауында  ұстады.  Арамыздан топ-топтап бөліп  алып,  милиция  бөліміне  жауап  алуға  апарды. Тергеушілердің  сұрақтары: «Кім  бастады?  Неге  шықтыңдар?»  Жауаптарымыз  бірдей  болды: «Бәрі  шықты,  мен  де  шықтым». Ешқайсымызға  ешқандай  жаза  қолданған  жоқ. Сол  шеруге  қатысқандардың  ішінде менің  сыныптастарым  Мұқанов  Қайрат  пен  Жұмекенов  Жақсылық  та  болды. Бәріміз  де үйлі - баранды  болып,   басқалар  қатарлы өмір сүріп  жатыр. Шеруге  қатысқанымызға  өкінбейміз. Бүгінгі  тәуелсіздігіміз осылай  басталып  еді. Желтоқсанда  жеген таяқ  қазақты  ұйқыдан  оятты. Тәуелсіздігіміз  баянды  болғай.

Амангелді  Елтін

       
0
0
1114

Осы тақырып бойынша

Оларды ұйымдастырған намыс - Yvision.kz