Оларға тек тамақ керек пе?

Алаңға жиылған жұрт жақында Мәскеуде болған ұлтараздық қақтығыстарды айыптады. "Қапказдықтар құрысын" деген ұран көтерген, соңы төбелеске ұласқан «тақырбастардың» митингісінде бұлардан көп адам жиналғаны есімізде. Ол митингіні де билік өзі ұйымдастырған еді. Бұл жолғысы артық кетіп қалған сол әрекеттерін жуып-шаю ғана секілді.

Митингке келгендер "Ресей бәрі үшін", "Фашизмге орын жоқ ", "Біздің отанымызды жоюға – жоқ дейміз", "Ресей фашизмсіз", "Ресей нашизмсіз" деген ұрансөздер көтеріпті.
Дегенмен, басым бөлігінің қолында жүрген «жалынды сөздер» бұл митингті орыс билігі бұрынғы бұратана ұлттарды мүсіркеп қана өткізіп отырғандай әсер етеді. Солай екені даусыз да. Өйткені, орекеңдер өзгелерді ұлттық асханасы үшін ғана жақсы көріп сыйлайтындай. Шығыс асханасы таңдайларына татып жүрген секілді... «Біз шорпаны (өзбек сорпасы) сүйеміз!» деседі. Сорпа деп отырғаны «қансорпа» емес пе екен?...
Бір жарым сағатқа созылған жиын тыныш өтті. Бас жарып, көз шығаратын ешкім болмады. Жан-жақтың бәрі иін тіресіп сықиған тәртіп сақшылары. Ана жолғы скинхедтердің митнигісінде бұлардың бәрі қайда жүрген, өзі?
Сөйтіп, Ресейде «митинг» атын жамылған тағы бір саяси спектакль өтті.
