Олақ одақ осылайша опынып отырмайық
|
08.11.12.
Кедендік одақтың барлық тетіктері іске қосылғаннан бері Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері арасындағы экономикалық ықпалдастық күшейе бастады. Экономикалық ықпалдастық деген дұрыс нәрсе. Кез келген мемлекет экономикалық дамуды көздесе, өз ұпайын түгендеуге бағыт ұстайды. Алайда Кедендік одақтың күнгейінен көлеңкелі тұстары әлі көп. Бірақ одақ ішінде әлі күнге дейін шешілмей жатқан мәселелер бар. Ең бастысы, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында нақты байланыс жоқ. Сондай-ақ біздің кәсіпкерлерлер тауар сертификатын екі рет алып, қосымша құн салығын екі есе артық төлеуге мәжбүр болып отыр. Ресейде - 18 пайыз, ал Қазақстанда - 12 пайыз, барлығы 30 пайызға шығып отыр. Бұл - үлкен шығын. Осының салдарынан елімізде тауар қымбатшылығы басталды. Кеден тарифтерінің кесірінен пайда болған қымбатшылықты Қазақстан азаматтары төлеп отыр. Қазақстан орташа мерзімді кезеңде, 2015 жылға дейін Кеден одағына қосылудан ұтыла береді. Ұзақ мерзімді мүмкіндіктер қазіргі сәтте бұлыңғыр көрінеді, себебі о бастан бұл одақтың экономикалық сипатынан гөрі саяси сипаты басым.
Кедендік одақ бірінші кезекте кімге пайдалы? Әлбетте, ресейлік кәсіпкерлердің тасы өрге домалары анық. Қазақстандық бизнес Ресеймен салыстырғанда дамымаған. Орта және шағын кәсіп бәсекеге қабілетсіз. Алайда кедендік одақ арқасында, Ресей мен Белоруссияның тауарларының қызығын тек сыртқа шикізат тасымалдайтын компаниялар көріп жатыр. Қазірдің өзінде базардағы көліктердің бағасы 10 пайызға өсті. Бүйте берсе, қара қазақтың «Жигулиден» басқаға қаражаты жетпейді. Алып көршіміздің діттегені де осы. Ет, сүт, көкөністен жақсы дамыған Беларусь елі жақында күтпеген жерден дағдарысқа ұрынды. Қазақстан Кеден одағына енген 1 шілдеден бастап, халық әлеуметтік жағдай тұрғысынан қатты ұтылды, себебі дәл осы одақтың кесірінен тауар бағасы бірнеше мәрте қымбаттады. Іс жүзінде халықтың сатып алу қабілеті күрт нашарлады. Кеден одағында кім ұтылып, немесе ұтып отыр? Қазір Қазақстанда баға қымбаттап жатыр. Кеден одағына қосылудан бұрын Қазақстан экономикасы, сауда саясаты әлемдегі ең либералды елдің бірі болған. Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сай Қазақстан сауда саясатының либералдығы бойынша 125 елдің ішінен әлемдегі жетінші орынды иемденді. Яғни, Кеден одағына қосылудан соң, біздің тарифтік мөлшерлеме орташа есеппен екі еседен көп өсті. Қазіргі сәтте Қазақстан кеден баж салығын көбейтіп жатыр, өзіміздің Қазақстандыкін емес, ресейлік өндірушіні қорғап жатыр, себебі қазақстандықтар негізінен импорттық тауарларды тұтынады. Сауда статистикасына сәйкес, бірінші жарты жылдықтың нәтижелері бойынша, Ресейге әкетілген біздің экспорттың жалпы үлесі 9,1 пайызды құрады, ал біздің импорттағы Ресейдің үлесі 43 пайыз шамасына дейін күрт өсті, ал ол соңғы жылдары 35-36 пайыз деңгейінде тұрақтанып жүрген. Бұл Ресейден Қазақстанға әкелетін импорттың өсіп жатқанын білдіреді, себебі өзге елдердің барлығының импорты кеден баж салығының көбейгені себепті біз үшін шынымен қымбаттады. Сөйте отырып, валюта бағамдарының айырмашылығының кесірінен (мысалы, Ресейдің рубльге қатысты бір валюталық саясаты бар: теңгемен салыстырғанда, олар рубльді анағұрлым шұғыл күшейтіп отыр) біздің экспортерлер үшін қазіргі сәтте, Ресейге экспорттау тиімді. Біздегі экспортерлер - ең алдымен шикізат өндірушілер ғана, ол минералды саламен байланысты. Кеден одағының пайдасы мен зияны анық біліне бастады. Көршілерімізбен арадағы 39 кедендік бекет жабылды. Ортадағы түсімдердің 90 пайыздайы Ресей еліне бұйырып қалаған 10 пайызын қазақ пен Беларусь қылдай бөлмек. Баяғы кеңес өкіметі кезіндегі 94 пайызды Мәскеуге беріп отырған кейіпіміз қайта келгендей. Қазақстан, Ресей мен Беларусь үшеуінің одағы Еуроодаққа түбегейлі ұқсамайды: экономикалардың үлес салмағы затымен әр алуан. Өйткені Еуроодақтың негізінде бір-бірімен салыстыруға келетін Франция мен Германия экономикалары жатыр, ал біздің жағдайымызда ресейлік экономика беларустық, тіпті, қазақстандық экономикадан анық басым түседі. Бюджеттік-салықтық саясатты айтпағанда, беларусьтық басшылық қаржы саясатын координациялау тұсындағы егемендігінің бір бөлігінен де айырылуға анық дайын емес. Сауда заңнамасын бірыңғайлауға байланысты жағдайды реттеу қиын соғып жатыр: осы жылдың маусымында Ресейдің экономикалық даму министрлігі Беларусьтің сауда кедергілері ең көп ел екенін атап өтті. Қазақстандағы шағын және орта бизнестің үлес салмағы 20 пайызға да жетпейді. Ал Жапония, Германия, Болгария және Италия елдерінде бизнес саласы ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын береді. Ресейлік «Ведомости» газеті беймәлім дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Ресейдің Кеден одағынан көрген шығындары жайлы жазады. «Ресей бюджеті 2011 жылдың алғашқы жартысында 18,5 миллиардқа жуық рубльге толықпады, себебі Кеден одағы шеңберіндегі сырттан келетін баж салықтары импорт бойынша нақты мәліметтердің негізінде емес, алдын ала жасалған тұжырымға сәйкес Ресей, Беларусь және Қазақстан бюджеттері бойынша үлестіріледі» деп жазады басылым. Ресей бірыңғай кеден аума-ғын "Кеден одағы тартымдылығы-ның негізгі элементі" десе, біз ресейлік нарыққа жеткізілген қазақстандық, беларусьтық тауарлардың көлемдерін салыстырып алып, өсім не құлдырау болса - белгілеп, капиталдандыру компанияның табысына қаншалықты әсер еткенін анықтап біле аламыз. Ең бастысы - сауда кедергілерін алып тастағанда, бизнестің жұмыс шарттары, нарыққа ену шарттары өзгереді. Беларусьте Кеден одағын құру қазақстандық және ресейлік тауарлардың отандық нарыққа енуіне арналған тарифсіз реттеу амалдарын тоқтатуға душар етпеген. Беларусьте "даналап сатылатын азық-түлік тауарларының 90 пайызы мен өнеркәсіп тауарларының 80 пайызы осы елде өндірілген болуы тиіс" деген феодалдық ереже сақталып келеді. Қазақстандық және ресейлік тауарлардың Беларусьтегі айналымын шектейтіндей қағаз жүзінде қағида жоқ, бірақ Кеден одағы бойынша серіктестерін жазалау тәсілі деуге келетін заң қолдану тәжірибесі бар. Өйткені Беларусьтің ішкі тұтыну экспортына тоғыспалы көмек қаржы бөлудің түр-түрі бар. Беларусьтың қайғысы, әрине, мұнай мен газ мәселесі. Бұл ретте біз Ресейден 2,5-3 миллиард доллар түріндегі көмек қаржыға тең келетіндей 6,3 миллион тонна мұнайды баж салығынсыз алып отырамыз. Газға деген нарықтық емес, шартты әрі саяси бағаның бары шүбәсіз. Қазақстанда анағұрлым көбейген кеден баж салығының артуына байланысты республика бюджеті өсіп барады. Халықтың төлем қабілетінің есебінен осылай болып жатыр: біз басқа үшінші елдерден әкелінген тауарларға анағұрлым жоғары баж салығын төлейміз. Беларусь пен Ресей арасындағы баж салығының айырмашылығы мейлінше аз болатын, сондықтан Беларусьтегі бюджеттің толығуы қомақтырақ, бірақ сол баяғы Ресейдің арқасында. 2011 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан Ресей үлестірген 118 миллиард теңге мөлшеріндегі кеден баж салығын алды. Бұл шамамен 23 миллиард рубль болады. Бұл жағдайда тек қана кеден баж салығы туралы сөз болып отыр, бұл арада Ресейдің шығындары мен Қазақстанның алар пайдасы жайлы бірден қорытынды шығаруға болмайды. Қазіргі жағдай біртүрлі: Ресеймен бірге одақтық мемлекет сияқтымыз, бірақ одақтық мемлекет шеңберінде ақша мен қызмет көрсетулерді айтпағанда, тауарларды еркін айналымға жіберу мүмкін емес. Сол себепті осы комбинацияға Қазақстан келіп қосылғанда, сауда кедергілері алынып тасталады деп пайымдауға болар еді. Бұл арада Ресейдің халқы 140 миллион адамды, оның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) бір жарым триллион долларды құрайтыны, ал Беларусьтегі ЖІӨ 53 миллиард доллар болатыны маңызды емес. Ойын ережелері бәріне бірдей болуы керек. Мысалы, «АҚШ-пен салыстырғанда, кішігірім Мексика осындай еркін одақтың мүшесі болғандықтан ұтып отыр» дейді NAFTA. Ал бізде, өкінішке қарай, экономика, сауда мен бизнестен гөрі саясат туралы көп айтылған ТМД-ның сәтсіз тәжірибесі болған. Қазір бізде Кеден одағы бар, бірақ мұнда да саясат көп, экономика тым аз. Беларусь экономикасы көптеген институционалдық белгілері бойынша не ресейлік экономикамен, не нарықтық экономиканы құру тұрғысынан анағұрлым ілгері жылжыған қазақстандық экономикамен сыйыспайды. Беларусьте өзгеріссіз орнығып қалған мемлекеттік жоспар бар, тіпті, елдің ішінде ойынның бірыңғай ережелеріне жол бермейтін орталық бәрін де басқарып отырады. Еуро аймағын Еуропалық одақтың макроэкономикалық саясаттың ақша жағын келісіп алып, фискальды, бюджет жағын келіспегендігі тұсап жатыр. Беларусь, Қазақстан және Ресейде бұл элементтер мүлдем сөз болмаған. Сол себепті Кеден одағы жетістікке жетеді деп әрі бүгін-ертең бұл елдер шынымен пайдаға кенелді деп ешкім де айта алмайды. Аймақтық деңгейде қазір аса қатаң бәсеке жүріп жатқанын ұмытпау керек. Біз қазірдің өзінде әлдебір ортақ банк құру барысында пайда болып жатқан құзыреттерді бөліп беруді бастап кеттік. Қазір кейбір саясатшылар Кеден одағынан шығу мәселесін қолға алу керек дегенді айтады. Кеден одағынан шығуға арнал-ған белгілі бір ережелер бар, ал олар - аса қатаң. Басыңды өз еркіңмен торға бір сұққан соң, одан құтылу қиын шаруа. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», қазір Қазақстан өз егемендігінің бір бөлігінен айырылуға дайын тұрған тәрізді... А.АХМЕТОВ |

