«Off Road Қазақстан» клубына – 10 жыл
Қазақстанда автомотоспорт федерациясы сонау 1992 жылы құрылғанымен, елімізде спорттың бұл түрі тек кейінгі кезде ғана қарқынды дами бастады. Бәрі де мұны Марат Әбіқаев бастаған «Off Road Kazakhstan» клубымен байланыстырады.
Бұл бекер емес. Құрамында Марат Нұртайұлын айтпағанда, Қанат Шағыров, Артур Ардавичус, Александр Линник сынды саңлақтары бар аталмыш команда «Дакардың» да дәмін татып, Африка жерін де таптап өткен. Биыл бұл ұжымөздерінің онжылдықтарын атап өтті.
Түсінген жанға бұл да бір кішігірім мерейтой. Кеше ғана сияқты болып көрінгенімен, содан бері талай нәрсе өзгерді. Отандық спортсүйер қауымның автожарыстарға деген түсінігі түбегейлі өзгерді.
Бұрын тек өзге командалардың қатысуымен өтетін ралли жарыстарына қазақтың«сәйгүліктері» де қатыса бастады. Ел ішіндегі автододалардың да ұйымдастыру деңгейі көтерілді. Мұның барлығына да Марат Әбіқаев бастаған топ мұрындықболып отыр десек, артық айтпағанымыз.
Тіпті, «Off Road Kazakhstan» клубының Артур Ардавичус бастаған жігіттері «Астана» атымен «Дакар» жарысына қатысып, 2011 жылы үздік үштіктен көрінді. Жалпы, ішкі доданы айтпағанда, халықаралық аренада да беделдері зор. Команданың қалай құрылғанын бүгінде Марат Әбіқаев былай деп еске алады:
– Бұрыннан автоспортқа әуеспіз ғой. Әртүрлі кішігірім жарыстарды тамашалап жүретінбіз. Есімде, 1995 жыл болуы керек, елімізде «Джип» көліктері арасында «Үлкен-Бұғыты» жарысы ұйымдастырылайын деп жатқанын естіп, Николай Маслов, Виталий Тарасенко үшеуміз көлік тауып, соған қатыстық. Ешқандай нақты талаптар болған жоқ. Тек «Джип» көлігіңболса, жарысқа қатыса береді екенсің. Бірінші кезеңде 2-орыннан көріндік. Екіншісінде төрешілерді басып озып, жолдан адасып қалғанымыз есімде. Сөйтіп, жалпы есепте үздік ондыққа іліккенбіз. Кейін басқа да автожарыстарға қатысып жүрдік. Кейін Ресейдегі турнирлердің ұйымдастырылуын байқадық. Ол жақта барлығы басқаша екен. Кәсіби деңгейде.Қызықтық. Содан не керек, Қазақстанда да осындай автожарыстарұйымдастырып көрейік деген ниетпен «Off Road Kazakhstan» клубынқұрғанбыз.
Бұл 2003 жылдың ақпан айы болатын. Содан бастап «Off Road Kazakhstan» клубының кубогы үшін турнирлер ұйымдастырыла бастады. Автосүйерқауымның жарыстарға деген көзқарасы өзгеріп, енді ашық Қазақстан біріншілігіқолға алынды.
Шетелдік саңлақтардың қатысуымен «Жетісу-трофи», «Қара-Арша трофи», «Көшпенділер-трофи», «Қапшағайлық Баха», «Тасты драйв» сияқты жоғары деңгейлі автожарыстар ұйымдастырылды.
Халықаралық аренада 2008 жылы Денис Березовский мен Артур Ардавичус ралли жарыстарынан әлем кубогының иегері атанса, 2011 жылы Ардавичус, Березовский және Денис Кузьмич басқарған жүк көлігі «Дакар» марафонындаүздік үштіктен орын алды.
2013 жылы Қанат Шағыров пен Александр Мороз «Африка эко рейс» супермарафонында жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысынан көрінді. Тізе берсең, бүгінде команданың мұндай жетістіктері өте көп.
Жалпы, «Off Road Kazakhstan» клубының алдағы жоспарлары жетіп-артылады. Бәрін айтып қайтеміз, Марат Әбіқаев бастаған жігіттер алдағы уақытта қазақжерінде әлемдік деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырғысы келетінін жасырмады. Егер осы қарқындарынан таймаса, бұл мақсаттарына да жетері анық.
Ал алдағы жұмада клуб өздерінің онжылдықтарына орай шығарған «Бәрі қалай басталғаны есіңде ме?» деген кішігірім кинотуындысын көпшілікке ұсынбақ.
«Off Road Kazakhstan» клубының құрылтайшылары:
Марат Әбіқаев, Сергей Нұртаев, Сергей Пономарев, Александр Линник, Андрей Чередников, Дмитрий Москалев, Игорь Мажинов, Қанат Шағыров, Ержан Тұңғышбаев, Сергей Ерехин, Артур Ардавичус.
Марат Әбіқаев, «Off Road Kazakhstan» клубының негізгіқұрылтайшысы:
– Менің ең бірінші көлігім – «Жигули». Ақшаның басын құрап, сатып алғанмын. Өте көне болатын. Ұмытпасам, 1971 жылғы көлік қой деймін.Өзіммен жасты. Ал ең алғашқы жарысыма кәдімгі қарапайым «Мицубиси Паджеро» мінгенмін. Жалпы, «Off Road Kazakhstan» клубына кез келген автосүйер қауым келіп тіркелсе болады. Тек өз көлігі болса, жеткілікті.
Игорь Мажинов, «Off Road Kazakhstan» клубының құрылтайшысы:
– Негізі, «Off Road Kazakhstan» клубының құрылуы туралы құжатқа меніңкабинетімде қол қойылған. Өзім де бұрыннан көлікке әуеспін. Бірақ кейінгі кезде спорттың бұл түрінен аздап алшақтап кеттім. Қазір «Қайрат» шағын футбол клубына демеушілік көрсету жағына көңіл бөліп жүрмін. Бірақжақын болашақта автожарысқа қайта оралу ойымда бар.
Қанат Шағыров, «Off Road Kazakhstan» клубының құрылтайшысы:
– Ең алғашқы жарысым әлі есімде. «Тойота Лэнд Крузер» көлігінде жарыстық. Ешқандай тәжірибеміз жоқ, сол жолы барлығы сегіз дөңгелекті жарамсыз етіп жарыппыз. Өзіміздікін бітірдік, біреуден қарызға сұрадық,әйтеуір әупірімдеп жарысты аяқтадық. Сол жолы бізге «Ең көп дөңгелек жарғаны үшін» деген ерекше грамота берген болатын.
Александр Линник, «Off Road Kazakhstan» клубыныңқұрылтайшысы:
– Көбісі «ең қауіпті қай жарыс, мотоцикл ме, квадроцикл ме, әлде автожарыс па?» деп сұрап жатады. Оларға «бұлардың ешқайсысы қауіпті емес, жарыс барысында ақылыңнан адасу қауіпті» деп жауап беріп жатамын. Өзім соңғы кездері квадроциклге әуес болып жүрмін. «Африка эко рейс» тарихында квадроцикл мінген бірде-бір шабандоз жарысты соңына дейін жеткізе алмапты. Менің алдағы арманым – осы жарыста соңына дейін жету.

