Облыс әкімі ауыр атлетикадан күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұлға 3,5 млн. теңгенің сертификатын табыс етті — ОҚО
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Алматы қаласында ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапында 69 кг. салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған Жазира Жаппарқұл мен оның жаттықтырушысы Ню Славикті қабылдап, жеңістерімен құттықтады, деп хабарлады облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.
Спортшылармен болған кездесуде өңір басшысы мемлекеттік қодаудың арқасында талай дарынды спортшыларымыз түрлі деңгейдегі спорттық додаларда топ жарып, ел намысын қорғап жүргендігін атап өтті.
Ауыр атлетикадан әлемдік жарыста Оңтүстік аруының тұңғыш рет биік нәтиже көрсетіп отырғандығы барша қазақстандықтардың отансүйгіштік рухын асқақтатты деп бағалады.
Талантты спортшымыз бен оның жаттықтырушылары Олимпиадалық ойындарда да биіктен көрінеді деген сенім білдіріп, жүлдегер аруға 3,5 млн теңгенің, оның жаттықтырушысына 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат

