Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Оқушылардың креативтілігін арт-терапия құралдары арқылы дамыту туралы

Әлемде болып жатқан жаһандық өзгерістер жан-жақты, креативті, күнделікті өмірлік өзгерістерге тез бейімделе алатын, алдында тұрған мәселелерді шеше білетін, бәсекеге қабілетті, дамыған тұлға қалыптастыруды талап етуде.

Сондай-ақ, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының заманауи кезеңі динамикалығымен және гуманистік құндылықтарға бағытталуымен, тұлға бойында іс-әрекеттік, еңбексүйгіштік, креативтілік қабілеттерінің қалыптастыруымен ерекшеленеді. Соған орай, өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселесі өзектіленеді. Білім берудің заманауи жүйесінің алдында оқушының болашақта өмірлік стратегияларын анықтауда негізге алатын жеке шығармашылық потенциалдарын ашу мәселесі тұр. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мектепте білім беру деңгейлерінің барлығында маңызды. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі оқушылардың өзін-өзі тану сабақтарында креативтілігін дамыту.

Бүгінде креативтілік көбінесе «өзін-өзі тану» сабақтарында ақыл-ой еңбегінің үлесі мен шығармашылық шешімдердің өсуі, ерекше маңызды өзіндік таңдауда, жаңаны ашуда, білімін басқа жағдайға аударғанда, шынайы және стандартқа сай келмейтін мәселелік міндеттерді шешуде пайда болады. Осыған байланысты білім беру мекемелерінде бастауыш сынып оқушыларының креативтілігін дамыту міндеттері жеткілікті дәрежеде маңыздылығын және өзектілігін көрсетеді. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдардағы бағдарламасында көрсетілген, онда оқушылар мен жастардың жан-жақты және уақытылы шығармашылық қабілеттерін дамыту мен өзіндік оқыту дағдыларын қалыптастыру қарастырылған. Білім беру жүйесінің реформалауына сәйкес оқыту үдерісінде креативтілікті дамыту мәселесі қазіргі уақытта ерекше маңызға ие болып отыр.

Креативтілік жайлы ғылыми көзқарастар сан қилы және бір-біріне қарама-қайшы. Психологиялық және педагогикалық ғылымындағы креативтілікке арналған талдаулар жеткілікті түрде қарама-қайшылықты суреттейді, бірақ «креативтілік» ұғымы ғылыми айналымға механизмдерді және адамның шығармашылық әрекетінің заңдылықтарын зерттеуші термин ретінде енген..

Арт-терапия–біздің ғасырымыздың жемісі. Қазіргі уақытта психотерапияның маңызды салаларының бірі, ол арт-терапия болып саналады. Арт-терапия даму үстіндегі психотерапия әдістерінің жаңа түрі болып есептеледі. Теориялық және практикалық жағынан арттерапия термині шамамен XX ғасырдың 30-жылдарында пайда болды. «Аrt» ағылшын тілінен аударғанда «өнер» деген мағына білдірсе, «therapy» грек тілінде «қамқорлық» деген мағына береді. Алғаш бұл термин 1938 жылы Адриан Хиллдің санаторийде туберкулез ауруына шалдыққандардың көңіл - күйлерін сипаттау жұмысында қолданылды. Қазір Қазақстанда арт-терапия өзінің қалыптасу кезеңінде, бұл сала елімізде әлі толығымен зерттелмеген деп айтуға негіз бар. Себебі, осы салада елімізде ғылыми жұмысты айтпағанның өзінде бітіру жұмысыда жоқтың қасы.

Арт-терапиямен айналысу үлкен кәсіби дайындықты, психотерапия аймағында іргелі білімді талап ететін қиын іс - әрекет болып есептеледі. Қазіргі кезде мұндай мамандар өте аз. Осыған қарамастан арт-терапияны қолдануға деген қызығушылық өте жоғары. Арт-терапия жөніндегі білімді елімізде дәл қазіргі күнде тек қана психологтар ғана емес, сонымен қатар педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, қарт адамдар, жасөспірімдер, психикалық ауру адамдарға тағы басқа тұлғаларға көмек ретінде қолдану маңызды және қажет екендігі дәлелденуде.

Алғашқыда арт-терапия түсінігі енгізілген кезде, оны тек сырқат немесе демалыс үйіндегі емделушілерге ғана қолданған болса, кейін келе оның қолданыс шеңбері кеңейді. Бұл дегеніміз арт-терапия адамның шығармашылық жағдайын дамытып қана қоймай, оның бойындағы ресурстарының мүмкіндігін түсініп ашуғада жағдай жасайды деген сөз. Мұнда адамның шығармашылық әрекетіндегі әсемдігі емес, сол кезеңдегі басынан өткен сезімдерді, қобалжуларды бейне арқылы жеткізу болып табылады. Психоаналитикалық бағыттың негізін салушы З. Фрейд айтқандай бұл барлық уақытта оңай емес, яғни бұдан шығатын қорытынды толығымен сезімдерді жеткізе білгенде ғана, сол кезде арт-терапия өз мақсатына жетіп, тиімді болары сөзсіз.

Арт-терапия психодиагностикалық, психопрофилактикалық және психокоррекциялық қызмет атқарады. Арт-терапияның диагностикалық ерекшелігі, ол адамның психикалық қасиеті мен күйін көптеген әдіс-тәсілдері арқылы сандық сипатта бағалайды және нақты сапалық тұрғыда талдайды. Соның нәтижесінде, адам психологиясының көрінісі туралы дұрыс болжамдық мәлімет беретін ізденіс аумағы болып табылады.

Арт-терапияның психопрофилактикалық қызметі–адамның өмірінде кездесетін қиын-қыстау кезеңдердің салдарынан пайда болатын, адам психикасына кері әсер тигізетін жағымсыз психикалық жағдайларды көптеген әдіс-тәсілдердің көмегімен анықтай отырып, алдын алу болып табылады.

Ғұлама ғалым әл-Фараби: «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді және адамның басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінез- құлыққа байланысты» деп ой түйіндеген екен.

Ал өзіңді жетілдіру және бойына жақсы мінез қалыптастыру ең алдымен өзін-өзі танудан басталады. «Өзін-өзі тану» пәні болашақ ұрпақтың бойында рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адами құндылықтарды, адамгершілік іс-әрекеттер мен мұраттарды өмірлік басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Соның нәтижесінде бала өзін-өзі таниды, бағалайды, тәрбиелейді. Сондықтан да балалардың жан–жақты дамуына мән беріп, «Өзін-өзі тану» сабағында арт-терапия әдіс-тәсілдерінің элементтерін қолдану арқылы балалар шығармашылығын дамытуға мүмкіндік көп.

Осындай әдістердің бірі–арт-терапия әдісі болып табылады. Арт-терапия элементтік жаттығулары, шығармашылық әрекеті балаға өзін тануға мүмкіндік береді, өзінің қарым–қатынасын, бүкіл әлемге және айналасындағы адамдарға танытады. Бала шығармашылығы ол оның шынайы өмір көрінісі. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін.

Арт-терапия шектеусіз және психотерапияның барлық бағыттарында, педагогикада, әлеуметтік жұмыста т.б. қолданылады. Әр адам өзін, өз сезімін және өзінің жағдайын әуен, дыбыс, қимыл және сурет арқылы көрсете алады. Кейбір адамдар үшін бұл-әлемге өзі туралы өзінің шығармашыл адам екенін танытудың жалғыз ғана әдісі болып табылады. Қажет ететіндерге мұндай мүмкіндікті беру- арт-терапияның ерекшелігі.

Арт-терапия салыстырмалы жаңа түрі болса да әр түрлі саладағы мамандар арасында кеңінен қолданыс тауып отыр. Мұның бірқатар себептері бар: біріншіден, арт-терапия ол тиімді. Әсіресе, ол балалар мен жасөспірімдер арасында тиімді болады.

Осы әдісті бұрыннан қолданатын психолог М.В. Киселева ойын ойнағанда бала шындық пен қиялдың шегі қайда екенін ойланбастан барлығын шынайы қабылдайтынын және соңында не болатынын ойланбайтындығын, тек сол процестен көңіл көтеретіндігін, сол себепті бұл процесс ол үшін терапиялық болып табылатындығын атап көрсеткен. Екіншіден, көп қолжетімді тәсіл. Арт-терапия көп қаржыны қажет етпейді. Арт-терапиядан сабақ кез келген кабинетте, топпен де, жеке де өткізіледі. Үшіншіден, арт-терапия өте қызықты! Балалар өздері жасаған дүниеден рақаттану сезіміне бөленеді, олар оны беріліп жасағандықтан, көбінесе қорқыныш сезімінен, психологиялық қиыншылықтардан қалай арылғандарын байқамайда қалады. Арт - терапия дегеніміз адамның шығармашылық жағдайын дамытып қана қоймай, адамның бойындағы ресурстарының мүмкіндігін түсініп ашуға да жағдай жасайды деген сөз. Яғни, арт-терапия элементтерін дамытушы-түзетуші тренингтер кешенімен бірге байланыстыра отырып, оқу-тәрбие процесінде жүйелі түрде ұйымдастырып қолданып отырса жеке тұлғаны дамытуда үлкен жетістікке жетуге болады.

Арт-терапия - психологиялық жұмыс әдістерінің бірі. Бұл адамның интеллектуалдық, әлеуметтік, эмоциональдық және жеке дамуына жақсы өзгерістер әкелу үшін қолданылады.

Мадалиева З.Б, Садыкова Н.М. Баймолдина Л.О. (г. Алматы, КазНУ им. аль-Фараби)

0
0
187

Осы тақырып бойынша

Оқушылардың креативтілігін арт-терапия құралдары арқылы дамыту туралы - Yvision.kz