Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Оқулықтарды ғылыми орталықтарда әзірлеу мәселесінің басы ашық тұр

«Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің мәжілісінде зиялы қауым өкілдері ҚР БҒМ өкіліне осы Кеңестің 2014 жылғы 15 сәуірдегі мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың сапасы жақсарту жөніндегі отырысында айтылған ұсыныстардың орындалу барысына қанағаттанбайтындықтарын және министрліктің басшылыққа алып отырған оқулықтарды бәсекелестік ортада әзірлеу үдерісіне сын көзімен қарайтындарын жеткізді.



 

Олардың айтуынша, ел болашағы үшін аса маңызды ағартушылық және идеологиялық тетікке қатысты мұндай үстірт ұстаным құзырлы органдардың немқұрайдылығы мен жауапкершіліктен қашуын көрсетеді.

«Оқу құралдары АҚШ пен Ресейде, Сингапурда бәсекелестік ортада жасалады. Біз де сөйтуіміз керек» дейді. Ресейде олай емес. Тіптен, әлемдік технократияның жетегінде келе жатқан Қытайда да олай емес. Біздің былтырғы жылы ұсынған «Бір оқулық, бір ел» жөніндегі ұсынысымыз осыған байланысты еді. Ашығын айтқанда, бәсекелестік ортаға тастау дегеніміз, «елді сауатсыздандыру» деген сөз. Ол жерде жеңіп шығатындардың қатары белгілі», - деді Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының Президенті Бекболат Тілеухан.

Өнер қайраткері өз сөзінде еліміздегі бәсекелестік қабілеті жоғары саналатын баспалардың бірінен шыққан мектеп оқушыларына арналған кітапта айтысқа қатысты жалған анықтама берілгенін мысал ете отырып, мұндай деректердің көптігін және «рухани диверсия» деп бағалануы керектігін айтты.

«Бәскелестік ортаның аяғы не? Бұл ешкімнің жауапкершілікті мойынына алмауы: «Ортаға салды. Тендерден жеңіп алды». Бұл жерде ұтқандар да, министрлік те жауап бермейді. Өйткені, сондай ереже жасап қойған», - деп ойын жалғады ол.

 

 

Өз кезегінде, бәсекелестік ортаның артықшылығы ретінде айтылатын дәйек –

оқулықтардың көрнекілігін ғылыми орталықтардың жоғары сапада шығара алмайтындығы жөніндегі уәжге қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев сынды тұлғалар өзіндік пікірлерін білдіріп, сәнінен бұрын мәнінің маңыздылығын, яғни, кітап мазмұнының бірінші кезектегі мәселе екендігін алға тартты.

«Көрнекілік дегеніміз техникалық мәселе, мазмұны дұрыс болмаса оның әдемілігі кімге керек?», - деп сұрау тастады зиялылар. Яғни, кітаптарды жүз жерден әспеттеп айшықтағанмен, ішкі мәтіні жағынан ақсап тұрса, қатеге толы болатын болса, онда бүкіл істің зая болғаны.

Бұл ретте, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин тақырыптың өзектілігіне орай оны алдағы уақытта жеке бір отырысқа негіз етуге ұсыныс жасады. Өйткені, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы іс-шараларын атап өтумен қатар, былтырғы жылдың бастамасы ретінде қарастырылып отырған бұл мәселе кең ауқымда талқылауды және шешім қабылдайтын деңгейдегі тұлғалардың көптеп қатысуын талап етеді.

«Бұл өте күрделі де іргелі мәселе. Ұлттың, ұрпақтың тағдыры шешілгелі тұр. Соны тиесілі институттар, ғылыми орталықтардың құзырына беру мәселесін қарау керек», - деп атап өтті Н.Оразалин.

Айта кетейік, Кеңестің қорытындысында Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Тұңғышбай Жаманқұлов, Айман Мұсаходжаева бастаған тағы қаншама зиялы қауым өкілдері әріптестерінің аталмыш ойларын құптай отырып, қазіргі таңдағы күн тәртібіндегі өзекті мәселе – ҚХА-ның 2015 жылы Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамаcына қолдау білдіретіндерін мәлімдеді. Бұдан бөлек, «Мираc» қоғамдық кеңесі құрамы жаңа мүшелермен толықты. Жаңадан қосылған азаматтардың арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров, Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі, сондай-ақ, белгілі меценат, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов бар.

Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі нұротандық зиялылардың күш салуымен 2010 жылы құрылған болатын. Бүгінде Кеңес танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы бойынша ұсынымдар әзірлейтін беделді алаң болып табылады.

0
0
447

Осы тақырып бойынша