Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұловқа ҰСЫНЫС-ХАТ
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұловқа
Жер мәселелері бойынша жұмысшы топтың мүшесі,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Ө. Шыныбекұлынан
ҰСЫНЫС-ХАТ
Ералиев ауылындағы жанжал туралы түрлі дереккөзден там-тұмдап біраз материал жидық. Әлі анықтай түсетін ақпараттар да жеткілікті..
Бір анығы...
Еліміздегі кез келген диаспора өкілінің автохтон ұлт - қазақ халқының өкіліне қарсы жасаған зорлық-зомбылығы мен тұрмыстық кикілжіңіне басқаша реңк беріп, ұлтаралық жанжалға айналдыруға немесе солай көрсетуге тырысатындар қашанда табылады.
Әсіресе, мұндай жағдайлар экономикалық дағдарыс кездерінде қауіпті.
1. Сондай жағдайдың алдын алу үшін ҚХА, диаспоралардың мәдени орталықтары мен зиялы қауым өкілдері өз туғандарының санасына жердің иесі қазақ екенін жастайынан сіңіру керек.
Қазақстанның барлық естияр тұрғыны мойындауға тиісті бір шындық бар.
Қазақстанда қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсармай, өзге ұлттардың ішкендері бойларына сіңуі қиын екенін терең ұғынулары тиіс..
2. Өз кезегінде қазақ жастарының санасына мемлекетіміз бен еліміз өркендеп-өсуі де, өшуі (беті аулақ) де өз қолдарында екенін, қазақ халқының Қазақстаннан басқа Отаны жоқ екендігін, сондықтан еліміздегі тыныштық ең алдымен қазақ халқына керектігін, тұрмыстық жанжалға ұлтаралық реңк беруден тек өзіміз ғана ұтылатынымызды ұғындыруымыз қажет. Керісінше, диаспора өкілдері жанжалдасып жатса, оларға басу айтып, шаңырақтың иесі қазақ халқы екендігін сездіріп тұруымыз керек.
3. Ал, Маятас (2006 ж.), 2015 ж. ақпан айында болған Сарыағаш жанжалдарының алғы шарттарының жасалуына белгілі бір деңгейде мемлекеттік органдардың қызметкерлері де себепші болған еді. Оның өзі арнайы зерттеуді қажет етеді.
Өткен жылғы Сарыағаш оқиғаларынан сабақ алмадық.
Жауырды тағы жаба тоқымай, осы жолы объективті зерттеу жүргізілуі тиіс.
А). Ең алдымен, аудандағы мемлекеттік органдардың (жер бөлу, білім саласы, кадр саясаты, құқық қорғау-сот) жұмысы жіті тексерілуі тиіс.
Қазақтар тәжіктерге неліктен өшікті екен?
Келіп түскен ақпараттарға қарағанда тәжіктер қазақтарға қарағанда бақуаттау тұратын көрінеді.
Тәжік ұлтының еңбекқорлығына шүбәмыз жоқ. Бірақ Мырзашөлдің қазағын да ешкім жалқау деп айта алмайды.
Өткен жылы жанжал болған Сарыағашта да жағдай сондай еді.
1. Оны анықтау үшін прокуратура таяу жылдарда ауданда тәжік ұлтының қатысуымен болған қылмыстық істерді көтеруі керек. Сол істердің соңғы шешімі қалай болды екен?
2. Жер телімі мен жеңілдетілген ауылшаруашылық субсидиялардың бөлінуін тексеруі керек. Егер солақай шешімдер қабылданған болса, жауапты қызметкерлер қатаң жазаға тартылуы керек. Осылар анықталмай жағдайды тұрақтанды деп айтуға болмайды. Іштей бықси береді де, қолайлы сәт туғанда қайта лап ете қалады.
Ә). Ұлттық мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарының жағдайы кешенді түрде терең зерттеліп (тексеріліп емес), мектеп басшылары мен тарих пәнінің мұғалімдерін шұғыл түрде қайта даярлықтан өткізу керек.
Б). Рас-өтірігін білмеймін, былтыр Сарыағаш оқиғалары кезінде 2011 жылға дейін тәжік тілінде Қазақстан тарихы оқулығы болмағандықтан, тәжік мектептерінде Тәжікстан тарихы оқытылыпты деген сыбыс шықты.. Ұлттық мектептерді Қазақстан тарихы, География, Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті секілді оқулықтармен толық жәнге тегін қамтамасыз ету.
Әрбір ұлттық мектептен міндетті түрде қазақ сыныптарын ашу.
В). Бәріңізге белгілі, қазір әрбір әулет, ауыл, аудан ғана емес, диаспоралар да өз тарихын жаздырып, пәленбай тиражбен шығартып тастады.
Ол кітаптарды кім жазды, не жазды, оны тексеріп жатқан пенде жоқ.
Сондай кітаптардың арқасында жаңадан бір "батырлар", "билер", "әулиелер" шығып жатыр.
Мектеп, ауыл, аудан кітапханаларында тұрған сондай кітаптардың бір-бір данасын алдырып, тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар жіті тексеруі қажет!
Г). Өңірімізді мекендейтін диаспоралар арасында 1989 – 2014 жылдар арасында ең үлкен демографиялық өсімді өзбек пен тәжік этностары берген.
Мысалы, 1989 жылы облыстағы өзбек халқының саны 285042 адамды құраса, 2014 ж. ол көрсеткіш 456 459 адамға жеткен. Ал тәжіктер 1989 ж. 19593 адам болса, 2014 ж. 33530 адамға жеткен.
Аталған этностар негізінен өңіріміздегі халықтың тығыздығы аса жоғары Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында шоғырланған.
Сондықтан, тұрғындарды солтүстікке қоныстандыру аясында аталған этнос өкілдері арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, оларды солтүстік өңірлерге қоныстандыруды бастауымыз керек.
Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы бойынша Солтүстік облыстардағы ЖОО-а білім алу үшін өзбек, тәжік жастарына грант бөлуді ойластыру қажет.
Ал, дәл қазір жағдайды реттеу үшін облысымызда жер мәселелері бойынша құрылған жұмысшы топты пайдалануымыз керек.
Себебі, құрамына беделді қоғам белсенділері топ өзі құрылған аз ғана уақыт ішінде бірнеше аудандарда кездесу өткізді. Ол жиындарға облысымыздың барлық аудандарының өкілдері қатысып, жерге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жұмыс барысында топтың құрамына кірген облыстық әкімдіктің департамент басшылары С.Әбдіқұлов пен Б.Төлеген өз кәсіби шеберліктерін көрсете алды.
Ең бастысы, жер мәселелері бойынша құрылған жұмысшы топ мамыр айында елді шеруге шақырған белсенді азаматтарымызды сендіре алды.
Енді осы жұмысшы топты кеңейтіп, тұрақты топ етіп қайта құру қажет.
Топтың құрамына облыс прокуроры мен ІІД бастығының орынбасарлары мен Облыстық Білім Басқармасының басшысын кіргізу қажет.
Сосын топтың жұмыс жоспарын жасап, әр аптаның бір күнін бір ауданда жиын өткізуге белгілеу керек.
Ол жиындарда қаралатын мәселелерге шектеу қоюдың қажеті жоқ. Тұрғындарға өз ұсыныс- пікірлерін алаң мен көшеде емес, залда айтуға мүмкіндік жасауымыз қажет.
Ал, топқа жетекшілік етуді өңірдегі жағдайды жақсы білетін, осы салада үлкен тәжірибесі бар азамат – Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков мырзаға тапсырған жөн.
Осылай етсек, қана біз қалт-құлт етіп тұрған ішкі тұрақтылықты сақтай аламыз..
3 тамыз 2016 ж.
