Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Оңайдың» жолы ауыр

Жақында бір досымның Алматыда жыл басынан бері қолданылып жүрген Оңай бірегей көлік картасы туралы Фейсбуктегі жазбасын көріп, ақыры өз ойымды білдіргім келді.

Осы картаны қолданып жүрген алматылықтар мені түсінетін шығар, үндемесең тағы болмайды, өйткені кейде өзіңді әлдебіреудің қала тұрғындарына қатысты шала жоспарланып іске асырылған сынақ тәжірибесінің еріксіз қатысушысы ретінде сезінесің...

Оңайды жарты жылдан артық уақыт қолданып жүрмін – өзіме ұнайды, өте ыңғайлы. Шетелде болғам, өзге елдің метро, автобус және басқа да қоғамдық көлік түрлерінде пайдаланылатын төлем әдістерінен хабардармын.

Алайда, туған қаламда биыл енгізілген аталған жаңа жүйені ескілік пен жаңалықтың бір қисынсыз туындысы десе болады – ескі әдіс-амалдардан дұрыс құтыла алмағандығымыз өз алдына, жаңалықтың ойдағыдай қызығына қол жеткізу бір әурешілік болды.

Бастапқыда Оңайдан басқа төлем құралдарын қабылдамады емес пе, бұрынғыдай қолма-қол 80 теңге төлеп жүруге тыйым салынды. Сол 80 теңгелік жолақыны төлеу үшін үстіне 320 теңге қосып, 400 теңгеге Оңайды сатып алуға тура келді.

Картаны алмасқа болмайды, қажет болады деп шештім. Енді сол картаны іздеп табудың өзі бір қиындық тудырды – бір мезгілде іздесең таптырмайтын тауарға айналған сияқты. Ақыры алдым, оған ақша салып, пайдаланатын болдым, үйреніп кеттім.

Кейін қоғамдық көлік жүргізушісіне ақша төлеп, билет алып жүруге рұқсат берілді. Біраз адамға Оңай керек емес, олар біржолғы ақысын қолма-қол төлеп, керек жеріне жетіп алғысы келетіндер, қоғамдық көлікті күнделікті қолданбайтындар. Алғашқыда картасы жоқ осындай жолаушыларды көліктен түсіріп тастайтын.

Ал жақында автобустар мен троллейбустарға кондукторлар қайтып келді. Көп адам аппараттан гөрі кондукторға үйренген сияқты, оның үстіне Оңай аппаратының оған ақшасы жеткіліксіз не мүлде «бос» картаны жақындатқан кезде бір қатты жағымсыз дыбыс шығарып, адамды ұялтатыны бар ғой. Кейбір бағыттарда олар кейде жұмыс істемей қалады немесе оларды әдейі өшіріп тастайды дегенді естігенім бар.

Кондукторларға қоса бағыт бойында жасыл жилет киген, қолдарында шағын терминалдары бар қызметкерлер де бірнеше рет кіріп, билет-карталарымызды тексеріп тұрады.

Осының бәрін өз көзіңмен көргенде, жаңа жүйенің қоғамдық көлік қызметі үшін төлемдер жасаудың ескі «сенімсіз, қолайсыз» тәртібін өзгерту, оңтайландыру, жағдайды жақсарту деген ниетпен жасалғандығына сену қиын, шын ғой – қалай сенесің?

Сөйтсе де, өз картамды тастамаймын, ол өзіме ұнайды, жақсы жасалған, дизайны көрікті, сары түсі көзге тартымды, көлікте тіпті қажет болмай қалса, оны кітап оқығанда беттердің арасына салып қоятын белгі ретінде пайдаланса болады. Оңай деп осыны айт…

0
0
422

Осы тақырып бойынша

«Оңайдың» жолы ауыр - Yvision.kz