Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ninety One - заманауи Қазақстанның мәдени елшілері

Interview in English - https://yvision.kz/post/814308

Интервью на русском языке - https://yvision.kz/post/814309

Аслыны белсенді EagleZ, адал Закфан ретінде таныйтын едім. Онымен бұрыннан бері әңгімелескім келіп жүрген еді, жігіттердің Түркиядағы концертінен кейін қызығушылығым арта түсті. Аслының шетелдік қырандардың басын қосып, оларды қолдап жүрген белсенділігін байқап, сұхбат алудың уақыты келгенін түсіндім. Менің қуанышыма Аслы да әңгімелесуге қарсы болған жоқ, осылай бұл сұхбат пайда болды. Әңгіме барысында уақыттың қалай зымырап өткенін сезбей қалдық, көптеген тақырыптарды қозғап, талқыладық. Сізге де сұхбат қызық болады деп үміттенемін.

Аслы, танысқаныма қуаныштымын. Ең басынан бастайықшы. Ninety One туралы қайдан, қалай естідіңіз?

Шынымды айтсам, бәрі де кездейсоқ болды. 2017 жылдың маусым айында мен YouTube’те видеолар қарап отырып, Димаштың видеосын байқап қалдым. Қызығып видео-реакцияларды қарамақшы болдым, осылай Ninety One’ды бірінші рет көрдім. Қатты таңқалдым. Шыны керек, біз, түріктер, Батыстың адамдарды бізден қалада түйемен жүресіңдер ме деген сұрағына ашуланамыз. Менде басқа елдер жайлы осыған ұқсас нанымдар барын түсіндім. Қазақстан жайлы білімім тарихи кітаптарда жазылғанмен шектелген еді, заманауи Қазақстан қандай екендігі жайлы мүлдем білмеген екенмін. Осындайды күтпеген едім, кейін өзімнің сол ойларым үшін қатты ұялдым. Сондықтан мен Ninety One’ды заманауи Қазақстанның мәдени елшілері деп қабылдаймын. Олар Отаны үшін басқа көптеген адамдарға қарағанда көбірек іс атқарады.

Қалайша EagleZ болдыңыз?

Жігіттерді бірінші рет көргеннен-ақ бірден EagleZ болдым. Бірақ сол сәтте соны түсінбедім. Мен фандом дегеніміз не, фандомның аты қандай, тіпті «биас» сөзінің мағынасын білмеген едім (күлді). Сол уақытта қиын кезеңді бастан кешіргенмін, Ninety One’нан басқа ештеңеге бос уақыт мүлдем болған жоқ. Олардың таба алған барлық әндерін тоқтамастан тыңдайтын едім. Әр жаңа әнмен жігіттерді өзім үшін жаңадан ашатынмын. Кейін Эмидің @iheart91 видео-реакцияларын көріп қалдым. Оның видеолары мен сияқты ұялшақ адам үшін өте ерекше болды.

Мен де Эмидің видео-реакцияларын қарайтын едім. Мен EagleZ бола бастағанымда, Эми фандомда еді. Сондағы ойларым есімде “Вау, ол айтарлықтай алыс тұрса да, қазақ музыкасын тыңдайды”. Сол үшін мақтаныш сезетінмін.

Мен де. Кейін Facebook’те Қуатты @bykuat кездестірдім, оны інім деп атай аламын. Ол маған көп көмектесті, қазақ әдет-ғұрыптарын, қазақ тілі жайлы әртүрлі ақпаратты түсіндірді. Осылай Ninety One әлеміне еңіп EagleZ атандым. Оларды бірден ұнаттым, бірінші минуттан-ақ Ninety One әлеміне батып кеттім.

Ninety One’ның әр әні сіз үшін жаңалық болды дедіңіз. Өзіңіздің хит-шеруіңіз бар ма? Сізге ең ұнайтын әндер мен бейнебаяндарды атаңызшы.

Бірінші рет естігенімнен-ақ «Ля» менің ең сүйікті әніме айналды. Ашуланып, көңілім босап тұрғанда осындай «Ля» сияқты әндер стрессті жеңуге көмектеседі. Мен рэп пен рэпперлерді жақсы көремін, ZaQ пен AZ ортақ туындысын есту керемет.

Екінші орында «Su asty». Маған әннің мәтіні ұнайды, жігіттердің хейтерлерге жауап беруі күшті шыққан.

Сонымен қатар, «Mooz»-ды ұнатамын. Жоқ шекаралар, ол миыңдағы мекендерде бар тек. Біздің буын жаңа және өзгеше нәрселерге жоқ деумен өсті. Өзімнің армандарымды жүзеге асырмағандықтан ішімде өкініш болды. Адамдар жаңа және үйреншікті емес нәрселерден қорқады, сондықтан да өз саналары мен жүректерін жауып тастайды. Бұл ән маған мотивация береді.

Сіз айтқан барлық әндерде ZaQ’тың партиялары ерекше және өте маңызды. Сіздің биасыңыз ZaQ екенін білемін, сонымен неге ол?

Неге болмасқа? Айтайын дегенім, одан басқа кім болмақ?! Оның сырт келбеті сүйкімді. Бет-әлпеті ерекше – көздері мен бетіндегі ойықшалары әдемі. Ол сан қилы – жас болса да, дана, дене пішімі ірі болмаса да, ер тұлғалы және де ол бір уақытта суық және жалынды бола алады (ұялып қалды).

Тұлғалық қасиеттері мен көзқарасы жайлы айтатын болсам, дәл жүрегіме тиді. Маған терең ойлы адамдар ұнайды, ZaQ сөзсіз солардың бірі. Мен оның тіл байлығына, ана тілін бүкіл әлемге көрсеткісі келетін құштарлығына, сөздерді құрастырып, сені баурап алатын сиқыр жасайтынына таңдана қараймын. Өзің айтпақшы ол рэптың Құдайы. Оның рэпты оқуы өзінен де тез сияқты (күлді). Оның өзіндік ерекше әлемі бар, маған сол әлемді оның мәтіндері арқылы зерттеген ұнайды.

Сүю оңай, өйткені ол әрекет ешқандай себепті қажет етпейді. Сен адамды сүйесің немесе сүймейсің. Ал адамды құрметтеу үшін сол адамда бір ерекшелік көру керексің. Мен ZaQ’ты құрметтеймін.

Осындай керемет түсіндіру үшін көп рақмет! Сөздеріңіз майдай жақты. Мен де ZaQ’тың үлкен фанатымын.

Жігіттерді Кемерде көргендегі әсеріңіз жайлы айтып бересіз бе? Сол концертке бірнеше түрік EagleZ барғанын білемін. Қызық оқиғалар болды ма?

3 шілде күні әлі есімде, Instagram’да бәрі маған жігіттердің Түркияға келе жатқаны жайлы жаңалықты жібере бастады. Толқып, қуанғанымнан жылап та жібердім. Арманымды орындауға көптеген адам көмектесті. Жаңалықты білген сәттен-ақ жігіттер келетін қонақ үйге хабарласа бастадым, бірақ маған ешкім толықтай ақпарат бере алмады. Кейін клиенттермен жұмыс істеу қызметі маған Мендерес Бейдің контактілерін берді. Ол ұйымдастырушылардың өкілі еді. Сол кісі бізге көп көмектесті.

Мендерес Бей маған қонақ үйге келіп, жігіттерді қарсы ала аласың дегенде қуанышым қойныма симай, мәз болдым. Жігіттерді қонақ үйде күткенде толқып тұрдық. Жігіттер автобустан шыққанда олардың бет-әлпетіне таңқалдым. Фото-видео мен ТВ арқылы біз олардың тартымдылықтарының кішкентай бөлігін ғана көре аламыз. Олар өте сымбатты жігіттер. Кешке концерт барысында жігіттердің энергиясы мен кішіпейілдігіне ғашық болдым. Әсіресе Alem мен ZaQ жүрегімді қайтадан жаулап алды. Сен сол кеште түсірілген видео мен фанкамдарды көрген шығарсың, бірақ мен жігітердің өзінен де бірдеңе күтемін. Түркияда болу олар үшін қалай болды екен, осыны олардың көзімен көргім келеді.

Қызық оқиға дегенде, есіме бір сүйкімді оқиға түсті. Фан-кездесуден кейін кенеттен жаныма Асе жүгіріп келді, құлаққабымды сұрады да, рақметін айтып, сахнаға жүгіріп кетті. Осы сәтті сүйкімді оқиға деп есте сақтап қаламын.

Асе сондай Асе=) Ол өте сүйкімді және ақкөңіл. Кейін құлаққапты қайтарды ма?

Жоқ, онда хаос болып кетті, фанаттар әрі-бері жүре бастады. Ол қайтарғысы келсе де, мен қабылдамас едім. Мен үшін қызық оқиға болды, солай есте сақтап қалғым келеді.

Концертке қанша түрік EagleZ қатысты?

Онға жуық. Шынымды айтсам, түрік EagleZ’дың көбі жігіттердің Түркияға келетінін де білген жоқ. Кейбір EagleZ жас болғандықтан ата-атаналарысыз Кемерге келе алмады. Сол қырандар Ninety One’ға арнап хат пен тілектер жазды. Мен сол хаттарды принтерден шығарып, жігіттерге фан-кездесу кезінде табыстадым. Сол хаттар мен тілектер өте сүйкімді болды, кейбіреуі мені елжіретіп жіберсе, кейбіреуін оқып, күлдім.

Сол хаттар есімде. Жігіттер хаттарды оқып отырған фотоны Twitter’ге салды ғой.

Сіз концертке келе алмаған EagleZ’дарға көмектесіп, хаттарын Ninety One’ға табыстадыңыз. Сонымен қатар, сіз шетелдік EagleZ’дарды әрқашан қолдап жүресіз. Шетелдік EagleZ’дарды қолдап, оларға көмектесіп жүретініңіз үшін сізге үлкен алғысымды білдіремін. Ол үлкен іс қой! Осы белсенділік жайлы не айта аласыз?

Шетелдік EagleZ жайлы айтатыным көп, сонымен қатар, ризашылығымды білдіретін адам да баршылық. Ninety One’ды жаңадан таңып келе жатқанда, олар жайлы көбірек ақпарат білгім келді, бірақ ағылшын тілінде сондай ақпарат табу өте қиын болды. Аударманы әрең дегенде тапқан уақытта өзімді айтылған қалжыңға бірнеше күннен кейін күлгендей сездім. Мүлдем қызық емес.

Сол кезде Instagram’да ағылшын тілінде ақпараты бар парақшаларды таба алмай, өзімді жалғыз сездім. Фото мен видеоларды көріп, не болып жатқанын түсінбей отырдым. Кейін сен, @xci_facts, @91_international, @qpop_generation_tv және достарым Диди мен Әлима сияқты адамдар ақпаратты шетелдік EagleZ үшін ағылшын тіліне аударып, бәрін түсіндіре бастады. Осы адамдарға қаншалықты риза екенімді түсіндіре алмаймын. Тілге байланысты қиыншылықтар өте жағымсыз нәрсе. Өкінішке орай, бәрін түсініп, тілді жетік білетіндей үйрену уақыт тапшылығына байланысты бәріміздің қолымыздан келе бермейді. Сондықтан да қазақ EagleZ’дарына айтар өтінішім бар - көбірек фан-парақшалар ақпаратты ағылшын тілінде де жарияласа, біз риза болар едік. Ең болмаса, қазақ тілінде жазыңызшы, құрбым Саадет @91ninetyone.tr кішкене қазақша түсінеді, сондықтан аударып бере алады.

Шыны керек, мен адал EagleZ болсам да, парқшам фан-парақша емес. Қазіргі менің ең негізгі мақсатым – шетелдік EagleZ’дарды бірге жинап, оларды өзара таныстырып, ағылшынша ақпарат табуда демеу көрсету. Өзім осының бәрін бастан кешірген соң, олардың уайымын түсінемін. Қазір шетелдік EagleZ үшін ағылшын тілді екі чатты жүргіземін – біреуі Instagram’да, ал екіншісі Twitter’де.

Осы істің ең керемет жағы – фанаттардың өзара араласып, тек Ninety One туралы ғана емес, сонымен қатар, бірін-бірі жайлы жаңа ақпарат білуі. Мен нағыз қазақтар қандай болуы керек, қазақ қоғамына не тән деген орынсыз сөздердің куәгері болдым, осының бәрінің бізге де қатысы бар. Адамдардың басқа елдер жайлы білімі БАҚ-та көрсетілгенмен ғана шектеледі. Әлеуметтік желіде араласу шекараларды бұзып, бірін-бірі жайлы таптаурындарды жоюға көмектеседі.

Сондықтан барша EagleZ қауымына өтінішім бар - бір-бірімізді қолдап жүрейік, әсіресе шетелдік EagleZ’дарды қолдап, демеу көрсетейік. Осындай қолдау шетелдік EagleZ’дарға фанат болу жолында шабыт пен мотивация береді.

Алматыдағы концерттің алдында өткен пресс конференцияда жігіттер Q-Pop толқынын басқа елдерге де ұлғайтқылары келетінін, сол үшін белгілі қадамдар жоспарлап жатқандарын айтты. Осыған орай айтар кеңестеріңіз бар ма?

Мен сарапшы емеспін, бірақ жігіттердің Түркияға сапарынан алған тәжиребем жайлы айтайын. Біріншіден, жарнама жағы әлсіздеу болды. Мен негізгі аудитория – сол қонақ үйдегі демалушылар болғанын түсінемін, алайда көптеген түрік EagleZ бұл концертке барғылары келгенін айтып кеткім келеді. Олар концерт болатыны жайлы естімеді де, мен Instagram’да болмасам, мен де естімер едім.

Екіншіден, олар саладағы маңызды адамдармен хабардар болуы керек деп ойлаймын. Мысалы, Түркияда түрік музыкасымен қатар Орталық Азия елдерінің, түркітілдес елдерінің музыкасын да ойнататын ТВ канал бар. Қазіргі таңда Түркияда Орталық Азия елдерінің музыкасына қызығушылық пайда болуда. Осы канал сияқты басқа каналдар да Ninety One жайлы репортаж, хабарламалар жасаса керемет болар еді. Біз құрбым Саадет екеуміз сол каналмен хабарласуға тырыстық, бірақ сәті түспеді.

Үшіншіден, YouTube’те шетелдік видео-реакциялар мен аударылған видеоларды бұғаттау маркетинг тұрғыдан дұрыс емес деп ойлаймын. Көптеген видеолар құқық иелерінің ережелері үшін бұғатталып қалған. Бұл видеолар Ninety One’ды, олардың әсем музыкасын жарнамалауда көмектесер еді. Мен олар жайлы осындай видео арқылы білдім ғой.

Қазір шетелдік сахнаға шығу үшін керемет уақыт, сол үшін олар ауқымды дүние жасап, өздерін белсенді түрде жарнамалау керек.

Аслы, қызық сұқбат пен бөлген уақытыңыз үшін көп рақмет! Соңғы сұрағым қалды. Ninety One’ға қандай тілек айтар едіңіз?

Мен оларды жақсы көремін, құрметтеймін дегім келеді. Өмірімді жақсы мағынада астын-үстіне шығарғандары үшін алғысым шексіз. Олар басымдағы шектеулерді жойып, көзқарасымды кеңейтіп, бүкіл әлемнен әртүрлі адамдарды кездестіріп, бақыттырақ адам болуға көмектесті. Сонымен қатар, өз-өзімді тауып, өз жолымда ары қарай жүріп, өзімді қабылдауға шабыт берді.

Адамдар сендерден әртүрлі тұрғыдан үлгі ала алады.

Бір-біріңді әрқашан қолдап, жайнап жүріңіздер, бақытты болыңыздар!

Сұхбатты дайындаған Жұлдыз (@qisyqdongelek)

0
2
2351

Осы тақырып бойынша

Ninety One - заманауи Қазақстанның мәдени елшілері - Yvision.kz