Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ninety one тобының жаңашылдығы туралы ой өрбіту

Бисмилляхи-Рахмани-Рахим

Ассалаумағалейкум қазақ елі! Біздің бүгінгі әңгімеміз халық арасында тартымдылығы басым жұртшылықты би алаңына елітіп алып кететін билеуге ыңғайлы ән мен музыканың синтезі болып табылатын бағыт жанрларының қазақ арасына таралуы жөнінде болмақ. Ойды өрбітетін әлемдік және отандық мәдениет тарихы пәнінің оқытушысы, мәдениеттанушы Ақылбай Өсербайұлы.

1991 жыл еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, халқымыздың құндылықтары жаңғырып, мәдениетіміздің еркіндігін көксеген ұлтымыз уақыт пен кеңістік аясын қандай өнер үлгілерімен толықтыру қажет деген өзекті сұраққа жауап іздей бастады. Әрине, бірінші кезекте халқымыздың ешбір қаржылық шығынды қажет етпейтін дәстүрлі мәдениетімізді қазанға салып жібердік, ол – біздің түсінігімізде Наурыз мерекесінде тігілетін киіз үй, ғасырлар бойы ел аузында сақталған фольклор, халық ақындары мен жыршы, сал-серілердің, билердің жырлары мен айтқандары. Халық керегін алды, әсіресе ақсақалдар, үлкендер «Еее, солай болған екен ғой, былай болған екен ғой» деп таңқалды... Жас буын қамтылған жоқ, олар Ласковый майға билеп жүрді. Көпшілік алдында, жұршылықтың алдында халық әндері айтылып, науқанды түрде құндылықтар таралып жатты. Қазақша биге лайықталған ән өте аз, мерекеге тігілген киіз үйдің маңында әртүрлі елдердің музыкасына билеп, соның арасында лек-легімен келіп жатқан Ресейдің поп музыкасы қабаттасумен болды, қайтеміз... түсінікті жағдай. Осымен тоқтай тұрып негізгі әңгімемізге бұрылайық.

Мен ежелден бастамай-ақ қояйын, ғылыми зерттеу жасап уақыттарыңды алмаймын. Темірбек Жүргенов аталарымыздан бастап шолу жасап алайық. Кешегі екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында ғасырлар бойы өнеріміздің табиғи эволюциялық өрісін сахналандыру басталып кетті, яғни сахнаға лайықтау нәтижесінде қазақ операсы, қазақ оркестрі пайда болды, қазақ күйлері мен әндерін А.В. Затаевич нотаға түсіріп, Ахмет Жұбанов сынды аталарымыз күйлерді оркестрге бейімдеп партитуралар  жазды, халық арасынан шыққан орындаушылар Күләш Бәйсейітова, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков сынды табиғатынан тума таланттар өз өнерлерін ортаға салып жұртшылық алдында танымал бола бастады, бұл – бір.

Осы халық әндері әуелден ұмытылмай халық аузында сақталып келгендіктен бе, әлде халықтың болмысы солай ма, соғыстан кейінгі кезеңдерде үлкен әжелеріміз дастархан басында татар-ноғай әндерін айтуға құмар болатын, кейінгі буындары тың игеруге келгендердің әсері ме, жер ауған халықтардың әсері ме орыс, украин әндерін айтып жүрді десе болады, әрине қазақ ауылдарындағы алты ауыз ұмытылып қалды деген сөз емес. Соның ішінде соңғысына тоқталайық, соғысқа дейінгі немесе соғыс  уақытында шыққан орыс әндері вальс билеуге ыңғайлы болып мәдениет үйлерінде кең таралып халық санасына сіңіріле бастады. Би алаңдарына барғысы келіп тұратын әжелеріміз домбырамен айтылатын қазақ әндеріне ыстық ықыласы басыла бастаған уақыт болды десек артық болмас. Мәдениет үйлері, би алаңдары Штраустың екпінін қалап тұрды, ал ескілікті, шапшаңдықты қалайтындар орыстың частушкасымен қыр көрсетіп қоятын. Міне, тарихтың осы мезеттерінде композиторлар Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов сынды ағаларымыз Штраустың аяқ алысын қазақ әнінің табиғатымен туыстастырып жіберді. Вальс ырғағымен қазақша билеуді білмеймін, бірақ жаңаша ырғақпен қазақша ән айту кеңінен таралып кетті. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова мың құбылтып қазақ тілінде орындаған әндерді халық сүйіп тыңдады. Жаңа ырғаққа жаны құмар емес адам қалмады десек артық айтқандық болмас.

1960 жылдар мен 70-жылдарда Америка мен Ұлыбританияда «Роккен Ролл» жанры мен «Битлз» поп стилінің ырғақтарына бой тартып кеткен кеңестік кезеңдегі вокалды инструменталдық ансамбльдер легімен келген орыс әндеріне бәсекелесетін қазақша өнер туындыларының  заңды қажеттілігі туындады. Ол уақытты көзіммен көрдім деп айта алмаймын, менің білетінім «Гүлдер», «Дос-Мұқасан» «Арай» тағы басқа ән-би эстрадалық ансамбльдеріндей топтар жастарды би алаңдарына тартты. Бұл – заңды қажеттілік, заңды сұраныстың орындалуы. Осы жоғарыда аталған «Штраус», «Роккен Ролл», «Битлз» ырғақтарына еліктеген қазақша әндермен қоса Қазақ фольклоры да қапталдасып дамып отырды. Бұрын соңды әнші, домбырашы жігіттер әнді жеке-дара айтатын. Алтынбек Қоразбаев ағамыз бастаған «Тараз» триосы көпшіліктің сүйіспеншілігін тудырған, трио болып ән айту ғұрпы өмірге келді. Есімде, Алтынбек ағамыздың бастамасын ұстанып халық өнерін насихаттаушылар қатары баршылық болды.

Осы қарқынмен Кеңес Одағы құлдырап, идеология механизмдері таттанып біткен уақытқа келейік. Жаңа құбылыстар кезеңі, бәрін атамай-ақ, ең дегендеріне келсек, Батыстан «Modern Talking» сынды, Ресейден «Ласковый май» тәрізді саналы болмысымызды билеп алған, танымал еркіндікке бағыт ұстанған музыка үлгілері жас буынның есіл-дертін өзінің уысына түсіріп тұрған кезеңде, арамыздан қандай шығармашыл жандар шығар екен деп аңырып тұрғанда,  композиторлар Бейбіт Оралұлы, Марат Ілиясов, Марат Омаровтардың дәуірі келді. Халық арасына еркін таралған ән үлгілерін насихаттаушылар Дәрібаевтар отбасы, Өктем Алтаев сынды және Үнді фильмдерінде айтылатын әндерді, Итальяндық әндерді т.б. қазақшаға аударған өнерпаздар халықты қазақ тіліндегі әндік үлгілерге тартты. Мақпал Жүнісова, Жанар Айжанова домбыраның күмбіріне өздерінің адам көкірегін ән ұялата алатын  үндерін қосып, халықты қазақ өнеріне шақырды. Жаңашыл Алтынбек ағамыз қайта жаңғыртып, «Қара кемпір», «Қара шал» әндерімен халықтың мұңын суреттеді. Кейбір өнер адамдары өздерінің ән шығарып, ән айтқанын жаңашылдық деп түсінуі мүмкін. Ал бұл әңгіменің мақсаты – басқа елдерден келіп, әуестігімізді билеп алған ән айтудың жаңаша құбылыстарымен иық тірескен әншілерді айтып отырмын.

Ал дәл осы бүгінгі күннен, осы шақтан, сіздердің назарларыңызға мысал келтірудің еш қажеті жоқ, бәрі түсінікті... Жалпы Европа, Америка, Ресей, Түрік, Араб, Қырғыз, Өзбек, Корей т.б. елдерден қарша борап тұрған ырғақтар мен ән айту дәстүрлерінің заманында  қазақ тілі әр түрлі қалыптарға салынып, әртүрлі кейіптерге, бейнелерге сәйкестендірілуде. Бұл – уақыт талабы. Біз осы бағытымызбен әлемдік тыныс-тіршілікке қадам басып бара жатырмыз. Егер біз басқа шет елден алынса да, қызығушылығымызды оятқан ән өнерінің бағыттарын біздің басты құндылығымыз – қазақ тілімізге бейімдеп шығарылған туындыларды жатырқасақ немесе аластатсақ, эстрадамыздың дамуына кедергі жасағандығымыз. Қаншама мектеп жасындағы жеткіншек қарындастарымыздан бастап студенттік өмірін бастан кешіріп жүрген бойжеткен жас қыздарымыз шетел әндерін тыңдайды. Олар – болашақ аналар, олар – еліміздің ертеңіне ықпал етіп бала тәрбиелейтін ұрпақ. Олар көз алдына кімдерді елестетуі тиіс, нәті шетелдік, заты шетелдік, ныспысы шетелдік жұлдыздарды елестетуі керек деп ойлайсыздар ма?! Қалай ойлайсыздар? Әлде ұлты қазақ, сөзі, тілі қазақша, тек үстінде сол қарындастарымызды елітіп алып кеткен шетел жұлдыздарының белгілері ғана бар (сырға, шаштың боялуы, жыртық киім) өзіміздің ұлт өкілдерін елестеткенін қалайсыңдар ма? Осы – ең маңызды сұрақ. Әлде оларды толықтай өзге елдердің фильмдері мен әндерінен шектей аламыз ба? Кім бар? Айтыңдаршы!  Музыкалық талғамын қазақша қанағаттандыра алмаған жас буынымызды ауылымызға қайтарып, өз тілімізді менсіндіріп жүрген ұлдарымызға  тосқауыл болып жүргендігімізді білеміз бе?  Осы жас жігіттердің жаңашылдығы - өз тыңдаушыларына ана тілімізде, жастық болмысымызды әлемде модаға айналған өнер әдісінің тәсілімен  суреттеуде. Ал сырға тағу, шаш бояу т.б. фишкілер сананы жаулаған сыртқы шетел эстрадасының ұтымды сахналық қаруын қаратпалық мақсатта пайдаланғаны болса керек. Еврей халқының даналығында  сөз бар, «жауыңды жеңбек ойың болса өз қаруын өзіне қарсы пайдалан» деген. Бұл тұста айтарым, мен еш тараппен жауласуды қозғап тұрған жоқпын, тек әлемде модаға айналған бағыттардың қазақша үлгілерін жасау біздің өнерімізді байытпаса, жұтатпайды. Қазақ баласы дорбасын алып әлемдік базарға шықты, кім келіп-кетер екен деп ауылында отырған жоқ, осы қалай деп жұрттың бәрі таласып алып жатқан дүниеден ол да алады, ауылға ала келеді, өткені өтеді, өтпегені кетеді. Қазақ мәдениетінің, оның ішінде қазақ эстрадасының, әлемдік үлгілермен байланыса отырып дамитын жаңа деңгейдегі өркениеттік өрісі кеңейіп келе жатыр.

Ойымызды әрі қарай өрбіту үшін «ойын» ұғымын түйсініп алайық. Мәдениеттанушы Й. Хейзингтің тұжырымымен айтар болсақ, ойын - адам мәдениеті пайда болмай тұрғанда-ақ өмір сүрген құбылыс, тіршілік иелерінің баршасына тән. Бір-бірін ойынға шақырып, табиғат аясында бой жазып, бір-бірін мейірімділікпен жақын тартып, көңілді уақыт өткізеді. Ал адам баласы ойынды қызықты өткізу үшін өнерді пайдаланады, өнер үлгісі қызықты болмаса ол ойынға ешкім бара қоймайды. Сол сияқты «өнерге де әркімнің бар таласы» делінетін түсінікке келсек, өнер – бұл ойын, ол құбылмалы болуы тиіс, ал ойын тақырыптан тұрады. 91 Ninety one тобы сол тақырыптарын ортаға салып, таза, шыншыл ойындарына өз құрбыларын шақырып, тыңдаушыларының балалық албырт сезімдерін әнмен суреттеп беріп жүр. Олар құрбыларымен пәктік бейнелерін көркемдеп армандарға жетелеп, ана тіліндегі үлгіде армандауға қызығушылықтарын оятып жүр,  себебі олардың өздері ойын тәртібін бұзбайтын адал, шыншыл, ойларында «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді қалайтын арамдық жоқ. Сол қарындастарымыздың, қыздарымыздың, бойжеткендеріміздің қалауын бөліспеуімізге жол болсын?! Сыйламағанымыз ба? Қалай өзі... Ешқандай Ninety one-сыз-ақ 1970 жылдары және ол жылдарға дейін де, кейін де дүниеге келген «көгілдір» болмаса да, құлағына сырға таққан, шашын шұбалтып өсірген, бояған ағалар мен құрдастар болды, қазір балалы-шағалы, мәдениетті тәрбиелі белді азаматтар.

Менің кейде ойыма келетін бір нәрсе, Ерболаттың қазақ шоу-бизнесіндегі бұл құбылысқа қатысы жоқ тәрізді болып кетеді, ол тек орындаушы ғана сияқты, бұл құбылыстың авторы: ұрпағы өз рухын жатсынып бара жатқандықтан соны өзіне тартуды көздеген халық рухы болып көрінеді. Халық рухы халықтың өз болмысында ғана, ана тілінде сөйлеп, ана тілінде өмір сүреді. Ол - әлеуметтік табиғи құбылыс, ол тірі нәрсе, ол тек тіл өлгенде ғана өледі. Адамның санасын рухы қай тілде сөйлесе, сол тілдің өмірге дегендегі дүниетанымдық қатынасы билейді. Қазақ баласы ана тілінде ән шығарса орыс немесе ағылшын тіліне тек сұраныс болғанда ғана мәтінін аударуы тиіс. Кеңес Одағы уақытында Роза Рымбаева орындаған «Әлия» әнінің орыс тіліндегі шумағы тек әншінің ерекше дауыс тембріне сүйенгендіктен ұят болмай тұр.  Алексей Шахматовтың жүргізген белгілі бағдарламасында (Наша правда) бір қарындасымыз Орда тобының мүшелеріне орыс тілінде неге ән жазбайсыңдар деп сұрақ қойылғаны сияқты, көптеген інілеріміздің біз сияқты сахнада әдеттегідей ән айтпайсыңдар дегені де амалсыз ойландырады. Өзгерістер, алуан түрлілік қажет, әйтпесе іш пысарлық жағдай қалыптасып, өзімізде жоқ болғандықтан шетелдегі жаңашылдық бағыттар тартып кетіп отырады. Бұдан мынадай «жастарымыздың бәрі қазақ тіліндегі әндерге бет бұрады» деп қорытынды шығарудан аулақпын. Шетел әндерімен теңдес қазақ әндері де сапасын арттыра берсе, эстрадамыз әлемдік деңгейде шырқалып, халқымыздың қасиетті еркіндік сүйгіш талғамы әлемге танылары сөзсіз. Ал шығармашылық ортада жаңа өнер туындысының жақтастары немесе қарсыластарының болу заңдылығын өнертанушы Х.Ортега-и-Гассеттің өнердегі жаңашылдыққа қатысты еңбектерінде атап көрсеткен.

«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей қазан көзіңе де, көңіліңе де қолайсыз болса басқа қазан іздегенің дұрыс немесе өзің шойынды балқытып соққаның жөн. Және де айтарым, мен той әндері, той емес әндер дегенге келісе алмаймын, халықтың сұранысы болса қай әндер де керек. Кеңес Одағы дәуірінде мейрамханаларда айтылатын әндер болған сияқты, ортаға байланысты, әр әннің керек жерлері және қажет сәттері болады, тек орынды пайдалану керек және де халықты алдамай жанды дауыста орындалуы орынды. Қазақтың киелі отауы киіз үйді тігіп қойып оның қасында «Казановаға» билегеніміз жараспайды...

6
2
1947

Осы тақырып бойынша

Ninety one тобының жаңашылдығы туралы ой өрбіту - Yvision.kz