Мазмұнға өту

Ninety One тобының мүшесі – Батырхан Маликовтың (ALEM) анасымен эксклюзивті сұхбат

Барлықтарыңызға сәлем! Сіздермен бірге Амангелді! Бүгінгі блог бір жыл ішінде мыңдаған жанкүйер тыңдарман жинап үлгерген аты шулы «Ninety One» тобына арналмақ. Нақтырақ айтқанда 91 тобының вокалисті, топтың үлкені – ALEM-нің, яғни Батырхан Маликовтың анасы – Сұлукүл Абрамановамен жүргізген сұхбатыммен бөліскелі отырмын. Сұхбатқа себепші болған топ мүшесі Даниярдың анасы - Әлия Назарғалиқызы Қадір. Естеріңізде болса, мен Әлия апаймен де сұхбат жүргізгенмін.

Ең алдымен жалпы өзіңіз бен отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз:

Отбасымызда жеті адамбыз: əкесі - Абай Маликов, анасы - Сұлукүл Абраманова, ағасы Бақытжан, қарындасы Гулафия, келінім Балауса мен Əди есімді немерем бар. Əкеміз мал дəрігері, өзім Қостанай қаласы әкімдігінің «Қостанай-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында тексеруші болып жұмыс істеймін.

Батырханның балалық шағы қалай өтті? Ерке болды ма?

Батырхан кішкентай кезінде өте жылауық болды. Жылаған кезінде бар дауысымен қатты айқайлап жылайтын. Туысқандарымыз осы баланың өзінен дауысы әйдік деп айтатын. Кейін өсе келе ол дауыс әнге айналды. Қазір туыстарымызбен бірге бас қосқан отырыстарда «кішкентай кезіндегі айқай – тегін айқай емес екен ғой» деп бір күліп аламыз. Батыр ваннаға кіріп алып, өлең айтқанды жақсы көретін. Ваннада акустикасы жақсы болғандықтан дауысы әдемі, айқын шығатын. Студент болғаннан кейін де, осы әдетін тастамады. Көршілер «О, Батырхан келді ме?» деп, үйге келгендігін бірден білетін. Екінші не үшінші сынып кезінде сары түсті күдері (замшевый) аяқ-киім алып бергенбіз. Бірде қарасақ, Батыр жанағы аяқ-киімнің бір сыңарын қара креммен бояп отыр екен. Сөйтіп әлгі аяқ-киімнің біреуі қара, біреуі сары болып қалды. Әкесі «Батыр, енді бұның екіншісін де бояп ал» деп күлген болатын. Сондай қызықтар орын алып отыратын. Батыр 9-сыныпқа дейін қазақ сыныбында, ал  10-11 сыныпты орыс тілді лицейде бітірді. Себебі облыстық мәдениет басқармасы Батырхан сияқты 5 балаға арналған вокалдық студия ашып, соған ауыстырып алды. Кейіннен ол студия үлкейіп, көп жастарды тәрбиеледі. Мектепте оқып жүргенде Ресей қалаларына, Германияға, Испанияға барды. Барған жерінен үнемі жүлделі орындармен оралатын. 6-сыныпта Испанияның Барселона қаласына барды. Батырдың қонақ үйдің бөлмесінде Жаяу Мұсаның әнін айтып дайындалып жатқанын естіп, бөлмеге кірген бір қазақ ағамыз Батырдың дауысына тәнті болғандығын айтып, қолына евро ұстатқандығын айтып келгені бар.

Музыкаға деген қызығушылығы қай жасында пайда болды?

Музыкаға деген қызығушылығының пайда болуына əулетіміздің музыка өнеріне жақындығы əсер етті деп ойлаймын. Əулет мүшелері барлығы да түрлі аспаптарда ойнайды, əн айтады. Əкеміз əдемі қоңыр дауыс иесі. Батыр көбіне әкесіне ұқсаған. Ең алғаш рет сахнаға 9 жасында шықты. Қостанай қаласында өткен «Айгөлек», «Алтын микрофон» балалар байқауында, сәйкесінше, бас жүлдені және жүлделі 3 орынды жеңіп алды. Музыка мектебінің домбыра класын қызыл дипломға болмаса да, жақсы аяқтап шықты. Тіпті домбыра өнері бойынша облыстық байқауда жүлделі 2 орынға ие болды. Батыр кішкентайынан өте елгезек, бауырмал, көңілшек бала болды. Əлі де сол, ақкөңіл, сенгіш, əрдайым өзгелерге қол ұшын созғысы келіп тұрады.

Балаңыздың бойынан ерекше атап көрсететін қасиеттері қандай?

Баламның бойындағы ерекше қасиеттердің бірі – біреудің қуанышымен бөлісе алуы, қызғаншақтық деген қасиет оған жат нәрсе. Сол мені қуантады. Ақкөңіл, сенгіш, көмектесуге әрдайым дайын тұрады. Ол ортаның адамы.

Балаңызды еркелеткенде қандай лақап есімдер қолданасыз?

Батош, Батончик деп еркелететінбіз, ал қазір Батыр деп атаймыз.

Болашақ келініңіздің қандай болғанын қалайсыз?

Балама ұнаған қыз, бізге де ұнайды деп ойлаймын.

Балаңызды Ерболат мырзаға тапсыру қаншалықты қиын және қалай болғандығын айтып берсеңіз?

Батырхан «Қазақстан дауысы» жобасына қатысқан кезде Ерболаттың көзіне түсіп, оны өзінің кастингіне қатысуға шақырған. Алайда ол кезде Батыр Челябідегі оқуын бітірмегендіктен Алматыға 1 жылдан кейін ғана барды. Кастингтен өткендігін білгенде біз қуанбасақ, ренжіген жоқпыз. Өйткені «Орда» тобы қазақ эстрадасында өзіндік орны бар ерекше топ, ал Ерболаттың өзі өте еңбекқор, нағыз өнерпаз екендігін білетінбіз. Бірақ, әрине, ол кезде топтың стилдері қандай болатындығын білмеген едік. Сондықтан алғаш рет стилін өзгерткен кезде, шыны керек, ұнаңқырамады. Оны баламның өзіне де айтқанмын. Уақыт өте келе ойымды өзгерттім. «Неге баламды қолдамасқа?» деген шешімге келдім. Ол үкіметтің қаржысын қымқырған ұры, әлде бір қанішер қылмыскер, болмаса зорлықшы емес, бойындағы талантын халқымен бөлісіп жүрген әртістердің бірі, яғни бұл бар болғаны сахналық образ.

Әр түрлі әлеуметтік желілердегі айтылатын сын-пікірлерді оқисыз ба?Оларды қалай қабылдайсыз?

Иә, әрине, оқимын. Әуелгі кезде ауыр тиетін. Бұны кім жазған екен деп, қарайын десең көбіне жабық аккауанттардан жазады. Кім жазғаны көрініп тұрса, өмірде жолы болмаған, бұл өмірге разы емес адамдар жазғандай көрінеді. Қан қысымым көтеріліп, денсаулығым сыр көрсетіп қоятындықтан, қазір пікірлерді оқымауға, ал оқысам көңіліме алмауға тырысамын.

Топ мүшелерінің ішіндегі биасыңыз кім? Неліктен?

Топ мүшелерінің барлыға да ұнайды. Әрқайсысы да тәрбиелі, инабатты, жүрегінде иманы бар жігіттер. Қайсысы болмасын жеке дарын иесі, бірін-бірі жақсы толықтырып тұрады. Жігіттерді бөліп жармаймын, дей тұрғанмен, ZaQ’тың өнері ұнайды. Жастығына қарамастан сөлеу мәнері мен сауаттылығы ұнайды.

Сіз 91 тобының өнерін қолдайтыныңыз баршамызға мәлім. Алайда Батырхан бұл топтың мүшесі болмаса, сіз бұл топты қолдар ма едіңіз?

Батыр бұл топтың мүшесі болмаса да, 91 тобын қолдайтын едім, себебі біздің елімізге бұндай топ қажет. Қазіргі таңда елімізде жастар тыңдайтын әншілер саны өте аз, сондықтан жастардың басым көпшілігі шетелдік әншілерді тыңдап, шетелге шығуға асығады. Ал егер осындай топтар мен өнер адамдары өз елімізде болса, керісінше өзге елдің жастары біздің өнерге қызығушылық танытып, біздің елге келуді армандайтын болады. 91 тобының арқасында 120 астам мемлекет Қазақ елі жайлы білді. Тіпті кейбір елдің жастары қазақ тіліне қызығушылық танытып, қазақ тілінде топқа құттықтаулар жіберіп отырады. Бұл дегеніміз үлкен жетістік деп есептеймін.

Батырханның бұл жолды таңдауына жол бергеніңіз үшін өкінесіз бе?

Бір кездері баламды өнерге бергенше, неге күреске бермедім деп өкінетін едім. Сол кезде балам «Мен біреуді жазықсыздан жазықсыз ұра алмайтынымды өзіңіз жақсы білесіз ғой» деген еді. Сондықтан қазір өкінбеймін, керісінше қолдаймын, себебі ол менің қолдауыма мұқтаж.

91 тобына айтар тілегіңіз? Мүмкін халыққа, ер бала болсақ та бұл бағыттағы өнерді сүйетін мен сияқты жігіттерге айтар сөзіңіз бар шығар

91 тобы қазақ жастары үшін қараңғы туннельдің арғы жағынан көрінген кішкене ғана сәуле секілді. Сол сәуленің одан әрі жарқырап, үлкен шоқжұлдызға айналғанын тілеймін. Алар асулары мен шығар биіктері көп болсын. Айналайын, Амангелді балам, саған да деніңе саулық, жұмысыңа береке тілеймін. Оқуыңды бітіріп, білікті де білімді маман иесі бол. Қазағымның саған ұқсаған, түсінігі мол жігіттері көбейе берсін.

 

Ал енді дәстүр бойынша сұхбат жайлы өз ойымды айтайын. Бұл сұхбаттан кейін EagleZ-дар жаңа мәліметтерге қол жеткізді, өздерінің кумирлерін жаңа қырларынан таныды деп ойлаймын. Себебі сұхбатта ешкім біле бермейтін мәліметтер айтылды. Ол үшін Сұлукүл анамызға алғыс білдіреміз. Қызықты мәлімет: Сұлукүл апай өзінің жұмысбастылығына қарамастан, өзінің алтын уақытын бөліп, бұл сұхбатты WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы берген-ді. Сондықтан EagleZ менде болашақ енелеріңіздің телефон номері бар екендігін айтып қояйын.😅😂 Сұлукүл апайымыз өте қарапайым, кішкентайсың деп менсінбеушілікті білмейтін керемет жан екен. Сол үшін ол кісіге тағыда алғыс білдіретіндігімді айтамын. Сұхбат соңында апайымыз маған «Хабарласып тұр! Қостанайға жолын түсіп келіп жатсаң, үйге кел» деп қонақжайлылық танытты. Қуаныштымын! Сұлукүл анамызға жұмысында сәттілік, отбасына амандық тілейміз. Сондай-ақ EagleZ'дардың атынан Батырхан сияқты дарынды баланы дүниеге алып келгеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Осы сөзді көптеген қыздар айтқысы келіп жүр.

Болашақта топтың өзге мүшелерімен сұхбат болуы мүмкін. Егер маған ұсыныстарыңыз болса, мені әлеуметтік желілерде таба аласыздар:

VK: Амангелды Мухамеджан

Instagram: @lg_with_aman

Facebook: Мухамеджан Амангелды

Twitter: @lg_with_aman

10
2
11303

Осы тақырып бойынша

Ninety One тобының мүшесі – Батырхан Маликовтың (ALEM) анасымен эксклюзивті сұхбат - Yvision.kz