Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

NINETY ONE тобы әлемдік шоу-бизге қадам басты

Пайда болғанына көп бола қоймаған Қазақстандық Q-pop бағыты әлемдік аренаны бағындыруда. Аталмыш бағыттың негізін қалаушылар – еліміздің әйгілі Ninety One тобы алғашқы қадамын Оңтүстік Кореяны бағындыру арқылы жасады. Желтоқсан айының 24- жұлдызында Алматылық «Alamaty Arena» спорттық кешенінде өткен жеке концерттерінде тұсауы кесілген «Ah! Yah! Mah!» атты тың туынды, YouTube желісіне жүктелгеннен кейін 4 күннің ішінде 1 миллионнан астам қаралым жинап, Қазақстанның «Ең танымал» бейнелерінің қатарына енді. Өткен жылды осындай табыспен аяқтаған «Тәуелсіз өнердің тасушылары» K-pop субмәдениетінің орталығы – Оңтүстік Кореяға аттанды. Жігіттер Сеулдің көбіне жастар шоғырланған, танымал аудандарының бірі – Хоңдеде өнер көрсетті. Кореялық тыңдармандар Қазақстандық бойзбендтің өнеріне тәнті болып, таңданыстарын жасыра алмай жатса, отандық тыңдармандар топтың өнерін YouTube желісіндегі 춤추는곰돌 арнасынан тамашалай алды.

Ninety One тобының Кореялық жанкүйерлері топтың жоспар кестесін біліп алып, өз сүйікті тобын жоспарланған орындарда күтіп алды. Сондай жанкүйерлердің бірі YouTube желісінде влог жүргізетін Мин Сок есімді Кореялық жас жігіт. Мин Сок өз кумирлерін алғаш рет кездестіргендіктен, қуанышын жасыра алмай өзінің Instagram парашасында келесі жазбасын қалдырыпты:

«Бүгін мен ninety one жігіттерінің барлығымен қол алыстым. енді мен оң қолымды мүлде жумаймын».

Ал бүгін, яғни 2018 жылдың 10 қаңтарында Ninety One тобы Сеулдік Sejong University жоғары оқу орнында Кореялық жанкүйерлерімен фан-кездесу өткізді. Кездесуді ана тілімізде бастаған топ жігіттері, фанаттардың әр елден келгендігін ескеріп, кездесуді үш тілде (қазақ, ағылшын және орыс) жүргізуге тырысты. Сондай-ақ кездесу барысында топ әншісі – Азамат Ашмақын (сахналық есімі - АСЕ) дебютке дейін Оңтүстік Кореяның ең танымал музыкалық компанияларының бірі - SM Entertainment-те тағылымдама алғандықтан, корей тілінде сөйлеп, жергілікті жанкүйерлерді де назарсыз қалдырмады.

Жиналған жанкүйерлердің арасында Кореялықтар мен ТМД елдерінен келген фанаттардан бөлек, Ұлыбритания және Германия сынды Еуропа елдерінен келгендері де болды. «Қазақстан дауысы» музыкалық жобасының финалисті болған топ мүшесі – Батырхан Мәлік (сахналық есімі - АLEM) Германияда өткен музыкалық байқауға барған кездегі әсерімен неміс тілінде бөлісті. Кездесу жүргізушісінің жүгін топ кенжесі – Данияр Құлымша (сахналық есімі – BALA) арқалап, кездесу алдында тыңдармандар жазған сұрақтарды оқыды. Топтың Ұлыбританиялық жанкүйері Қазақстанға жасаған сапары барысында топпен танысқандығын және өнерлеріне сол кезден бастап қызығатындығын айтып, жігіттерге жылы лебізін білдірді. Жанкүйердің сөзінше дәл осы «91 әндері – Қазақстанда болған әсерлі күндерін еске салады». Өз кезегінде жігіттер шетелдік жанкүйеріне алғыстарын білдіріп, «бейнеклиптеріміздегі субтитрді жазуымыздың басты себебі – сіз сияқты шетелдік фанаттарымыздың болуы» деп ойын білдірді топ рэпері Дулат Мұхаметқали (ZаQ). Кездесу барысында жігіттер көрермендер тарапынан сезілген жылулық пен қазақ тілінде қойылған сұрақтар үшін иіліп алғыстарын білдіріп. Мұның себебін шетелдік фан-кездесуде де әуезді ана тілдерін естігендіктеріне қатты қуанышты екендігімен түсіндірді.

Жалпы алғанда кездесу өте көңілді әрі шырайлы өтті. Топ басшысы – Азамат Зенкаев (A.Z.) орыс тінде қойылған сұрақтарға, жақында ғана меңгере бастаса да дұрыс жауап беруге тырысып, тіл білудің маңыздылығын алға тартып, болашақта ағылшын тілін меңгеретіндігін айтты.

Кездесу аяғында жігіттер өздеріне ұнаған сұрақ иелеріне соңғы шыққан «Qarangy Zharyq» альбомын сыйлады. Өз кезегінде жанкүйерлер де құр алақан еместігін білдіріп, жігіттерге дайындаған сыйлықтарын тарту етті. Сондай-ақ топ өз репертуарынан бірнеше ән орындап тағы қуантты. Кештен керемет әсер алған EagleZ жігіттерді бір ауыздан «Рахмет» айтып, шығарып салды.

Кездесуден кейін Оңтүстік Кореялық танымал блогер Min Kyungha топтан сұқбат алып, өз Instagram парақшасында келесі жазбалы сурет жариялады: «….Мен Қазақстан мен Ресейде жүргенде Корея жайлы айта алатындығыма қуаныштымын. Ал олар Кореяда Қазақстан жайлы әңгіме қозғағандығына қуаныштымын…».

Осылайша Ninety One тобы шетелдік жанкүйерлеріне ұмытылмас көңіл-күй сыйлап, музыка тілі – кез келген тосқауылдар мен шекараларды бұзатын ұлы күш екендігін дәлелдеді.

Мақала аутырлары: Nura Naiman, Амангелді Аралбайұлы (@zhelbezek)

Прочитать статью на русском языке

3
2
2565

Осы тақырып бойынша

NINETY ONE тобы әлемдік шоу-бизге қадам басты - Yvision.kz