Ninety One кезекті бомбасын жарды!
Сәлем, Сәлем, Сәлееем! Қалдарыңыз қалай? Менде керемет! Себебін айтайын ба? Себебі Ninety One тобы жаңа бейнебаян түсірді!!! Қарыл, естимісің, жаңа бейнебаян, 3 айда - 3 бейнебаян!!! Кезекті бейнебаян «Баяу» атты әнге таспаланыпты. Ал енді клипті талдауға кірісейін. Алдын ала бұл тек менің субъективті, яғни өзім түсінген, мүмкін ақиқатпен сәйкес келмейтін пікірім. Дулат айтқандай 2-альбомдағы әндерді әр адам әр түрлі қабылдайды, сондықтан бұл тек менің әнді қабылдауым.
Бүгін таң атпастан демей-ақ қояйын, сағат 8:00 тұрып алдым да қос көзім төрт болып теледидардың алдында отырдым. НТК арнасының Instagram'дағы ресми парақшасында келтірілген мәлімет бойынша клипті сағат 8:20 мен 9:00 аралығында көрсетуі қажет еді, клип тура 8:20 басталды. Сөйтті де Амангелді 4 минуттық трансқа кетті... Ырғақ, түстік гамма, мағына, образ - бәрі керемет!!! Алғашқы болып Батырхан (ALEM) бастады.
«Ойымда сенің бейнеңді қалаймын, қалай айтайын? Бір нəрсені қабылдай алмаймын...» - дейді ол.
Жігіттердің өздері жариялаған орыс тілдегі аудармасында «В своих мыслях я желаю твой образ. Кое-что никак не могу принять...» - деп аударыпты, бірақ бұл өлең жолдарын алғаш естігенде көптеген бөлшектерден бір ғана бейненің, яғни қыз бейнесінің қаланғаны елестеттім, сондықтан мен сөйлемді «В своих мыслях я складываю (рисую) твой образ» деп аудардым, меніңше бұл жігіттердің омоним сөздерді керемет қолдана алуының көрінісі. Осыған дейінгі «Су асты» әнінде де «Аяқ астынан мен келдім , түсіріп жүр басыңды еу!» дегенді «Я появляюсь внезапно/из-под ног, опусти свою голову, эй!» деп аударған еді. Алайда ол кезде аудармасында екі нұсқасын да көрсетіпті, ал бұл жерде тек «желаю» деп аударыпты, яғни менің аудармамды меңземеген екен, десе де мен үшін солай!;) Тағы айтарым, «Бір нəрсені қабылдай алмаймын...» дегеннен кейін ой аяқталмай қалған секілді, оның себебін төменде түсіндіріп өтемін.
Келесі – Данияр (BALA).
«Сенің баяу қозғалғаның ұнайды,
Тура қарағаның ұнайды, дəл солай
Сенің өте баяу қозғалғаның ұнайды
Тура қарағаның ұнайды, дəл солай...» - дейді ол.
Бұл өлең жолдарын естігенде денемді миллиондаған құмырсқалар жаулап алғандай болды. Құдды бір әр бір әріп ән айтып тұрған сияқты, әсіресе екінші қайталымдағы «Сенің өте баяу қозғалғаның ұнайды» деген жолдағы «қозғалғаның» сөзін ойнатуы – керемет! Ешбір әнші, ешбір музыкант мұндай деңгейде ән шығара алмайды, мұндай буынға бөлуді қолданатын адамды көрсем көзім шықсын. Сондай-ақ қазақ тілінде сөздегі екпін соңғы буынға ғана түседі деген ережені бұзып, әдемі ән шығару тек Тоқсан бірдің қолынан келеді!!! Жарайсыңдар жігіттер!!! Ал не мағына түсінгендігімді айтсам, бұл жолдар арқылы жігіттер әрбір EagleZ қызығатын «Сіздерге қандай қыздар ұнайды?» деген сұраққа жауап берген сияқты. Иә, бұл өлең жолдары тура мағынада қолданылып та тұрған шығар, бірақ мен білетін 91, мен білетін Дулат пен Азамат, ешқашан тура мағынада өлең жазбайды!)))) Меніңше «Баяу қозғалу» дегені - қарым-қатынастың өрбуін асықтырмайтындар ұнайтындығы айтқысы келгендей ме дедім, ал «тура қарағаның ұнайды» деген сөзбен шыншылдықты қалайтынын жеткізгісі келгендей болды, себебі тек шындықты айтқан адам тура көзге қарай алады. Уоооот. Енді АСЕ (Азамат).
«Кейде шақырғым келеді сені баяу биге, дымға қарамай
Бейнең жеке менің түн-ием,
Түн-ием, баура мені, ала кет!» - дейді ол.
Бұл өлең жолдарында «АСЕ’тің түн-иесінен» басқасының барлығы түсінікті деп ойлаймын. Google атаның айтуы бойынша «Түн иесі – Ай» екен! Сонда? Бейнең жеке менің айым? Керемет!!! Сөзім жоқ! Тек қана эмоция!!!
«Ойланып келдім baby, əңгімем бар baby,
Мен алысқа уақытша аттанамын, сезінбе жалғыз қалғандай,
Сен арманда, мен де армандаймын,
Шешімін тауып алғандаймын, шақырамын биге, дайын бол!
"Ау?»-деп, түсінбей қалсаң, былайғо:
Бəрі оп-оңай, қиялыммен "баяуға" шақырамын, билейміз түнімен тоқтамай.» - дейді өз кезегінде A.Z. (Азамат Зенкаев)
Міне ең қызықты сәт! Кез келген әдеби шығармада баяндалатын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі (кульминация) және түйіні болады, Азамат сол оқиғаны шарықтау шегіне жеткізді! Сүйгені алыста, себебі ол оны тастап кеткен (мәңгілікке емес), оның жалғысырауын қаламайды, сондықтан қиялымен «баяуға» шақырады. Міне саған Азамат! Сын есімнен зат есім жасай салды, ал қайтесің, хейтер? Мұрнын кесіп аламысың? Керемет қадам! Ал енді Дулаааат!!! Адамның миын ашытудың мәсітірі! Жырау! Кумирім!!!
«Оның жүрегі нөлдей, сезім мүлде бөлінбейді,
Түн сияқты ол: суп-суық, сұп-сұлу, тылсым
Ми шимайланған сезімдермен-түрлі-түсті бояу, түсініксіздеу дəл сендей,
Сосын, екеуіміз секілді Ай мен Жердей,
Тартылыс бар, бірақ бірдеңе жібермейді» - дейді ол.
Енді айта алмаймын, мына сөздердің тереңдігін жеткізе алмаймын. Не деген теңеу десеңші! Тартылыс бар, бірақ бірдеңе жібермейді. Ол не? Не жібермей тұр? Арақашықтық!
«Дереу жақында, мені сезіну үшін
Тез қол ұшын бер маған, тез!» - дейді тағы да Батырхан.
Уот енді сіздерге берген жоғарыдағы уәдемді орындайын. Жоғарыда «Бір нəрсені қабылдай алмаймын...» дейді Әлем. Ол нәрсе не? Меніңше ол Дулат пен З. Азаматтың шумақтарында баяндалатын нәрсе! Тағы да сол – арақашықтық!
Ал енді әннің белгісін түсінбедім... Сағат па? Неге симметриялы емес? Мүлдем түсініксіз... Жалпы айтпағым осы болғааан. Тағы да бір ойлар болып жатса, қосармын, сіздер де өз ойларыңызды пікір ретінде қалдырыңыздар
