Ninety One, 2017 жылды өмірімдегі ең керемет жылдардың бірі қылғандарың үшін көп рахмет!
Interview in English - https://yvision.kz/post/797022
Интервью на русском языке - https://yvision.kz/post/789823
Бүгін назарларыңызға америкалық EagleZ Кейден алған сұхбатымды ұсынғым келіп тұр. Инстаграмдағы @ninxtyone парақшасын бір талқылауда қызықты ой жазғаны үшін байқап, оқып кеттім. Алғашында қазақ тілді жазбаларына қарап парақшаны ағылшын тілін білетін қазақ қызы жүргізеді деп ойладым. Кейін шетелдік EagleZ жүргізетініне көзім жетті. Сонда қазақ тілін үйреніп жүргенін, біршама жетістіктерге жеткенін көріп, қатты қуандым, шабыттандым. Ал ZaQ'тың туған күніне түсірілген құттықтауда «Сен біз үшін ерекше жансың» деген сөздерді еш акцентсіз айтқанын көріп, міндетті түрде онымен сұхбаттасқым келді. Толқынның @mstosico #PrettyEagleZ атты айдарын жалғастырып, назарларыңызға америкалық бойжеткеннің қалайша EagleZ болғаны, қазақ тілін қалайша үйреніп жүргені жайлы сұхбатты ұсынамын.
Сұхбатымызды бастар алдында саған сұхбатқа қатысқаның үшін, бөлген уақытың үшін алғысымды білдіргім келеді! Өзіңді таныстырып кетсең.
Сәлем, менің есімім Кей. Мен Калифорнияда, АҚШ-та тұрамын. Жоғары сынып оқушысымын.
Танысқаныма қуаныштымын, Кей. Ең басынан бастайықшы. Ninety One жайлы қалай естідің? Қалай EagleZ болып кеттің?
Мен бимен кәсіби түрде айналысқан едім, бір жыл бұрын ауыр жарақат алып, соның кесірінен бимен айналыса алмайтын болдым. Сол уақытта би жайлы уайымымды жеңу үшін өзіме жаңа ермек іздеп жүрдім. Сол үшін әр жердің музыкасы мен билері жайлы ақпарат оқи бастадым. Орталық Азия елдерінің музыкасы мен биін зерттейін дегенімде бір мақалаға тап болдым. Мақала Ninety One және қырғыз бишісі өздерінің еркектігі жайлы даудың астында қалғандары туралы болған еді. Жігіттер жайлы бірінші рет сонда естідім. Ninety One өздерінің 2016 жылдың қыркүйегінде болған концерттік туры кезінде әртүрлі жанжалға ұшырағандары жайлы оқып, мен қызығып кеттім. Олар жайлы ақпарат іздей бастадым, әндерін таптым. "Қайтадан"-ды естіп, сол әнге ғашық болдым. Кейін «Айыптама» мини-альбомын тындап шықтым, барлық әндер де күшті екен. Сөйтіп топ жайлы әртүрлі ақпарат іздей бастадым, Инстаграмдағы парақшаларын тапқанда әр фото мен видеоны қарап шықтым. Сондағы ойларым әлі есімде - "Мә, мынау жігіттер өте сүйкімді және керемет талантты екен. Мен олардың жанкүйері болғым келеді". Міне осының бәрі қазіргі жағдайыма алып келді.
Толқындыратын естелік екен, басқа EagleZ'дармен қалай таныстың?
Ninety One'ның Инстаграм парақшасына жазылғандардың бәрін зерттей бастадым, жігіттердің фото мен видеолары бар қызықты парақшалар іздедім. Осылай бір шетелдік EagleZ'ға тап болдым, ол да АҚШ-тан болып шықты. Біраз әңгімелескеннен кейін ол маған басқа Қазақстандық емес EagleZ'дар жайлы айтты. Олардың бәрі қазір менің ең жақын достарым. Шынымды айтсам, мен EagleZ болуды бір құрбыммен бастаған едім, оны Ninety One дейін де таныдым. Біз сол құрбыммен бір топтық чатта болғанбыз, Ninety One қызыға бастағанымда олардың Инстаграм парақшасын бірден сол чатқа жібердім. Құрбым жігіттердің вокалын қатты ұнатып қалды. Екеуміз бірге Ninety One жайлы ақпарат жинай бастадық, бірге зерттедік. Ол да қазір EagleZ.
Сенің биасың бар ма? Оны қалай таңдадың? Бірінші көргеннен бірден ғашық болдың ба?
Ninety One тани бастағанымда ең бірінші болып AZ жайлы ақпарат іздедім. Ол менің биасым болды. Араласып жүретін барлық чаттарға оның фотосын “Өзі сондай сүп-сүйкімді, қарандаршы” деп жіберетін едім. AZ'ден басым кетті. Кейін, фандомға енгеніме біршама уақыт өткеннен кейін Alem'ді ұната бастадым. Оның керемет жан екенін түсіндім. Бірде Space қарап жатып мен EagleZ'дардың әр мемберге деген ілтипатын зерттей бастадым. EagleZ AZ, Bala мен Ace'ке, Alem мен ZaQ'қа қарағанда көбірек көңіл бөлетінін байқадым. Мен де AZ, Bala мен Ace'ті өте қатты жақсы көремін, бірақ Alem мен ZaQ та көбірек ілтипатқа лайықты. Басқа бір күні әдебиет сабағына дайындалып отырғанымда, кездейсоқ Alem’нің бір фотосына тап болдым. Фотода ол ақ киім киіп, күлімсіреп тұрды. Сол фото басымнан кетпей қойды. Space 2 аяғында ол Эд Ширанның "All of the stars" әніне кавер жасағаны есіме түсіп кетті. Сабақ оқудың орнына Space'ті қайта қарай бастадым, сонда оның даусы қаншалықты мықты және әсем екеніне таң қалып отырдым. Ол жайлы көбірек ақпарат іздеп, зерттегім келді. Сол уақыттан бастап бәрін зерттей бастадым. Бүкіл бос уақытымды оның фото мен видеосын іздеумен өткіздім. Солай Alem'ге, оның керемет даусына ғашық болдым. Арада он ай өтіп кетсе де, мен оны әлі де сүйемін. Менің ойымша ол Ninety One'ның ең мықты вокалисті.
Видео thehungrygamer YouTube каналынан алынды.
Сол махаббат сені қазақ тілін оқуға шабыттандыратын сияқты ғой. Қазақ тілін қалай оқи бастадың?
Қазақ тілінің әсемдігін Ninety One әндерін тындай бастағаннан байқадым. Бұрын осы тіл жайлы ешқандай ақпарат естімеген едім, сондықтан бәрін зерттегім келді. Сөздікті оқи бастадым, кейін қазақстандық EagleZ'дармен таныстым. Олар маған тілді үйренуге көмектесіп жатыр. Содан бері олар менің ең жақын достарым болып кетті.
Сол достарыңның бірі @breezyzaq сияқты. Ол маған ZaQ’тың туған күні алдында хабарласып, бір құрбы досы да видео-құттықтауға қатысқысы келетінін айтты. Кейін сол досы сен екенін айтқанда, мен қуандым, сені біліп, оқитын едім.
Неткен сүйкімді. Иә, ол маған көмектесетін қазақ достарымның бірі.
Қазақ тілі кириллицада ғой, бұл оқуды қиындататын шығар? Тілді қалай үйреніп жүрсің?
Менің тілге деген табиғи қабілетім бар. Жастайымнан итальян, француз, испан тілдерінің ықпалымен өстім. Қазір итальян тілін түсінбесем де, французша түсінемін. Осындай ықпалмен өскендіктен, өзге тілді үйренуге қабілет пайда болды. Сол қабілетім қазақ тілін үйренуге де көмектеседі. Оқуымды әліпбиден бастадым, әр әріптің қалайша айтылатын үйрендім, кейін сандарға көштім. Бірақ қазір де қазақша дыбыстарды айтуда қиналамын.
Сенің қазақша сөйлеуің өте жақсы. ZaQ’қа дайындаған видеода сен шетелдік EagleZ екеніңді бәрі тек Сан-Францискодан сәлем дегенде ғана түсінген шығар.
Маған Эми да @iheart91 солай айтты. Ол “Дулат, сен біз үшін ерекше жансың” деп айтқан қазақ қыз маған қатты ұқсайды деп ойлап қалған екен. Кейін АҚШ-тан сәлем деп айтқан жерін көріп, әлгі қыз мен екенін түсінді.
Сен, сонымен қатар, жазуды да үйреніп жүрсің, сенің қазақша жазбаларың мен пікірлеріңді жиі байқаймын.
Иә, сол үшін қазақша пернетақта да жүктеп алдым. iOS'та қазақ тілі жоқ, сондықтан қосымша жүктеп алдым. Маған сондай мүмкіндік бары ұнайды. Шынымды айтсам, қазақ тілінде орыс пернетақтасымен жазатын адамдарды түсінбеймін. Әріптер тілдің ажырамайтын бөлігі, егер де дұрыс әріптерді пайдаланбасаң, бәрін бұрыс жасап жатырсың деген сөз. Корей тілінде латын әріптерімен жазған сияқты ғой.
Сенімен толықтай келісемін. Қазір iOS пен Android арналған көптеген қосымшалар бар. Мен де сондай адамдарды түсінбеймін. Жалқаулықтан жүктемейтін шығар бәлкім.
Ол деген 10 секунд уақытта жасалынатын нәрсе ғой. Жалқаулаңбандар, қосымшаны жүктеп алыңдар!
Қазақстан жақын арада латын әліпбиіне көшпекші, сен сол жайлы естідің бе?
Әрине естігенім бар. Шынымды айтсам, маған апострофтармен жазылған нұсқа ұнамайды. Қазақстан латынша жазбаға көшетіні қуантады, бірақ апострофты нұсқа әдемі емес көрінеді, сонымен қатар оқу да қиын болатын сияқты. Апострофтар пунктуация үшін қолданылады ғой, олар әріп емес. Менің ойымша, қазақ тілінің дыбыстарына диакриттік әріптер жақсы жарасатын сияқты.
Біз әлі де әртүрлі нұсқаларды талқылаймыз. Болашақта ең жақсысын таңдаймыз деп үміттенемін.
Ninety One Q-Pop жанрының іргесін қалаушылар, ал әлемде K-Pop өте әйгілі. Сен корей айдолдарының фотосын жиі шығарып тұрасың, соған қарағанда K-popper сияқтысың. Сенің ойыңша Q-Pop пен K-Pop қандай ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар?
Бұл сұраққа жалпылама жауап берейін. Мен тыңдайтын K-Pop топтар көбінесе оларға продюсерлік орталықпен немесе басқа авторлармен жазылған әндерді орындайды. Олар мәтіннің немесе әуеннің жазылуына өте сирек қатысады. Ал Ninety One жайлы айтатын болсақ, олар өздерінің әр әнінің жазылуына қатысады. ZaQ пен AZ'дің есімдері әрқашан да мәтіннің авторлары деп, Alem'нің есімі әуеннің авторы деп белгіленеді. Кейде әуеннің жазылуына Bala мен Ace те қатысады. Ninety One тіпті басқа авторлармен қосылып ән шығарса да, әрқашан өздері де қатысады. ZaQ'тың басында хореограф болып жүргенін де білемін. Crystalz, Black Dial, Madmen сияқты басқа Q-Pop топтардың да өздерінің әндерінің жазылуына қосатын үлестері зор деп ойлаймын. Қорынтындылай келе, Q-Pop топтарының K-Pop топтарына қарағанда музыкалары мен стиліне қосатын үлестері басымырақ деп ойлаймын.
Сен бірнеше Q-Pop топтарын атап кеттің, қазір көптеген жаңа топтар шығып жатыр. Сен оларды танисың ба?
Иә, мен олар жайлы білемін, музыкасын тыңдаймын. Жақында Young Khan Newton'нан кетіп қалғанын білдім. Сол үшін көңіл-күйім түсіп кетті. Ол топтың рэпері, мәтіндерінің авторы және көшбасшысы еді ғой. Енді топ өзінің мәтіндерінің авторы, көшбасшысы және негізгі рэперісіз не істемек? Сірә, басқа біреуді іздейтін шығар, бірақ бәрібір бұл көңіл түсірерлік жағдай. Ол Young Khan яғни Жас Хан ғой. Мен Newton мен Moonlight тыңдаймын, Madmen'ді айтып кетілген екі топқа қарағанда жиірек тыңдаймын, Crystalz'ты Madmen'нен жиірек тыңдаймын. Олардың «Неге мен» деген жаңа әні қатты ұнайды, биттері мен вокал керемет. Және де әр күнімнің әр сәтінде Ninety One'ды тыңдаймын.
Барша EagleZ солай тыңдаймыз ғой=) Ninety One репертуарындағы ең сүйікті әнің мен бейнебаяның қандай?
Қазіргі уақытта ең сүйікті үш әнім бар. Біріншісі - "Yeski taspa bii'",бұл ән туындының мағынасына салынған барлық эмоцияларды жеткізе білді. Өзімнің өткен шағым жайлы ойланып тұрған мен жайлы, жүрегімді ойнап жатқан ескі таспам. Жігіттермен танысқанымнан кейін мен жарақатым мен бимен айналыса алмайтыныма қарамастан бақыттырақ бола бастадым. 2017 жыл өмірімдегі ең керемет жылдардың бірі болды, соған Ninety One қосқан үлесі зор! Екіншісі - "Ұмытпа", ол бір жағынан өте жұбатып, тыныштандыратын, ал екінші жағынан ырғақты ән болған соң маған ұнайды. Үшіншісі - “Ah Yah Mah”. Бұл ән Ninety One шығармашылығындағы басқа әндерден мүлдем басқаша. Бір қадам алда тұр. Маған рэп партия ұнайды, бірақ ZaQ’тың скримингі кейде жағымсыз көрінеді.
Мәссаған, менің жанкүйер жүрегімді жараладың. Мен ZaQ'тың үлкен жанкүйері екенімді білесің ғой. Мен оның скримингі керемет, оның скримингін қатты жақсы көремін деп айтар едім.
Кешір (күлді). Мен де ZaQ'ты жақсы көремін, бірақ оның "Ah Yah Mah"-дағы скримингі мен үшін шектен асып кетті. Бұл скриминг маған 2015 жылды есіме түсірді, сол уақытта эмо топтарын тыңдайтын едім. Ең сүйікті бейнебаяндарға келетін болсақ, олар - "Yeski taspa bii'" мен "Ah Yah Mah". "Yeski taspa bii'" бейнебаяны өте драматикалық, терең ойлы, сондықтан қатты ұнайды.
Кей, осындай қызықты сұхбат үшін көп рахмет. Саған қоятын соңғы сұрағым қалды. Егерде Ninety One'ға ойыңды айтатын мүмкіндік болса, не дер едің? Жігіттер бұл сұхбатты байқап, оқиды деп үміттенемін.
Мен оларға 2017 жылды мен үшін ерекше қылғандарың үшін көп рахмет дер едім! Сол жылды өмірімдегі ең керемет жылдардың бірі қылғандарың үшін рахмет! Менің жаңа құштарлықтарымды ашып, жаңа музыка мен шығыс тілдерімен таныстырғандары үшін рахмет дер едім! Мен оларды сүйемін! Олар керемет жандар! Оларға ары қарай дамып, алдарында пайда болған қиыншылықтарға төтеп, революцияшыл болып қала берулеріне кеңес берер едім. Бүгін "Ah Yah Mah" тыңдап жатқанымда ән жайлы жазылған әртүрлі пікірлерді байқап қалдым. Сол пікірлердің кейбіреуін өмірден қалып қалған көзқарасты, өткен ғасырда өмір сүріп жатқан адамдар жазған секілді. Alem’нің "Баяу мен уақыттан озам" деген сөздерімен Ninety One "Біз баяу қозғалсақ та, артта қалған көзқарастар мен таптаурындарды озып шықтық" деп айтқылары келген сияқты. Оларға тезірек қозғалып, революцияшыл болып, болашақта да уақыттан озуларына кеңес берер едім.
Бұл сұхбатты мен 18 қаңтар күні, Alem’нің туған күнінде жариялайын деп жатырмын. Оның өзіне айтатын сөзің бар ма?
Alem’ге айтатын көптеген ойым бар. Негізгісі, мен сені сүйемін деп айтқым келеді! Мен оны қатты-қатты жақсы көремін! Ол өте мейірімді жан. Жақында @xci_facts аударып, жазба шығарған бір фанмитингтағы сұрақ пен жауап есіме түсіп кетті. EagleZ жігіттерден патриархат немесе матриархатты таңдар едіңіз деп сұрақ қойды. Сонда Alem - "Меніңше, қазірде ол келіспейтін сияқты. Егер патриархат болса, әйелдер өз ойын білдіре алмайды. Егер матриархат болса, онда мен өз ойымды білідре алмайтын боламын" деп жауап берген. Мен осындай жауабына тамсанып қарап отырдым. Ол әрқашан да басқа адамдар жайлы уайымдайды, олардың сезімдері жайлы ойлайды. Сосын анасының айтқан естеліктері есіңде ма? Мамасы Alem'ді бокс немесе күрес үйірмесіне жазайын дегенде, ол "Мен басқа адамдарды ешқандай себепсіз ұра алмаймын ғой" деп жауап берген еді. Сондай сүйкімді. Ол сондай керемет жан! Оның даусы да керемет! Ол жақсы әке болады деп ойламын. Мінсіз адам жоқ екенін білемін, бірақ ол мінсіз болуға ең жақын. Сондықтан жай ғана "Alem, мен сені сүйемін" дегім келеді!
Сұхбатты дайындаған Жұлдыз (@qisyqdongelek).
