Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Несібеміз – несие, жетісеміз несіне?

Несие келін. Жиырма бірінші ғасырға дейін қазақтар тойдың барлық іс-шараларын шаңырақта атқарған болса, қазір тек ресторандарда тойлайтын болды. Несие алудың қарқын алғаны соншалық, той күнін белгілеуде дүйсенбі мен сейсенбі жексенбіден кем түсіп тұрған жоқ. Осыған орай қалаларда ресторан құрылыстары да қыза түсті. Әр тойшының шама шарқын қай ресторанда той өткізуінен біле беріңіз. Әй, бірақ қазір байдың тойынан кедейдің тойын ажырату тіптен қиын боп кетті-ау. Қоянды қамыс, қазақты бәсеке өлтіретін заман туды ғой. Күндестігі күштінің, несиесі де күшті.

 

Ақшаның буы соншалық (несиеден алынған) кейбір әпкелеріміз ыдыс-аяқ жууды, түрлі салаттар даярлауды, тамақ пісіретіндерді жалдамалы қолға істетуге көшті. Бұл өз кезегінде келіндер арасындағы ауызбірлікке соққы болмас па екен? Уақыт өте келе келінді-абысындар бір-біріне деген жанашырлықтан алшақтап:, «Көмектесу дегенді қайдан шығардыңдар? Жалдасын да істетсін»,-дейтін шығар, бәлкім.

 

Несие көлік. Егер Кеңес үкіметі тұсында волганы тек мемлекеттік қызметкерлер мінген болса, қазір тек қана құрылыс материалдарын сататын ашық базарларда жүк таситын таксистер мінетін болды. Ол тұстарда волга тұрмақ, жигулидің өзін қалтасында ақшасы бола тұра, сатып алуға халық қорқатын. Көлік мінгендер міндетті түрде тексерілетін. Қалай және қай ақшасына алғаны туралы. Енді заман басқа. Кісі өлтіріп алдың ба, мемлекетті тонап алдың ба ешкімнің сенде шаруасы жоқ. Жигули тұрмақ, ұшақ мінсең де. Әрине, халыққа қысымның болмағаны да дұрыс.

«Пәленше баласына көлік әперіпті, біздің одан неміз кем»?,- деп, жеке куәлігіміз бен СТН-інімізді қолтықтап, банктен бір-ақ шығатын болдық. Алаған қол, береген. Аларда тегін алғандай боламыз дағыны, қайтарарда көзімізден сорамыз ағып күңкілдейміз. «Бәле болды»,- дейміз, «бәле тіледік басымызға»,- демейміз.

 

Несиеге көлік алып, қаншама жастар қайғылы жағдайға ұшырап жатыр. Сансыз көлік апаттары осыған куә.

 

Несие баспана. Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алса, халқының тығыздығы жөнінен 195 мемлекеттің ішінен 185-ші орынды алады екен. Яғни 1 км2 жерге тиесілі адам саны  6,2-ні құрайды. Аспаннан киіз жауса да, кедей ұлтараққа жарымайды деген.

Пақыр жердің өзі орташа есеппен Қызылорданың өзінде 70 мың долларды құрап отыр. Мұндай бағадағы жерді сатып алу үшін 87500 теңге айлығы бар адам, ішпей жемей 10 жыл (толық 12 ай) жұмыс істеу керек екен. Тағы да еске салайын: ішпей-жемей, тойға бармай, ағайынмен араласпай. Жер болса да берілмейді. Әрбір қазақстандық он сотық жерді тегін алу құқығы бар. Бірақ, жер ресурстары басқармасы: «Барлық коммуникациялар (су құбыры, газ, жол, телефон) жүргізілмейінше ешкімге жер берілмейді»,-дейді. Мәселен өзім туып өскен жерімді айтайын. Біздің көшеде жол, газ, су, телефон 2005 жылға дейін болған емес. Көше тұрғындары қала әкіміне қайта-қайта арыз жазып, жүгіріп жүріп әзер қол жеткіздік аталмыш коммуникацияларға. Енді ойланыңыз! Үй салынбаған жерге кім жағдай жасасын? Жыламаған балаға емшек қайдан болсын? Сіз үйсіз далаға жол тартып, оны асфальттап, электр бағаналарын тартып жатқандарды көрдіңіз бе?

Тағы да тығырық! Жерді алу тоқталса, жалдамалы пәтерде жастар қашанғы тентіремек? «Айына әркімге елу мың төлегенше, неге ипотекаға үй алмаймын?»,-дейтіні анық ғой пенденің. Ол анық! Тағы да ұрынамыз несиеге.

Қазір газет беттерінде сауданың жаңа түрі пайда болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын жер алу кезегіне тұрып қойғандар, өз кезектерін саудалауда. Жерін емес, жер алуға берген арызын. Және сіз ойлаған анау-мынау ақшаға емес.

 

Баспана салуға несие алған кісі құрылысқа қажетті материалдық шығындармен қоса, жалдамалы жұмысшыларға кететін қосалқы қаржыны да есепке алары ақиқат. Осындай әрекеттер ауыл арасындағы достық пен ағайындықтың белгісі боп келе жатқан «асар» деген түсінікті жақын арада құлататын түрі бар. «Несие алсын да, салдыртсын!»,-сөйлемі болашақта көмекке шақырылған әрбір ер азаматтардың жауабы болатын шығар. Таң қалмаңыз!

 

Еркебұлан Ерлен

 
1
3
1414

Осы тақырып бойынша

Несібеміз – несие, жетісеміз несіне? - Yvision.kz