«Өнегелі» Өрмекші, «Шешен» Шрэк ұрпақ ұғымына нені ұғындырмақ?!

«Тәрбие тал бесіктен» деп ұғынған асыл текті бабаларымыз ұлттық болмысымызды сақтау үшін жас ұрпақ тәрбиесіне ертеден мән берген. Көкірегі қазынаға толы қарттарымыз өсиетке толы ертегі аңыздарды бала санасына сіңіріп, өнегелі іске үгіттесе, бүгіндері көгілдір экран «тәрбиешімізге» айналды. Жаһандану дәуіріндегі уақыт ағымымен көгілдір экрансыз, ғаламторсыз өмір сүре алмайтын дәрежеге жеткен жаңа ғасыр ұрпағына «Өз ұлтыңның мәдениетін, әдебиетін, тарихын, ұлттық құндылықтарын білмейсің» деп өкпе артудан гөрі, дұрыс бағыт бағдар берудің маңызды екені сөзсіз. Бүлдіршіндердің бал-бұл жайнап, жеткіншектердің жадырап тұрып көгілдір экраннан күтетіндері – мультфильмдер. Алайда, қазақы мультфильмдерге қарағанда, өзге елдің менталитетін насихаттайтын мардымсыз дүниелердің көптігі қынжылтады.
Мультфильм – идеологияның бір түрі іспеттес. Бүгінгі жеткіншек – ертеңгі ұлт жанашыры. «ұлтыңды сақтағың келсе, қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтағың келсе ұлыңды тәрбиеле» деп бекер айтылмаса керек. ал бүгінгі тәрбиеілеріміз «өнегелі» өрмекші адам мен «шешен» Шрэк болса, ертеңгі қазағымыз «супермендей» «саналы» болып шығатыны анық. Алпамыс, Қобыландыларды ұмыт қалдырып, Бетмендей «батыр» болуға талпынған бала қылығына кім жауапты?!
Ұлт рухын көтеріп, ұлт санасын оятып, мәдениетін жаңғырту, ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыру қажеттілігі бұрынғыдан да арта түскенде, жеткіншектердің «Джетиксқа» құмартып, «Никаледеонның» құрбаны болып отырғанына не дерсіз?! Бұл арналардағы мультфильмдердің бала түгіл ересектерді де елітіп әкетулерінің сыры неде?! Сол арқылы-ақ олар балаларымызды ойната отырып, өз елдерінің идеологиясының шеңберінде «арбап» ұстайтыны да жасырын емес.
Алайда, өз ұлттық болмысымыздың жаршысына баланатын мультфильмдер жоқ емес. Өкініштісі, отандық телеарналардан 5 минуттық мультфильмдерді көрсету үшін де қыруарр қаржы төлеуге тура келеді екен. Яғни бізде қолда бар дүниені халыққа жеткізу жағы ақсап тұрған сыңайлы.
Батыстың балаларға «базарлығы», біріншіден, жат менталитетті насихаттайтыны аздай, орыс тілінде көрсетіледі. Екіншіден, жеткіншектің идеалына айналған бейнелердің көбі зорлық зомбылық арқылы ғана мақсаттарына қол жеткізіп жатады. Балалардың көрген істі қайталауға құмар әдеті барын тағы білеміз. Яғни, тәрбиенің дер кезінде берілмегені салдарынан батыстың арзанқол дүниелерінің бала санасын жаулап үлгеруі әбден ықтимал.
Қазақы дүниелердің көгілдір экранның төрінен орын алмауын тілейтін адам кем де кем болар. Жаңадан шыққан мультфильмдерді кқрмек түгілі, пайда болғанынан бейхабар халықтың күтері де аз емес. Себебі әрбәр адам баласының қанына ұлттық идеологияны сіңіруді қалайды. Үміттері әлі-ақ от боп лаулайтынына сенімді қазақтың сезімі жерде қалмай, ұлттық құндылықтарымыз өрлей берсе екен. Себебі біздің ұлттық байлығымызда батысқа тойтарыс беретіндей Алпамыстың күші бар емес пе?!
Гүлнұр Қуанышбекқызы
