Үндістан Республикасының әскери делегациясы Ұлттық қорғаныс университетінде болды
Қазақстанның әскери білім жүйесімен танысу мақсатында Астанаға Үндістан әскери делегациясы келді. Оның құрамында Үндістан Республикасы Ұлттық қорғаныс колледжінің тыңдаушылары болды.
Үндістан әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің Әскери және мемлекеттік басқару факультетінде болып, меймандар Қазақстандағы жоғары әскери оқу орнының құрылу тарихымен, міндеттерімен және оқыту әдістемелерімен танысты.
Факультеттің құрылуы Қазақстан Қарулы Күштері үшін айтулы оқиға. Қазақстанның әскери білім жүйесінде жедел стратегиялық деңгейдегі мамандар даярлауда ол жоғары бағаланады. Оның құрылғанына дейін қазақстандық генералдар мен офицерлер мұндай деңгейдегі білімді тек шетелдерде алған болатын. Факультетте алғаш білім алатын офицер тыңдаушылар 2011 жылы қабылданды.
– Факультеттің негізгі міндеті стратегиялық, жедел-стратегиялық және әскери жедел басқару органдарында негізгі лауазымдарын сеніммен атқара алатын жоғары дәрежелі офицер кадрларын даярлау болып табылады,-деді шетелдік делегациямен кездесуінде ҰҚУ Әскери және мемлекеттік басқару факультетінің бастығы полковник Альберт Мухаметов.
Факультеттің қызметімен танысу барысында Үндістан ұлттық қорғаныс колледжінің тыңдаушылары ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери білім беру жүйесі туралы толық мәлімет ала алды. Меймандардың пікірінше, бұл жолғы сапар Қазақстан мен Үндістан Қарулы Күштерінің достық байланыстарын нығайту мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
