Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Назарбаев университетінің тұңғыш түлектері қолдарына диплом алды

Осыдан бес жыл бұрын ашылған Назарбаев Университетінің алғашқы түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Бұл шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.

«Бұл еліміздегі білім беру жүйесінің ең айшықты күні болып табылады. Еліміздегі әлемдік деңгейдегі тұңғыш университет студенттерінің алғашқы легін біз үлкен өмірге шығарып отырмыз. Біз университетті құрғанда өз елімізде әлемдік деңгейдегі мамандар дайындауды жолға қоюды мақсат еткен болатынбыз. Бүгін сол мақсат толық орындалды. Университет түлектерінің білімі әлемдік ең жоғарғы оқу орындарының талаптарымен толыға түсті. Бұл менің тікелей бастамам мен қамқорлығымның нәтижесінде жүзеге асқанын білесіздер. Ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі мен тәжірибесінің арқасында мүмкін болды. Жас өрендеріміздің ғылым мен білімге құштарлығы, ізденісі арқылы орындалды. Осылайша, Назарбаев Университеті толыққанды білім беру орталығына айналды», – деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы Назарбаев Университетінің түлектері Қазақстанның жарқын болашағына аянбай еңбек ету керектігін атап өтті.

«Білім беру ошағының түлектері болашақта Қазақстанды түбегейлі жаңартуға, мен айтқан «100 нақты қадамды» орындауға, елімізді ары қарай дамытуға атсалысатынына сенемін. Баршаңызды осынау тархии сәтпен және университеттің алғашқы мерейтойы – бес жылдығыменен шын жүректен құттықтаймын. Болашақта оқу орны сан мың түлекті түлетіп ұшырады. Себебі, Назарбаев Университеті «мәңгілік елдің» маңдай алды білім беру ошағы»,-деп атап өтті Н.Назарбаев.

Назарбаев Университетінде алғашқы түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  осы оқу орнының түлектерін Астанадағы болашақ қаржы орталығында жұмыс істеуге шақырды.

«Жолдың ар жақ бетінде ЭКСПО-2017 көрмесінің ғимараттары салынып жатқанын көріп отырсыздар. Халықаралық көрме аяқталғаннан кейін бұл жерде дүниежүзілік қаржы орталығын салу туралы Жарлыққа қол қойдым. Ол әлемнің ең таңдаулы қаржы орталықтарының стандарты бойынша жұмыс істейтін болады. Іс-қағаздарының барлығы ағылшын тілінде болады, сот ісін жүргізу ағылшын тілінде болады. Ол орталық  отандық экономиканың ең басты локомотивінің біріне айналады. Университеттің жанында салдырып жатқанымның да бір мәні бар. Оның жұмысын жандандыруға осы университеттің түлектері өз үлесін қосады деп сенемін»,-деді Президент түлектерге қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда Елбасы Назарбаев Университеті «ЭКСПО» көрмесіне және болашақ  қаржы орталығының іргелес болуы бекер емес екендігін атап өтті.

«Сендер әлемдік білім ордасында оқып, әлемдік қаржы орталығында еңбек ететін боласыңдар. Біз сендердің алаңсыз білім алып, қалаған кәсіптеріңнің шыңына жетулерің үшін барлық жағдайды жасадық. Бүкіл еңбегімізді, ерік-жігерімізді ұрпақтың болашағы үшін сарп етудеміз. Тәуелсіздік жылдарындағы ең қиын кезеңге қарамай қолға алғанымыз- ол жастарға білім беру», – деді Мемлекет басшысы.

«Сіздерге өмірге жолдама бере отырып, біз өзіміздің асқақ мақсатымызға біршама жақындай түсеміз. Бұл – біздің сіздермен бірлескен ортақ жеңісіміз. Қымбатты достар,  бүгін біз барлығымыз бірлесіп, салтанатты сәттерді бастан кешірудеміз. Біріншіден, менің Астанада ғылым-білім орталығын құру арманым орындалды. Біз  университеттің ендігі уақытта қалыптасқанын көріп отырмыз», – деді Елбасы.

ҚР Президенті екіншіден, өзінің атын иеленген универсиеттің алғашқы диплом иегерлері алдында отырғандығын атап өтті.

«Университет ізашарлары сіздердің соңдарыңыздан келесі түлектер жаңа өмірге аттанатын болады. Дегенмен, бірінші болу бақыты сіздерге бұйырды», – деді Мемлекет басшысы.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

 
0
0
545

Осы тақырып бойынша

Назарбаев университетінің тұңғыш түлектері қолдарына диплом алды - Yvision.kz