ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Найман & Арғын. Аралас тарих.

Батыс ғылыми этнографиясында «аванкулат» деген ұғым бар. Қызық нәрсе. Подвигнуло меня даже на исследование «Аванкулат не ұзынқұлак». Бір-екі сөзбен, қазақтың тілімен айтқанда - нағашы жұртты әспеттеу, ардақтау, ата жұрттан кем көрмеу. Бұндай тәлім әлемде санаулы ұлттарда ғана бар, дені - көшпелілер. Қызығы, Еуропадағы теңіз көшпелілері «vikingler(де)» де бар. Олардың аңыздарында арғы аталары Ас тайпалары («Ас» Құлтегін жазуында да кездеседі) Қара теңіз бен Азау жағалауынан солтүстік Еуропаға көшкен. Азау жағасындағы Азаулы қаласын біздің Доспамбет «Азаулының Истамбулдан несі кем?!» деп жырлаған. Викингтердің құдай көсемі Одинді (сөлтүстік көне жырларында шын есімі Sigge-Igge-Ege делінеді) әкесімен бірге нағашы атасы Белторн тәрбиелеген, өсіп-жеткеннен кейін қолына «қырық серкешін» тапсырған. Ана жұртын ата жұртынан кем көрмеу еуропа ғалымдарының түсіндіру бойынша матриархаттан қалған дүние. «Нағашы», оларды айтуы бойынша - The image of a mother in a man's guise – Образ матери в мужском обличье – Ер кейпіндегі ана бейнесі. Ана жұртты қадірлеуде бар ел-тайпалардың алдында қазақтар болар. Қазақ үшін «нағашы» ата жұрттан кем емес. Кейбір халықтарда (жойыттарда) ананың қаны басымырақ. Қазақта жігіттің жақсысы нағашыдан дейді.

Алдыңғы посттарым нағашыларым Арғын-Тобықтылардың тарихына арналады.

Арғын & Найман. Аралас тарих.

Мен өз талайыммен, шарқыммен жасаған Ата-Ана жұрт шежіресін «Найман – Арғын қосылса» (https://yvision.kz/post/850448) деп айдарлағам. Найман мен Арғынның аты тарихта да, шежіреде де бірге жүреді. Найман "Сегіз өзен елі" болса, Шәкерім қажы Арғын атауының «қисындысы түрік орхонский надпистағы ұлығ Ерген деген сөз сықылды көрінеді» дейді. Аристовқа сүйене отыра Шәкерім «қара қытайдың алғашқы ханы Амбахан тұсында Байергун, яғни арғын айтылады да, найман жоқ», ал «Шыңғыс ханның тұсында арғындар найманға қараған, сондықтан ол заманда арғындар аталмаған. Керейлер өз алдына бір ханға қарап тұрған». (Расында, бала кезімнен В. Янның «Шыңғыс хан» кітабынан бастап, басқа кітаптардан да Қаған заманынан Арғынның атын іздеп таба алмағам, таба алмайсын да). Шәкерім «Шыңғыстың баласы Шағатай қол астындағы елді айтқанда, арғын наймандармен (бірге) Еміл, Қаратал, Нұра өзенінде жүрді дейді. Осы сөздерден мағлұм болды, бір кезде арғын күшті болып, найман оған қарап, бір кезде найман күшті болып, арғын оған қарағандығы».

Қосанжарланған, бір-біріне жабысқан айналма тарихы бар екі ұлыстың.

Ескіні зерттеуші бірегей ғұлама Шәкерім қажы Құдайбердіұғлы

«Және менің ойымша, - дейді Қажы, - біздің осы орта жүздегі Арғынның атасы Әбілғазы ханның шежіресінде айтылатұғын Ойрат Арғын деген кісінің нәсілі болса керек. Бұрынырақ байырғы жерін (осы күнгі Моңғол елің, Е.М.) қимай отырып қалғандар, қалмақ ойрат атанғандықтан Арғын аға сондағы қалмақ атанып, қалған елдің ішінде Байергун яки Үлұғ Ерғын атанған арғыннан болса керек» дей келе айтқанын толықтыра былай айтады: «Шыңғыс ханның кенже баласы Толу үлкен хақан болған кезде, Ойрат атанған елден Арғын Аға деген кісіні Хорасан деген жерге хан қойған. Сол мұсылманша 440 жылы, орысша 1262 жылы еді. Он жылдан сон Арғын аға өлген сон Толудың баласы Мәңгу хақан оның орнына өз інісі Һәләку (Хулагу), яғни қазақша Әлеке ханды жіберген».

Шәкерімнің ойынша «Арғын» (Арғын ата) антропонимі (адам есімі) «арғын» этнонимімен (елесіммен) тікелей байланыста. Қажының Шежіресіндегі Арғын Ата Шыңғысханның кенже ұлы Төленің замандасы. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихында» Төленің шөбересі, Хұлағу ханның немересі Абақа ханның ұлының аты да Арғын болған. «Арғын» есімі мұғулдар үшін киелі болу керек, егер ол олардың ата жұрты Ергене қонмен байланыста болса. Тағы да бір көңіл аударатын жәйіт: Рашид ад-дин бойынша Арғынның ұлының аты (Улжайту) Олжайту сұлтан, қыздарының аттары Олжатай мен Олжайтемір. Олжай есімі кейінгі Арғын-Тобықтылардың ішінде де кеңінен тараған («Үш Олжай», тағысын тағы). Байырғы дәстүрдің жалғасы болар.

P.S. Есімдер Рашид ад-диннің шығармасынан бұзылмай алынған (Жамиғ ат-тауарих (Тарихтар жинағы), Халықаралық Түрік Академиясы, 2018 ж., парсы тілінен аудармашы Оразхан Зәріпбай). Ешқандай «Аргун», «Толу» емес, Фазлуллах Хамадинидің шығармасының түпнұсқасында осылай қазіргі қазақ транскрипциясына жақын жазылған.

Төменгі суретте Төленің немересі Арғын Хулагу империясының болашақ ханы Ғазанды иығына салып көтеріп тұр.

Rachid al-Din - Rachid al-Din, Djami al-Tawarikh, 14th century. Reproduction in Genghis Khan et l’Empire Mongol by Jean-Paul Roux, collection “Découvertes Gallimard” (nº 422), série Histoire.

Abaqa On Horse, Arghun Standing, Ghazan As A Child

Алашта Арғын ата туған зерек...

Қазақ хандығының алдындағы Әбілхайыр ханның әкесі Даулетшайых - Толошықұланның оң жағындағы шоң кеңесшісі қазақ шежіресіндегі Арғынның ұлы Қодан тайшы болған.

Қодан тайшы (Қадан тайшы) атты тұлға Рашид ад-диннің «Тарихтар жинағында» да кездеседі. Ергене коңға мұғұлдарды ( مغولی) бастап әкелген екі баһадүрдің бірі Қийан, оның ұрпағы (Бурта Чина) Бөрте Шынаның кіндігінен тараған Шыңғыс ханның үшінші атасы әйгілі Қабыл ханның төртінші ұлы болған Қалдан тайшы. Қабыл хан Қытайдын императоры Алтан ханды сақалынан сүйреген дүлей баһадүр. Рашид ад-дин Қадан тайшыны батыл, онымен қоса байсалды және ақылды баһадүр ретінде суреттейді. «Жау келіп (біздің) есік алдымызда тұрғанша, (біз) жаудың есік алдында барып тұруымыз керек». Соғысқа, ұрысқа байланысты айтқан оның басқа да максималары бар: "Жау әлсіз болсада шайқасқа кірерде бөспе сөздердің айтудың қажеті жоқ, әрі өз дәрежеңнен жоғары түруда жарамайды» («Жамиғ ат-тауарих», Астана, 2018, 249 б.). Рашид ад-дин Қадан тайшының "ұрпағынан көптеген рулар мен әмірлер тарады, олар туралы хикаялар (өте) көп" дейді. Қазақ Арғынның ұлы қазақтың Қодан тайшысы да осындай кемеңгер болған болар, болмаса Әбілқайырдың әкесі Толошықұлан ханның оң қолы болар ма еді...

Қазақ антропонимикасы (есімдерді зеттейтін ілім) үшін Қодан Тайшы «жұмбақ» есім. Көп жерлерде (Сәбит Мұқанов, т.б.) «тайшы» "ақын" дегенді білдіреді дейді. Бұл жансақ пікір. Шыңғыс ханнан бергі заманда Тайшы (монғ. ᠲᠠᠢᠢᠵᠢ, ᠲᠠᠢᠢᠽᠢ тайж; қытайша 太子 taizi) атадан балаға берілетін мансұқ ретінде көрсетіледі. Төлені ұлы Құбылай хан қытай жерінде құрған Юань империясында билеуші мұғұлдардың ұрпақтары тумасынан «тайшы» аталған. Юань құлағаннан кейін ата жұртқа оралған Құбылайдың кез келген ұрпағы тайжы, билікке ілінгендер «қонтайжы» аталған. XVII ғасырда мемлекет құрған моңғол тілді жоңғар билеушілері үшін «тайжы» лауазымға айналды. Шыңғыс ханның ұрпағы болмасанда соған жақын. Ал қазақ лұғатында «тайшы» сөзі байырғыдан бар. «Бес жүз бес сөз» деген жинақта (Алматы, «Рауан», 1994 ж.) «Тайшы атағымыз болмаса да, қойшы атағымыз бар» деген мақал келтіріледі (өзін жасанды кемсіткісі келгенде айтылады: «керемет атағымыз болмаса да, қойшы атағымыз бар»).

«Алмас қылыш» фильміндегі Арғын Қодан тайшы.

Қодан-Қотан тайшының ақындығы туралы бергі қазақи дәуірде көп айтылады. Сондықтан болар Сәбит Мұқанов «тайшыны» «ақын» деп түсіндіргені. Бір ретте Уақ Жарқын би арғын Жанақ ақынға «Атаңда ақын болган кім бар?» деп сұрағанда, Жанақ: «Алашта Арғын ата туған зерек, / Өзгеден сол кісінің жөні бөлек. / Арғынның түп атасы ақын Қотан, / Өлеңге бізден ұста болса керек»

Төменгі жолдар Жанақтың сөзің растайтын ел аузында сақталған тоқсанға таяғанда зарлаған Қадан тайшының айтқаны: "Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным? / Сексен асып таянғанда тоқсанға, / Тұра алмастай үзілді ме, жұлыным... / Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың...». Мұхтар Мағауиннің бағалауынша «бояуы қою, суреттері ашық» осы шумақтар «қазақ әдебиетіндегі ең көне жолдар», ал «Қодан – қазақ ақындарының ақсақалы».

Қазақ ауызша историографиясында, тарихнамада, шежірелерде Қоданның ұлы Дайырқожа әке жолымен Толошықұланның ұлы Абылқайырдың кеңесшісі, биі болады. Әділдігі үшін Ақжол (би) атанған. Қазақтың (арғынның, найманның, қыпшақтың біразының) ҚАЗАҚ ШЫҒУЫНА (Әбілқайыр ұлысынан бөлінуіне) осы Ақжол Бидің өлімі бірегей себеп болған дейді Шәкерім Қажы: «Біздің осындағы арғындардың атасы Дайырқожа Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы екен. Билікті әділ айтқандықтан Ақжол би атаныпты. Және Қара Қыпшақ Қобыланды да ханның сүйікті адамы екен. Екеуі іштей жауласып жүргенде, бір күні Қобыланды Дайырқожаны далада өлтіріп кетіпті. Мұны әз-Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілхайыр берейін десе, көп қыпшақ бұзылатын болған соң, бере алмай, үш кісінің құнын ал деген соң, бұған Жәнібек өкпелеп, бөлініп кетеді».

"Алмас қылыш" фильміндегі Қара Қыпшақ Қобыланды

Бұл Шәкерімнің шежіресінде. Ал әлемдік тарихнамада теңдесі жоқ "Қазақтың түп атасы" поэзиялық тарихнамасын былай делінеді: Билеген бергі шетті Әбілқайыр / 1450 жылдың шамасында. / Осы кез біздің «қазақ» атанғандық, / Түрікте бір әдет бар ескі заңдық – / Тамызып, қанын сүтке қосып ішіп, / «Анда» деп жасайды екен туысқандық... / Анда боп қан қосылған қарындасы. / «Ел болып, өз еркімен еркін жүрген» / деген сөз – қазақтықтың мағынасы. / Қазақтың Әз Жәнібек ханы болған, / Билеген сыртын ноғай заңы болған. / Арғынның арғы атасы Дайыр қожа, / Дейтұғын бір әділ би тағы болған. / Ол биді Әбілқайыр жақсы көрген, / «Ақжол» деп оң тізеден орын берген. / Қобыланды Қара қыпшақ батыр еді, / Намыс қып күндестікпен шайтанға ерген. / Өлтірген аңдып жүріп Ақжол биді, / Қазаққа осы жұмыс ауыр тиді. / Қысасқа Қобыландыны өлтірем деп, / Жар салып, Әз Жәнібек халқын жиды. / Жалынған «үш кісінің құнын ал» деп / Алмаған «бізге керек емес мал» деп. / Бермеген Әбілқайыр Қобыландыны, / «Мұны өлтірсең, қалған ел бұзылар» деп. / Сондықтан өкпе қылып қазақ көшкен... / Әскерін үшке бөлген Әз Жәнібек, / Ұлы жүз, Орта жүз бен Кіші жүз деп...

Әз-Жәнібек хан (Керей ханмен бірге)— Қазақ Ордасын құрушы, қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы.

Қазақ «қазақ болып шыққан» дәуір ғой бұл кез. Ақжол Би, толғауда айтылғандай – «адасқанда жол салған бұл Ноғайдың ұлына» - өз өлімімен қазаққа жаңа дара, дербес жол салып кетті.

Жазғанымызды түйіндей келе (summary), мынаны нық айтуға болады: Найман-Арғын байырғыдан аралас-құралас ел болған (Шәкерім куә), Арғындардың (Наймандардың да) ата жұрты - Ергенөкен (бірінші түбірде "арғын" атауының жаңғыры бар), Ұлы Түрік Елінің мәйегі. Ал қазақтың "қазақ шығуына", Қазақ Ордасының дөңгеленуіне (тағы да Шәкерімге илансақ, иланбауға жөн жоқ) - Арғын ата ұлдары болған себеп...

Жалғасы бар...