Отан оттан да ыстық демекші, 6 жылдан астам уақыт шетелде тұрып, үйді аңсайды екенсің. Келе жатқан, болып та жатқан Наурыз мерекеміз құтты болсын!
Наурыз - адамдардың бірін-бірі кешіретін, көріспегендер көрісетін мейрамы. Дей тұрғанмен, менің байқағаным біздің халқымыз аса кішіпейіл елге жатпайды. Әуежайдан бастап, подъездегі тәтеге дейін ә десең, мә деп тұра шабуға дайын тұрады. Бұған аса мән бермейтін едім, алайда Қазақстаннан ұзап кеткен сайын халықтың мүлде басқа бола білетінін көрдім. Психологтар айтады, адам мінезін өзгерте алмайды, бірақ іс-әрекетін өзгерте алады. Ақжарқын болуды үйренейік!
Әуежайда паспорт тексерушілердің күле қарсалғанын көрмейсің, такси-такси деп айқайлайтын ағалардың асыққанын көресің келген бетте. Бұл әсерлер, Қазақстан азаматтары үшін қалыпты, етіміз үйреніп кеткен, ал қонақтар ше? Бір келген адам екінші рет келгісі келмей, аяғы кері басып тұрар деп ойлаймын.
Туризмді дамытамыз деп жар саламыз, туризм дегеніміз қонақжайлылық. Біз қаншалықты қонақжаймыз? Жылына 1-2 мейрамда көже таратып, бет көріскенде ғана ма? Ал басқа уақыттарда ше? Мына тұрған Монголия этнотуризм жағынан бізден озып кеткелі қашан! http://traveliving.org/altai-tavan-bogd-national-park-mongolia/ Біздің Алматыға жақын ауылдарда неге этнотуризм жасамасқа?
Біз әуелі өзіміз өзімізді сыйлап үйренгенде, жылы шырай танытуды үйренгенде Наурыз мейрамының концепсиясы толығымен іске асады деп сенемін. Туризм белгілі бір министрліктің пайда табуы деп тағы енжар қараймыз. Туризм деген сіз бен біз сияқты халықтың қонақ күтуден тапқан пайдасы, қарапайым халықтан соң қонақүйлердің қызметі, кейіннен туризм кешендері пайда көре бастайды.
Өз еліміздің тұрғындары ішкі барыс-келісті дамытса, болашақта шетелдіктер келсе.. Оларды алдамай адал қызмет көрсету арқылы, туристер бізге Дубаи сияқты болмаса да, бәрібір ағылып келіп жатса, қазақ деген қонақжай екен деп. Қонақжай бол дегенде бұл әрекетті тегін жаса деген ешкім жоқ, бір бағасы болу керек және ең бастысы һәм маңыздысы ЖЫЛЫ ШЫРАЙ таныту.
Халқы байыған мемлекет ішкі мәселесі шешілген, бір мысқал дамыған ел болады.
Наурызымыз оң болсын! Ақ мол болсын!