Нан неге қымбаттады?
Еркін айналым эстафетасы валютамыздан кейін нанымызға берілді. Ауыл шаруашылық министрлігі нан бағасын субсидиялауды тоқтату туралы шешімді былтыр жыл аяғында-ақ қабылдаған болатын. Жұрт алдын ала хабардар болғасын ба, әйтеуір байбалам салып жатқан ешкім жоқ.
Орал қаласында нан бағасы ақпанның алғашқы күндері 15-20 теңгеге көтерілді. Әлеуметтік нан бағасы әзірге 50-55 теңге көлемінде. Облыс бойынша 93 наубайхана бар. Олар бағаның өсуін ұн бағасының көтерілгенімен байланыстырды.
Экономист мамандар нанның нақты қай бағаны ұстап қаларын айту қиын дейді. Өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты аймақтарда әртүрлі болмақ. Яғни нарықтың өзі біледі.
Үкімет 6 жылдан бері нан өндірушілерге қолдау көрсетіп келді. Оларға бидай нарықтық бағадан арзан сатылып отырды. Субсидияларға жыл сайын 7-8 млрд теңге, кей жылдары тіпті 12-15 млрд теңге қаражат жұмсалған. «Соңғы 5-6 жыл ішінде Үкімет ақшаны бірінші сұрыпты нан мен бөлке нан бағасын төмендетуге жұмсалған ақша көлемі кейбір жылдары 12-15 млрд теңгеге дейін барды. Бір жарым жыл бұрын субсидия нормативтері қысқартылып, нан бағасы нарық бағасына жақындауы керек деп шешілген. Бәсекелестікті дамыту үшін нарықтық баға болуы керек»,- деді ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков. Министр мырзаның сөзінше, барлығы үшін бірдей бағаны ұстап отыру мемлекет үшін қымбатқа түседі. «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараты бойынша, егер нан бағасын белгілі бір топ үшін ғана арзандататын болсақ, бар болғаны 1,5 млрд теңге керек екен. Неліктен дәулетті адамдар нан үшін аз ақша төлеу керек, бұл әлеуметтік әділетсіздік»,- деген болатын ол.

Нан бағасын реттеуге қатысты жүйе күрделеніп кеткен әрі жемқорлықтың иісі шыға бастаған. Мәселен, нан тек жергілікті бюджет деңгейінде ғана арзандайды да, жоғарыдан бөлінген қаржының арзан бағамен берілетін ұнға қаншалықты тура баратындығы белгісіз. Бәсекелестік те жоқ, жаңа инновациядан да жұрдай. Үкімет араласып нанды арзан қып ұстап отырғасын барлық қалаларда тек ескі, кеңестік нан комбинаттары лекерлеп жұмыс істеп тұр. Инвесторлар мемлекеттің бағаны ұстап тұруға тырысатынын білгесін жоламады. «Біздің әлемдегі ең үздік бидайымыз заманауи технология жоқтығынан дәмсіз нанға айналады» деп Мамытбековтың өзі айтқаны бар. Ия, әлем бойынша бидай өндіруден жетінші орында болсақ та нан екеш нанды да оқсата алмай отырмыз.
«SANA»
