ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Қостанай облысында 4 арнайы жоба жүзеге асады

Бұл туралы, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын түсіндіру аясында, бүгін Қостанай қаласында 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша өткен семинар-кеңес барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорға министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.

Шараға облыстық басқармалар басшылары, аудандар мен қалалар әкімдері, аудандық және қалалық жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталықтарының жетекшілері, Қостанай облысындағы өңірлік Кәсіпкерлер палатасының, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалдарының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, екінші деңгейлі банктердің және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінің басында, ведомство жетекшісі, Мемлекет басшысы өзінің халыққа соңғы Жолдауында үшінші жаңғырту кезеңіне көшу қажеттігін жариялағанын атап өтті. Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 ел қатарына кіруін қамтамасыз етуді көздеген бұл қадам, әлеуметттік-еңбек саласындағы бірқатар міндеттерді шешуге де септігін тигізбек.

«Бірінші белес, ол – еңбек нарығын жаңғырту. Мұнда бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Алғашқы кезекте, өзіндік тұрғыда еңбекке орналасу мен жекеменшік іс ашу үшін еңбек ресурстарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік аясын кеңейткен жөн деп санаймыз», - деді Тамара Дүйсенова.

Министр, өткен жылы, жұмыс берушілер ұсынған 26 мыңнан астам бос жұмыс орны сол күйі жабылмай қалғанын еске салды. Аталған орындарға, білімі тек мектеп деңгейінде болғаннан кейін, экономикалық белсенді санаттағы 26 пайыз жас азаматтар қол жеткізе алмаған. Ал жоғары және орта арнайы оқу орындары түлектерінің басым бөлігінің мамандығына еңбек нарығында сұраныс байқалмаған немесе біліктіліктері жұмыс берушілердің талаптарына сай келмеген.

«Тиісті түйткілді күрделендірмей, еңбек ресурстарының біліктілігін көтеру үшін, Елбасы тапсырмасы аясында жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы (әрі қарай – Бағдарлама) жасалып шықты. Басты мақсат – отандастарымызды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерге немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру.

Осыған байланысты, бізге, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, бастапқы сәтте құрылатын жұмыс орындарының санын анықтау қажет. Бұл жұмыс басталып кетті және алдын ала есептеулер бойынша, мемлекеттік, салалық және өңірлік даму бағдарламаларын жүзеге асыру аясында құрылатын жұмыс орындарының жалпы көлемі 154 мыңға жуықтайтын болады. Сонымен қатар, азаматтарға, еңбек нарығында зәрулік сезілетін кәсіптер тізімін яки кәсіпкерліктің басым бағыттарын ұсынған абзал. Тізім, жергілікті атқарушы органдар қалыптастыратын кешенді жоспарға және жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталықтары мен электрондық ресурстарға жолдайтын бос орындарға қатысты жасақталады. Тағы бір маңызды жайт, азаматтарға алғашқы ретте техникалық және кәсіби білім беру (әрі қарай – ТжКБ) орындарында тегін білім алуын және де келесі кәсіпті игеруде қысқамерзімді курстарды қамтамасыз еткен ләзім. Осы орайда, мемлекет, оқуға кететін шығындарды толық жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеліп, ТжКБ нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық ас беріледі», - деді Тамара Дүйсенова.

Қысқамерзімді курстардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін, жергілікті атқарушы органдармен тізе қосқан райда, төмендегідей арнайы жобалар атқарылмақ:

- үй ішінен шағын балабақшалар ашуға мүмкіндік бере отырып, зейнеталды жастағы әйелдерді өнімді еңбекпен қамту мақсатында, мектепке дейінгі жастағы балаларға тәрбиелеушілер мен кәсіби бала бағушылар дайындау;

- арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж тұлғаларға қызмет көрсету үшін әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшілер даярлау және аталған азаматтар санатына шағын сыйымдылықтағы үйлер ашуға жағдай жасау;

- «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске асырып жатқан «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне үйрету;

- еңбек нарығына қажет немесе жұмыс берушілер сұраныс білдірген кәсіптерге оқыту;

- жаппай компьютерлік сауаттылыққа оқыту.

Алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін, мобильді оқу орталықтары ұйымдастырылмақ: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында арнайы дәрісханалары бар жылжымалы кешендер түрінде; шалғай ауылдық жерлерде аз сыйымдылықтағы мектептер ауқымында; жұмыс берушілер мүмкіндігін пайдалана отырып.

Оқу сабақтары аяқталған соң, әр Бағдарлама қатысушысының білімі мен шеберлігі, меңгерген дағдылары тәуелсіз бағалаудан өтіп, оның нәтижесінде оларға сертификаттар табысталады. Сертификат алған адамдар өздігімен жұмысқа орналаса алады және бос жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне жіберіледі. Сондай-ақ, несие алып, дербес іс ашуға мүмкіндік тумақ.

«Қазіргі уақытта ұсынылған 8 жобаның төртеуі Қостанай облысында жүзеге асырылады деп жоспарланған: «кәсіби бала күтуші», «бос жұмыс орны», «компьютерлік сауаттылыққа оқыту» және «кәсіп», - деп байыптады министр.

Тамара Дүйсенова, Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылдарда және шағын қалаларда Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетінін хабарлады. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өскен (18 млн теңгеге дейін) және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін). Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Осымен бірге, Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетін несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.

Осы жылы Бағдарламаны жүзеге асыруға 85,3 млрд теңге бюджет қаржысы қарастырылған.

Министр, еңбек нарығын жаңғыртудағы келесі шара ретінде, жұмыс күшінің бір саладан екіншісіне ауысуын басқаруды атады.

«Бұл мәселе әлемдік экономиканың даму қарқынында да аңғарылады. Жаңа технологиялардың енгізілуі мен өнімге сұраныстың өзгеруіне байланысты, өндірістің салалық құрылымы басқаша сипатқа енуде. Егер 80-ші жылдары ұлттық экономикада жұмыспен қамтылған халықтың көп бөлігі өнеркәсіп секторында шоғырланған болса, соңғы жылдары қызметтер секторына ойысты. Жаңа өндіріс түрлері мен мамандықтар пайда болды. Осыған байланысты, бізге, жұмыс берушілермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жаңа технологиялар енгізіп жатқан және жұмыс орындарын қысқартуды жоспарлаған салалар мен кәсіпорындар тізбесін анықтау керек. Сонымен қатар, арнайы дайындық өткізу мен босаған жұмысшыларды басқа қызмет түрлеріне бағыттауды қамтитын Жол картасын жүзеге асыруды қамтамасыз еткен жөн», - деп нақтылады Тамара Дүйсенова.

Елдегі еңбек нарығын жаңғырту барысында, бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық дерек жинастырылатын, Біртұтас электрондық биржа құрылмақ. Осы ретте, ағымдағы жылы, жұмыспен қамту орталықтарының іс-қимылына өзгерістер жасалмақ.

Қызмет көрсетудің жаңа стандарттары түзіліп, жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік мекеме сипатынан шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып өзгеретіні қарастырылуда. Бұл арқылы, жекеменшік саладағыдай, орталық қызметкерлерінің еңбегі түпкі нәтижесіне қарай төленбек. Сонымен бірге, жұмыспен қамту орталықтары жаңа компьютерлермен жабдықталып, министрліктің барлық ақпараттық жүйесіне және эталон базаларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін бағдарламалық кешендер орнатылмақ. Көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту мақсатында, үстіміздегі жылы, Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында электрондық кезек енгізу көзделуде.

«Бүгінде, біз, жергілікті атқарушы органдармен аталған өзгерістерді іске асыру кестесін келістік. Өңір тұрғындарының әлеуметтік жақсы жай-күйін қамтамасыз етіп, жұмыссыздыққа жол бермеу үшін, жергілікті атқарушы органдар белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Осыған байланысты, жаңа Бағдарлама аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жайлы бұқаралық ақпарат құралдары бетінде және халық арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуді сұраймын.

Мемлекет басшысының нұсқауы бойынша жасалған және биыл бастау алған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, Қостанай облысының еңбек нарығына тың серпін сыйлайды деген сенімдемін», - деп түйіндеді министр.

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында, Тамара Дүйсенова, аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің халық алдында есеп беру кездесуіне қатысады.