«Нұр Отан» партиясы елдегі саяси күш ретінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын қолдайды

«Нұр Отан» партиясы елдегі саяси күш ретінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын қолдайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті.
Оның атап өтуінше, бүгін партия саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда саяси шешім қабылданған. Б.Байбек партия мәлімдемесін Қазақстан халқына жария етті.
«14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі 2015 жылы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. «Нұр Отан» партиясы елдегі саяси күш ретінде аталған бастаманы қолдайды. Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таралып, күрделі геосаяси қысымның салдарынан жағдай шиеленісе түсуде. Дәл осы кезеңде тіпті әлемнің ең дамыған елдерінің өзінде де ксенофобия, діни төзімсіздік өршіп, радикалды қозғалыстар күш алуға айналды. Елбасы «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінде атап айтқандай, «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өте алатын болады». Қазақстан жаһандық дүниенің бір бөлшегі болғандықтан, сыртқы теріс ықпалдардан тыс қала алмайды.Сондықтан, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды, экономика өсімін қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылданды», - деді Б.Байбек «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мәлімдемесін жария еткенде.
Мәлімдемеде осындай жайттарды ескере отырып, Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынғанын, экономика өсімін қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылданғаны айтылған.
«Нұрлы жол» бағдарламасы - бұл тек нақты, жете есептелген іс-қимыл жоспары ғана емес, бұл - келешектің инфрақұрылымына салынған аса ауқымды инвестиция, бұл - жұмыс орындары, қарапайым қазақстандықтардың жайлы тұрмысын сақтап қалу, олардң кемел келешекке деген сенімі. Бүгінгі таңда бірлік пен келісімді, тұрақтылықты нығайтудың, қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың маңызы зор», - деді Б.Байбек.
ҚазАқпарат
