Н.Назарбаевтың ҚР Парламентінің екінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі
Ақорданың ресми сайты Елбасы Н.Назарбаевтың ҚР Парламентінің екінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзін жариялады.

Құрметті депутаттар!
Құрметті Үкімет мүшелері!
Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабына сәйкес алтыншы шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялаймын.
Құрметті депутаттар!
Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын.
Жер-жерде сайлаушылармен кездесіп, жаңа ой-пікірлер жинақтады деп сенемін.
Биылғы сессия қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлайтын кезеңге сай келіп отыр.
Қазір әлемдік экономика аса күрделі кезеңдердің бірін бастан өткеруде.
Шекара талғамайтын терроризм мен экстремизм дүниенің барлық қиырын шарпып келеді.
Мұның бәрі жаһандық әлемнің ажырамас бөлігі – Қазақстанға да ықпалын тигізуде.
Соған қарамастан, біз заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап беру үшін зор қызметтер атқарып келеміз.
Еліміз Тәуелсіздік тарихының екінші ширегін тың қарқынмен бастайды деп сенемін.
Біз «Қазақстан-2050» стратегиясында көздеген мақсаттарымызға үздіксіз ұмтылатын боламыз.
Алдымызда үлкен міндеттер мен ауқымды жұмыстар тұр.
Бұл орайда, Парламентке де зор жауапкершілік жүктеледі.
5 институттық реформаны жүзеге асырудың Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету қарқынмен жалғасын табуы қажет.
Еліміздің дамуына қажетті көптеген заңдар қабылдау керек.
Олардың ішінде кезек күттірмейтін, қысқа мерзімде қабылдау қажет заңдар бар.
Мен кәсіби Парламентіміз өзіне жүктелген тарихи міндетін абыроймен атқарарына сенімдімін.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz
