ru
Мемлекет
Мемлекет
2 220 жазбалар14 тіркелуші
0

Н.Назарбаев: Қазақстанның G-20 саммитіне қатысуы үлкен мәртебе

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына сапарының қорытындысына арналған брифинг өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы отандық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында G-20 саммитіне өзінің екінші рет қатысып отырғанын және биыл ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен келгенін айтты.

«Жер шары тұрғандарының 70 пайызын және әлемдік экономиканың жартысын құрайтын мемлекеттердің басшылары бас қосатын осындай ірі іс-шараға қатысу – Қазақстан үшін зор мәртебе. Мұнда жаһандық экономика мен саясаттың салмақты мәселелері талқыланады, ірі өңірлік және әлемдік мәселелер, соның ішінде қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар әзірленеді. Бірінші сессияда сөз сөйлеген кезде мен осы барлық мәселелер жөніндегі Қазақстанның көзқарасын ұсындым. Саммиттегі пікірсайыс барысында ғаламның тынысын сезініп, әлемнің дамыған және дамушы елдерін алаңдатқан проблемаларын ұғынасың. Қазақстанға да осында көтерілген мәселелерді ескеріп, онымен алдын ала айналысуы керек», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның индустрияландыру және инвестициялар тарту бағытында уақтылы күш-жігер жұмсағанын айтып, оның қайтарымды болатынына сенім білдірді.

«Қазір жұмыссыздықтың төменгі деңгейін сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашуды ойластыру қажет, дағдарыспен күрестен экономикалық өсімге қадам басу керек. Біз 9 қыркүйекте өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы туралы айтатын боламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті саммитпен қатар оның ҚХР-ға жұмыс сапары болып өткенін еске салды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз көтерген екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселесіне Қытай тарапы қызығушылық пен мүдделілік білдіріп отырғанын айтты.

«Біз бұған дейінгі уағдаластықтың барлық мәселесі бойынша, мәселен, Қазақстан аумағында бірлескен заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келдік. Бұл тізімге 51 нысан кіреді, бүгінде оның екеуі салынды, жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын төрт нысанның құрылысы биыл аяқталады. Бес жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд доллар болатын 5 кәсіпорын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы жұмысты қолдау үшін компаниялар арасында да, мемлекеттер арасында да бірлескен Қазақстан-Қытай қоры жұмыс істейді. Жібек жолын дамыту қорын да мысалға келтіруге болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-коммуникация байланысы екіжақты күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болып қала беретінін айтты.

«Жыл сайын Қазақстан мен Қытай аумағынан өтетін жүк транзиті көлемінің артып келе жатқаны байқалуда. Ақтау портын пайдалану айтарлықтай жанданды, осыған дейін олай болмаған еді. Бұл жағдай Қорғас құрғақ портының, ұзындығы 300 шақырымға жететін Қорғас-Алматы теміржолының және Батыс Еуропа – Батыс Қытай торабының құрылысына байланысты болып отыр. Логистикалық орталықтар құрылды. Бұл көлік тораптары өсім нүктесі болып саналады. Сондай-ақ, біз энергетика және технология салаларындағы ынтымақтастық туралы уағдаластық», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев аса ірі кен орны – Қашағанның іске қосылуына байланысты Қазақстан мұнайын жеткізу мүмкіндігі артатынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта біз ҚХР-ға 7 млн тоннаға жуық мұнай жеткіземіз, бұл көрсеткішті 20 млн тоннаға дейін арттыруға, сондай-ақ Қазақстаннан Қытайға газ жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Осының бәрі елдеріміз арасындағы тауар айналымын жаңа деңгейге көтеред»і, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылына егжей-тегжейлі тоқталды.

« Алғаш рет Қытайға азық-түлік бидайын, басқа да дәнді-дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Бұған дейін бізде мұндай болмаған еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр. Меніңше, бұл – қуанышты жағдай. Сонымен бірге, Қытай тарапының тауар мен фитосанитарлық сапа жөнінде қатаң талаптары бар. Біздің шаруалар соған дайын болуға тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қол жеткен уағдаластықтардың нақтылануына назар аударып, екі ел үкіметтерінің оны іске асыру үшін тиісті жұмыс жүргізу керек екенін атап өтті.

«Жақын арада Мемлекеттік Кеңестің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарлануда. Келіссөздер барысында елдеріміз бірлесе шешетін мәселелерді қосымша талқылайтын боламыз», – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясында басқа да мемлекеттер мен делегациялар басшыларымен екіжақты жемісті кездесулер өтіп, оның барысында өзара мүдделілік қалыптасқан түрлі мәселелер жөнінде мазмұнды пікір алмасулар болғанын айтты.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz