Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Нөмір-өмір...

Негізі әр аймаққа көлік нөмірлері әліпби бойынша берілді. Ал, мен мына жазбаны жыл басына таласқан жануарлар туралы аңыз ізімен жазып шықтым. Оқып көріңіз...

ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті облыс, қала әкімдерін жиып, жаңа көліктердің нөмірін таратыпты. Шығыс Қазақстан облысы мен ОҚО әкімінен басқасының бәрі жиналған. Шығыстың әкімі Бердібек Сапарбаев әлі күнге шейін адамның тізесінен келетін омбы қармен күресіп әлек екен. Ал, Асқар Мырзахметов болса Наурыз мерекесін 9 күн бойы 9 түрлі етіп атап өтеміз деп тойшылап жүр.

Қалған әкімдер түгел жайғасыпты. Дәл алдында қасқайып И.Тасмағанбетов пен А.Есімов әңгіменің майын тамызып отыр. Комитет басшысы сөзге келместен 01 – Астанаға, 02 – Алматы қаласына дегенде, бәрі жамыраса қолдапты. Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов орынсыз әңгімеге араласып,:

– Дұрыс қой, дұрыс. Астана – қазақтың елордасы. Алматы – Алаштың мәдени астанасы. Оның үстіне көліктің бәрі осы екі қалада, ажыратуға да оңай. Мен қолдаймын, – депті салған жерден.

– Ақмола облысы болмаса, Астана болмас еді. Астананың бұрынғы атауы Ақмола. 03- Ақмола облысына бұйырсын! – деді комитет төрағасы.

– Бұйырсын, бұйырсын! (барлығы хормен)

– Күллі әкімдердің арасынан Архимед Мұхамбетов ағамыз белсенділік танытып отыр. 04 – Ақтөбе облысына бұйырса қалай қарайсыздар?

Барлығы үнсіз келісіпті. Тек Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов «бұл қалай?» деп делқұлы болып отырғанда, комитет төрағасы «05 – Алматы облысы» дегенде барып көңілі жәй тапты. Түйе бойына сенем дептің кері осы болды. Жер қара, күн жылыда жұбы жазылмай келе жатқан төрттіктің арасына Архимед кіріп кетіп отыр. Егер сол жерде Үмбетов отырса, Архимедке «нан жоқ» еді ғой...

«06»-дан бастап жемқорлық жайлапты. «Аспанда Құдай, астымда мұнай!» деп келген Бақтықожа Ізмұхамбетов барлығының алдына түсіп, Атырауға «06» деген нөмір алып беріпті. Көршісінен қалсын ба, оның үстіне «07» қазақта киелі сан деп, жетілікпен БҚО әкімі Нұрлан Ноғаевтың қанжығасы майланды. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп «тараздық мінезге» басып келген жамбылдық әкім Қанат Бозымбаев «08» деген нөмірді иеленіпті.

Комитет төрағасы дәл бұлай жалғаса берсе, бір шикіліктің боларын сезіп:

– Алматыдан кейінгі ең үлкен қала Қарағанды. Тоғыз жолдың торабы Қарағандыда. Ендеше 09 – Қарағандыға бұйырсын, – деді. Алғашқы сандардың барлығын батыс пен оңтүстік иеленіп жатыр, солтүстіктің әкімдері « Біз тоқалдан тудық па?» демесін деп, 10 деген нөмірді Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасовтың еншісіне берді. Нұралының қуанышында шек жоқ. 10 деген жазуды арқасына жазып алатын командадағы беделді футболшылар құсап өзін асқақ сезінді. Бірақ, сонша қаракөздер жүрсе де, футболдан ұлттық құрамада 10 деген нөмірді Марат Хайруллин тағып жүр емес пе? Несі бар, бәрі де әділетті...

Комитет төрағасы:

– Ақмешіт – алғашқы астанамыз. Тек қазақтан тұратын жалғыз облыс та осы Қызылорда. Қазіргі нөмір бірінші спортшы – Илья Ильин, қазіргі нөмір бірінші эстрада әншісі Батырхан Шүкенов, қазіргі нөмір бірінші жазушы – Тынымбай Нұрмағанбетов Қызылордадан шыққан. Ендеше 11 саны қай жағынан алсаңыз да бірінші деген мағынаны береді, – деп Қырымбек Көшербаевты мәз қылып қойды.

12-ге келгенде Комитет төрағасы іркілместен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбековке салтанатты түрде табыс етті.

Алик:

– Маңғыстауға неге 12 бұйырды, білсем бола ма? – деді бал құсап.

– 12 айдың 12-нен бастап Маңғыстауда әлдебір дүмпу болмасын, халық көтерілмесін деп жүрегімізді қолымызға алып отырaмыз. Қалжың әрине. Кіші жүздің ішіндегі Он екі ата байұлы деген бар. Соның ең кенжесі, шаңырақтың иесі адайлар Маңғыстау жерінде емес пе? Міне, сол үшін, – деді комитет төрағасы. Расында жақсы ойластырылған екен...

Жамбыл мен Қызылорда алып жатқанда Шымкенттің тасада қалуы мүмкін бе? Егер Асқар Мырзахметов Наурызды ертерек тойламай, Берік Уәли екеуі қолтықтасып келетін болса, алғашқы үштіктің демей-ақ қоялық, бестіктен көрінері сөзсіз еді. «13» те жаман цифр емес. «Он үште отау иесі» демей ме атам қазақ.

Әсілінде солтүстікті орысы көп, қазағы аз деп көп шеттетеміз ғой. Қысыр қалмасын, «өзі жоқтың, көзі жоқ», Б.Сапарбаев келмеген өзінен көрсін деп 14 – Павлодарға, 15 – Солт.Қазақстанға бұйырды. Ерлан Арын мен таяуда ғана Солт.Қазақстан облысы әкімі болып тағайындалған Самат Ескендіров комитет төрағасына разылығын білдірді.

Жалғыз облыс қалды. Ол – Бердібек Сапарбаев басқаратын Шығыс Қазақстан облысы. 16 деген сан Шығысқа қалды.

Комитет төрағасы:

– Шығыс Қазақстан облысы нөмірде соңы болғанмен, әкімі Бердібек Сапарбаев өмірде алды ғой, – деп жұбатқан болды. Ал, таң атқаннан кеш батқанға дейін «аттан түспейтін», іскер, еңбекқор, көпшіл, қарапайым Бердібек Сапарбаев осы жаңалықты естіп, «Өмірде нөмірден де маңызды істер көп!» деп, кезекті шаруасына кірісіп кетіпті...

Жандос Байділда.

0
1
1473

Осы тақырып бойынша

Нөмір-өмір... - Yvision.kz