Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ұмытылған сөздердің жаңа тынысы

Ана тілі мен оқып жүрген шет тілінің (тілдердің) сөздік қорын молайтудың ең тиімді әдістері қандай? Осы сұрақты тіл мамандарына, тіл үйреніп жүрген әріптестеріңіз бен достарыңызға қойғанда, тіпті интернеттегі шексіз көп форумдар мен арнайы ресурстар көмегіне жүгінген кезде алуан түрлі әдіс-амалдар туралы хабардар болатыныңыз сөзсіз.

Өзім танитын ауызша аударма саласының танымал бір маманы тілді әрі аудармашы кәсібін жетік меңгергісі келетіндерге мынадай маңызды кеңес береді:

- сөздердің сөздіктегі бірінші көрсетілген мағынасын ғана есте сақтап, оны орынды-орынсыз пайдаланудан сақ болыңыз;

- сіз іздеген сөзге арналған сөздіктегі мақаланы ерінбей соңына дейін оқып шығып, сөздің басқа қандай мағыналарда пайдаланылатынына назар аударыңыз;

- әсіресе сөздің бұрыннан бейтаныс әрі айрықша мағыналарына көңіл бөлгеніңіз жөн болар;

- жаңа сөздерді түрлі мысалдар (тұрақты сөз тіркестері, мәтелдер, т.с.с.) мен есте сақтауға көмектесетін нақты әрі абстрактілі бейнелер көмегімен өзіңіздің күнделікті/кәсіби сөздік қорыңызға қосып меңгеріңіз.

Бұл әдістің еш қиындығы әрі жаңалығы жоқ, бірақ оны дейін қойып әрі шынайы қызығып қолданбайтын болсаңыз, тілдер мен мәдениетаралық байланыстар әлемінде біраз «тосын сыйларға» тап боласыз.

Бұл туралы неге сөз қозғап отыр дейсіз ғой?

Жақында «Абай жолы» романының үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) мәтінін салыстырып оқуды бастаған едім, бір жыл бұрын француз тілін оқып жүргенде болған мына бір қызық жайт есіме түсті.

Француз тілін оқып жүргендерге жақсы таныс Казакова деген ресейлік автордың оқулығында gay (гей) деген қазір көпшілікке «гомосексуалист», «бір жынысты махаббат иесі» мағыналарында таныс сөзінің бұрын мүлде басқа нәрсені білдіргенін көріп, қатты таң қалдым. Бұрын гей деп көңілді, жайдары, өмірге құштар адамдарды айтқан екен...

Бұл сөздің ағылшын тіліндегі тағдыры да осындай. Сөздің қай уақыттан бері және қалай басқа мәнде қолданылып келе жатқанын зерттеген жоқпын.

Қолда бар ағылшынша-орысша сөздіктерді тексеріп көрдім: 1999 және 2004 жылдарда шыққан Оксфорд сөздіктерінде gay сөзінің алғашқы мағыналары ретінде "көңілді", "бейберекет" деген нұсқалар, ал gay colours деген тіркес ашық түсті (ашық түстер) деп аударылатыны көрсетілген.

Ал аталған сөздіктің 2006 жылғы және В.К.Мюллердің 2016 жылғы жаңа сөздігінде бірінші орында gay сөзінің бізге қазір жақсы таныс «дәстүрлі емес жыныстық көзқарас/қатынас» мағынасы тұр.

Сөз соңында жоғарыда аталып өткен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан алынған мына сөйлемді аудару мысалдарын келтірейін:

түпнұсқада: "...қыз-келіншекпен сауық-сайран салмадым ба?";

орыс тіліне аударылған нұсқалар: …веселился с девушками и молодыми женщинами / развлекал молодух и юных красавиц;

қателеспесем, 1970 жылдары ағылшын тіліне аударылған нұсқа(Л.Наврозов): …having a gay time with the girls.

Осылай...

1
0
726

Осы тақырып бойынша

Ұмытылған сөздердің жаңа тынысы - Yvision.kz