Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ұмыт қалған әулиелерді ұмытпасқа...

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында 2016 жылдың 16 маусым күні «Ұмыт қалған әулиелер» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Әулиелер – халқымыздың сан ғасырлық тарихында өзіндік орны бар, дініміздің нығаюы мен салт-дәстүріміздің дамуына, ұлт тәрбиесінің қалыптасуына имандылықты сіңіруге ерекше ықпал еткен өз заманының ерекше тұлғалары. 
Діни-рухани ескерткіштер - ел тарихының құрамдас бөлігі болып, ғасырлар қойнауынан жеткен дініміздің дамуымен тығыз байланысы бар, әулиелік, көріпкелдік қасиетімен дараланған белгілі бір тұлғаның өмірінен сыр шерттер жұмбағы мол құнды жәдігерлер. Осы аталған діни-рухани ескерткіштерімізді кеңінен насихаттау, оларға арнайы туристтік маршруттар ұйымдастыру кезек күттірмес мәселе. 
Іс-шараға Түркістан қаласының орта мектептерінен осы тақырыпта зерттеу жүргізіп жүрген, жоба әзірлеген мектеп оқушылары мен жетекшілері, Жылаған ата бұлағын зерттеп, насихаттап жүрген Түркістан қаласының құрметті азаматы, ұстаз зейнеткер Тұрғанбай Салғараев, Гауһар ана кесенесінің шырақшысы Нұрғали Алдабергенов, Түркістан ауданының аумағындағы әулиелі жерлерге саяхат ұйымдастырып жүрген өлкетанушы Ерлан Сыздық, қала мектептерінің оқушылары тағы басқа қонақтар қатысты. Жиын барысында Түркістан өңірінің әулиелі аймақтарына туристік маршруттар жасау, зияратшыларды кең көлемді экскурсиямен қамтамасыз ету мәселелері сөз етілді. Сонымен қатар, Сауран археологиялық-архитектуралық ескерткіштер кешеніндегі діни-рухани ескерткіштерімізге туристер тарту мәселесін, инфрақұрылым дамыту жайлы туралы тұшымды ойлар айтылды. Қаламыздың №18 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушылары А.Нұрболат және Д.Қазыбек Түркістаннан шыққан ортағасырлық ғұламалар жайлы, Бабайқорған орта мектебінің 8 сынып оқушысы Рысбай Зере «Үкаша ата» туралы баяндамаларын оқыды. 
Шара соңында тарихи тағылымдық бұл шараға келген қонақтарға музей атынан алғыс хатпен қоса музей баспа өнімдерін сыйға берілді.
Іс-шараға қатысушылар осындай ұмыт қалған әулиелер мен ел қамын ойлаған ата-бабаларымыздың өнегелі өмір жолын болашақ ұрпаққа насихаттауда игі жұмыстар көптеп жасалу керектігін көкейге тоқып тарқасты.

 
0
0
654

Осы тақырып бойынша

Ұмыт қалған әулиелерді ұмытпасқа... - Yvision.kz