«...Құмырсқаға тимеңдерші, алысқаны өмір ғой»

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш сауал» (Л.Толстойдан аударған) әңгімесінде: Бір патша тақуа кісіден сұрапты: бірінші - «Қай істі қандай уақытта істеген жақсы?» Екінші - «Ең керекті кісі кім?» Үшіншісі- «Ең керекті іс не?» Оқиға желісі бойынша, бір кісі әкесін өлтіргені үшін патшадан кек қайтармақ болғанда, патшаның жендеттері жаралайды. Ал, патша жаралының жарасын таңады. Сонда тақуа былай деп жауап беріпті: ең керекті уақыт - осы уақыт, Қазір ең керек кісі - осы дұспаның болды. Неге десең, мұның жазылар, жазылмасы әзір неғайбіл. Егер жазылса, бұл-дағы біреуге жақсылық қылғанды жанындай жақсы көрер еді. Ең керек іс - қазір осыған қылған жақсылығың, неге десең, адамның мойнындағы шын міндеті - біреуге жәрдем ету еді...
Не түйдіңіз? Әлде жай ғана уақытты ысырап еттіңіз бе? «Ең керекті уақыт - осы уақыт»делінді. Иә, УАҚЫТ! Тық-тық еткен сағат тілі тоқтаса да, уақыт тілі тоқтамайды. Әттең, патша секілді «Қай істі қандай уақытта істеген жақсы?» деп сұрап жүрмесек етті. Өзегімізді өртейтін өкініштің бірі сонда болар. Қазіргі таңда «тайм-менеджмент» деген термин пайда болды. Мағынасы – уақытты тиімді пайдалану. Осы ұғым аясында 2011жылы түсірілген «Время» фантастикалық триллерін көпшілігіміз телміре қарадық. Сценарий авторы Эндрю Никколдың шеберлігіне тамсанған жандар аз болмады. Жалт-жұлт етіп алдайтын мына жалған дүниеден жаратылған әлемге қайтқанда, «қайтты», «уақыты бітті» дейді. Жаратушының берген сынағынан сүрінбей өтуді бірі санасына тоқыса, бірі тұрмыс санасымен өмір сүріп жатыр. Мынаған назар аударыңызшы! Орыс ұлтының көрнекті жазушысы Лев Толстой жолға шыққанда жолаушылар вагонындағы жеке бөлменің барлық билеттерін сатып алып, шығармашылықпен айналысады екен. Ой қорытуға арна тартар бір мысал ғана. Даниель Дефоның Робинзоны да жабайы аралда өткен әрбір күнін тас пышақпен ағашқа кертіп, белгілеп қойып отырмады ма? Өткен шақты бағамдай алмағанның өзінде, осы шақты бағалай алмауымызға жалқаулық, ұйқы, дүние құмарлық түрткі болады деп топшылаймыз. Қазақта «Еріншек түске дейін ұйықтайды, кешке дейін есінейді» деген мақал бар. Бұл тәмсіл сөздің бір ұшы сізге тисе, бір ұшы «сарт етіп» өзіме тиеді. Қ.Аманжолов «Өтеді күндер» өлеңінде:
...Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса,
Тірлігің не, өлгенің не,
Ешбір ізің қалмаса»-, деп бар ойдың июін бір арнаға тоғыстырған. Санасы тұнық жанға ұлағатты сөздің өзі ұстаз. Себебі, ұстаз да сөз арқылы тәрбиелейді, сөз де ұстазды тәрбиелейді. Мұның өзі бөлек тақырып. Қол қусырып қарап отыра берсек, уақыт бізден озып кетеді. Ал, уақыттан озғандарды түсінбей жататынымыз Абайдың «Масғұт» поэмасындағыдай жайт. Австрияның әйгілі компазиторы В.Моцарт сегіз жасында тырнақ алды соната, симфонияларын жазып, он бір жасында «Сиқырлы сыбызғы» операсын жазған. Ал, әлемге әйгілі Билл Гейтс қалалық көліктер мен тасымал мәселелерін үйлестіріп отыратын компьютерлік бағдарламаны он бес жасында ойлап тапты. Алаш арысы М.Дулатов «Оян, қазақты» 19 жасында жазса, С.Торайғыров «Ел болмағанда күн болам» деп 17 жасында айтты. Енді шамалай беріңіз. Қанша жасадыңыз, не атқардыңыз? Болар елдің баласы он жасында баспын деуші еді, ал бәзбіреулер отызды омыраулап қалса да «жаспын» деп жүрген жайы бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетіне екі нәрсенің қадірін білуге шақырды. Оның бірі – денсаулық, екіншісі – уақыт. Уақыт – өмір,өмір – қамшының сабы. Фирдоуси айтқандай: «Дән көтерген құмырсқаға тимеңдерші, алысқаны өмір ғой, өмір сондай абзал ғой».
Салтанат Сүгір
«Астана ақшамына» жарияланды
