Молда Мұсаның әдеби мұрасы
2014 жылғы қарашаның 28-жұлдызында ҚР БҒМ Әдебиет және өнер институты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мен Cүлейман Демирель атындағы университеттің қолдауымен XIX ғасырдың ақырғы тұсы мен XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қазақ әдебиеті көрнекті өкілдерінің бірі Мұсабек Байзақұлының (1849-1932) туылғанына 165 жыл толуына байланысты «Молда Мұсаның әдеби мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар өткізілді.

Ғылыми семинарда ақынның шығармашылығы, өлеңдерінің поэтикалық, мағыналық әлемімен қатар, түркі әдебиетінің қазіргі өзекті мәселелері, әдебиет тарихы мәселелері т.б. көтерілді.
Ғылыми-практикалық семинарда ғалымдар мен оқытушылар, магистранттар мен докторанттар, жас ізденушілер қатысып, танымал ғалымдар мен қазақ әдебиетін зерттеуші оқытушы-профессорлар, магистранттар мен студенттер баяндама жасады.
Семинардың басты ерекшелігі - қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде өтті.

Ақын Мұсабек Байзақұлының есімі (Молда Мұса) сонау отызыншы жылдардың орта тұсында-ақ, халқымыздың ұлы жазушысы һәм ғұламасы М.Әуезовтың қазақ, кеңес балалар әдебиетi негізін салушылардың 6ipi – Ө.Тұрманжановтың ілтипатына ілініп, шығармаларының әлеуметтік мәні жоғары бағаланған, бірсыпыра өлеңдері орта мектептің оқулық-хрестоматиясына енген. Оның әдеби мұрасы ұзақ жылдар бойына әдебиет және ғылым маңындағы кейбір ғалымдарды «сескендірген». Молда Мұса туындылары да классикалық шығыс әдебиетіне тән еді. Мұндай жатырқаушылықтың «тоңы» алпысыншы жылдарда жіби бастады; Б..Кенжебаев, X. Сүйіншәлиев, Р.Бердібай, Ә.Оспанұлы сынды зерттеушілер акын өмірі мен шығармашылығын талдауға кайта оралды; бағалы пікірлер айтылды. Акынның 6ip топ өлеңі түрлі жинақтарға («Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» т.б.) енді, жеке кітап болып та (1987, 1995) шықты. Ал, 2012 ж. СДУ Ғылыми Кеңесі шешімімен «Гига Трейд» баспасынан жарық көрген З.Оразбекованың «Молда Мұсаның әдеби мұрасы» атты еңбегінен ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы толық мағлұматтар алуға болады.

З.Оразбекова
Филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібай Зейне Оразбекованың «Молда Мұсаның әдеби мұрасы» атты еңбегі туралы төмендегідей пікір білдіреді: «Мұсабек Байзақұлы туралы жазылған бұрынғы-соңғы мақалалардың қай-қайсысында да ақындық орта, көркемдік дәстүр проблемасы жеткілікті ашылған емес, бұл еңбек осы олқылықтың орныны толтыра отырып, Молда Мұса нәр алған рухани қайнарларды ғылыми жүйелілікпен таныстыратын еңбек. Зерттеулер бұл кезге дейін Мұсабекке қазақтың ақындық поэзиясы мен шығыс әдебиетінің ықпалы болғанын ғана ескертіп келсе, автор бұл түсінікті жаңа қисындармен кеңейте түседі. Мәселен, М.Байзақұлы шығармашылығына түрік ислам поэзиясындағы софылық ағынның елеулі әсері болғаны тұңғыш рет дәлелденіп айтылған, сондай-ақ Молда Мұсаның шығармашылық тағдырына жаңа жазба әдебиетіміздің негізін салушылар Ыбырай мен Абайдың тәсір еткенін сипаттау да тың тұжырым болып табылады.»
Қазақ әдебиетінде танылмай жатқан тұлғалар өте көп. Солардың қатарында орын алып, бүгінгі таңда қайта дәріптеліп жатқан Молда Мұса шығармашылығын әлі де жас ұрпақ тани түседі деген сенімдеміз.
