ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Модельер деген – табиғи суретші

Тоғызыншы сыныпты бітіретін түлектерді мазалайтын бір сұрақ бар: мектепте оқи берген жөн бе, әлде колледжге кеткен дұрыс па, әлде? Егер колледжге түсу жөнінде шешім қабылдаса, бұл оқуды басқа деңгейде жалғастыру деген сөз. Қатар құрбылары университеттің 1-курсын бітіріп жатқанда, колледжге барған жастар орта кәсіби білім алғанын растайтын диплом алып, мамандық иесі атанады. Бұл құжат толық орта білім алған балалардан қызметке ертерек араласуға мүмкіндік береді. Ал білімін университетте жалғастырғысы келген колледж түлегі жоғары білімді қысқартылған мерзімде алып шығады.

Бүгін сіздерді Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің арнайы пәндер оқытушылары – Бағдагүл Әбдірасылқызы Өкеева мен Анна Павловна Бардинамен таныстырсақ дейміз. Екеуінің де еңбек өтілдері отыз жылдан асқан. Екеуі де «Тігін өндірісі және киім үлгісін жасау» мамандығы бойынша «Киім үлгісін жасау» пәнін оқытады. 
Киев жеңіл өнеркәсіп институтын бітірген Анна Павловна ондаған жылдар бойы республикалық «Сымбат» сән үйінде қызмет еткен, содан кейін оқытушылыққа ойысқан. Ал кәсіби-техникалық мектепті бітірген Бағдагүл Әбдірасылқызы еңбек жолын «Қазақстан» фирмасы жанындағы ательеде бастаған. Бүгінде осы мамандығына бар жан-тәнімен берілгені соншалық, тігін машинасын бос уақытында да тастамайды. «Киім тіккенді жақсы көремін. Өз гардеробымды үнемі жаңартып отырамын. Сәннен қалып қойған киімдер әркімде бар ғой. Мен сондай киімдерге өз жанымнан бірдеңе қосып, басқаша етіп тігіп аламын. Ешкімге ұқсамайтын өзгеше үлгі жасаймын. Сырт киімнен басқа киімнің барлығын дерлік өзім тігемін, сатып алмаймын. Гардеробымда сатып алынған киімнен гөрі өз қолымнан шыққан бұйымдар әлдеқайда көп», – дейді Бағдагүл Әбдірасылқызы.

Ал жаны нәзік Анна Павловна детективтерге аса қатты құмар екен. «Қазір көбінесе ресейлік детективтерді көремін. Баяғы Агата Кристи немесе Чейздің классикалық туындыларын да қараймын», – дейді өзі. Детектив туралы әңгімелей тұрып та оқушыларын ұмытпайды. Ал студенттер бұл уақытта өз ісімен әуре. Бірі матаны кесіп жатса, екінші біреулері тігуге отырған, тағы бірі түйме қадауға кіріскен.

«Бұл – үшінші курс студенттері. Алғашқы екі жылда шеберханада жұмыс істеді: үлгі бойынша тігуді, жекелеген бөліктермен жұмыс істеуді, жаға және қалта тігуді үйренді. Содан кейін ғана дайын үлгі бойынша тұтас бұйымды тіге бастады», – дейді педагог. 

«Ал қазір олар өздері киімнің үлгісін сызып, өздері өлшем ала алады. Содан кейін сұлбаға орай тігетін бұйымның тарылтатын жерін тарылтып, қозғалатын тұстарын белгілеп алады. Сосын барып нобайын сызып, үлгісін жасайды және өнімнің кейбір бөлшектерін жасау үшін астарын да даярлап алады. Көріп отырғандарыңыздай, қазір қыстық пальто тігіп жатыр», – деп Анна Павловна дайын болып қалған сырт киімді көрсетті.

Колледж жұмысындағы оң өзгерістер білім беру саласындағы реформамен, соның ішінде дуальды білім беру жүйесімен тікелей байланысты. Өндірістік тәжірибеге айрықша мән беру білім алудың сапасын арттыра түскені сөзсіз. Сондай-ақ, колледждің техникалық базасы да айтарлықтай жетілгенін айтқан жөн. Оқу-өндірістік цехтардың заманауи техникамен жабдықталғанының арқасында (колледжде мұндай цехтың үшеуі бар) және тәжірибелік сабаққа айрықша мән берілуінің нәтижесінде Анна Павловна мен Бағдагүл Әбдірасылқызының шәкірттері киім тігу процессін бастан-аяқ меңгеріп шығады. Студенттер тігетін киімді өздерінің қалауы бойынша таңдайды. Мәселен, студенттердің бірі Интернеттен қытайдың ұлттық киімінің құрылымын үйреніп, соны өзі тігіп шыққан. Цехтағы студенттердің барлығы дерлік қызу жұмыс үстінде. Оқытушылар да қарап отырмайды. Бір оқушысының жанынан екіншісіне барып, өндірістің барлық кезеңін бақылауда ұстайды.

Анна Павловна да, Бағдагүл Әбдірасылқызы да салауатты өмір салтын ұстанады. Анна Павловна демалыс сайын тауға барады. Ал Бағдагүл Әбдірасылқызы балалары мен немерелерімен музей аралап, көрмелерге барғанды ұнатады. Саябақтар мен Ботаника бағына жиі барып серуендейді.

«Қазір бұрынғыдай тұрақты бармаймын. Дегенмен де, тауға шықпай тағы отыра алмаймын. Әдетте «Құмбелден» бастап, «Просвещенец» демалыс үйінің тұсынан бірақ шығамын», – дейді киім үлгісін жинақтап жатқан студенттерге көз қырын салған Анна Павловна. Студенттердің жұмысы демесеңіз, сапасы жап-жақсы. Колледждің үздіксіз тапсырыс қабылдайтыны да осы студенттердің арқасы. Олардың тігетін бұйымдары да әртүрлі. 9 желтоқсан күні колледжде сән үлгілері көрсетілген. Сонда көпшілік назарына қырыққа жуық халықтың ұлттық киімі мен театр сахнасына арналған костюмдер (оның ішінде балалар театрына арналғандар да бар), арнайы киімдер және авторлық киім үлгілері ұсынылды.

Кез келген модельер – ең алдымен суретші. Сондықтан колледж студенттері живопись, колористика және сурет салуды мұқият үйренеді. «Жақсы көретін модельер-дизайнерлерімнің бірі – Коко Шанель. Ол – реформатор, ескі мен жаңаның тоғысында тұрған адам. Арада қанша жыл өтсе де, Коконың стилі сәннен қалмай келеді», – дейді Бағдагүл Әбдірасылқызы. «Жуырда итальяндық дизайнерлердің киім үлгілерін көрдім, – деп жалғастырды ол әңгімесін. – Сонда киімнен және аяқ киімнен қазақтың ұлттық ою-өрнегін көрдім. Біздің ұлттық киіміміз өзгеше. Ондағы жануарлардың мүйізі болсын, гүл кестелері болсын, табиғатпен тығыз байланысты екенімізді көрсетеді. Қазақша киімдер ұлтымыздың ажырамас бір бөлігі». Осы кезде сабақ та аяқталып қалды. Өнім де дайын. Міне, киіп көруге болады. Қажет болған жағдайда артық-кем жері түзетіліп, техникалық құжаты дайындалады.

«Айрықша талантты балалар болады, олар бірден көзге түседі. Бірақ, біздің міндетіміз – әр студентті өз ісінің шебер маманы етіп шығару. Балалардың босаңсуына жол бермейміз. Бәрінен бірдей жоғары нәтижені талап етеміз. Сонда ғана колледж түлектері кәнігі шебер болып шығады», – дейді Анна Павловна.

Бүгінде Анна Павловна мен Бағдагүл Әбдірасылқызының көптеген шәкірттері тігін өндірісінде қызметте жүр. Істің көзін тапқан қайсыбір түлектері жеке ателье де ашып алған, енді біреулері киім дизайнері болып қызмет етеді. Колледжде алған білім мен үйренген дүниелерін пайдалана отырып, түлектердің қай-қайсысы да табысты жұмыс істеп, бизнес те аша алады. Тек ниет болса болғаны. Бүгін бізге кейіпкер болған екі ұстаздың шәкірттері болашақта сән әлемінің журналдарында немесе жарнамалық билбордтарда жарқырап тұрмасына кім кепіл?! Біз жас мамандардың биік мақсатқа қол жеткізуіне тілекшіміз және олардың биіктен көрінетініне сенімдіміз.