Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Моңғолиялықтардың арманы «Баян-Өлгей – Қазақстан» ұшағына отыру

АЛМАТЫ. 11 қазан. BAQ.KZ – Ертең Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастайды. Оған 20 елден келген қандасымыз қатысады. «Қазақстан» қонақ үйіне жайғасқан қонақтармен танысып, Моңғол еліндегі барша қазақтың атынан келген қонақтармен әңгімелесуге мүмкіндік алдық.

Моңғолиядағы қазақ мәдениет орталығы Ұланбатыр бөлімшесінің бастығы Асай Рәмішұлы бастап келген этникалық қазақтардың ішінде белгілі жазушы, ғалым сұлтан Тәукейұлы, Моңғолия Парламент мүшесі Бәкей Ағыпарұлы, бизнесмен Күләнда, құрылыс саласының инженері Аәсира Камерияқызы, Қазақ әйелдерінің арулар одағының төрайымы Айнагүл Сарайқызы, жас ақын Жанат Боқашұлы бар.

«Қай елде, қай жерде жүрсек те ойлайтынымыз болашақ ұрпақтың қамы. Қазақтар жиі қоныстанған Баян-Өлгейде 41 қазақ мектебі бар. Ал, 10 мыңдай қазақ қоныстанған астана Ұланбатырда қазақ мектебі атымен жоқ. Балаларымыздың барлығы моңғол тілінде оқиды. Соларды Атажұртқа ертерек келуге жол ашу жолында көші-қон жағында сақталып отырған көптеген мәселелер – біздің ортаға салар ойларымыздың ең өзектісі болмақ. Екінші кезекте екі ел арасындағы қолайсыз қатынастың бауырларымызға аса қиындық туғызатынын да айта кетпекпіз. Қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде жапырыла көшкен көштің соңында туыстары мен туғандары қалды. Кез-келген бір қуанышты немесе қайғылы жағдай бола қалған жағдайда екі елде бөлініп тұрып жатқан ағайындар бір-біріне жете алмай зарығып отыр. Моңғолиядағы қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгей мен Қазақстан аралығында ұшақ қатынасса деген ұсынысымыз бар. Біздің өзіміз Ұланбатыр-Қырғызстан бағытында ұшатын ұшақпен Бішкекке келдік. Содан кейін ғана Алматыға жеттік. Қуантарлық жағдайларды да айтқан жөн ғой. Соңғы үш жылда Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі өте жақсы жұмыстар атқарып жатыр. Қазақ мәдени орталықтары құрылды. Көптеген кітаптар жетіп жатыр. Домбыра үйрететін үйірмелер ашылып, балаларды ұлтымыздың өнерімен сусындатып жатыр»,- дейді Айнагүл Сарайқызы.


Автор: Майгүл СҰЛТАН

BAQ.KZ

 
0
0
1392

Осы тақырып бойынша