Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Үміттеріңіз жоғалып, армандарыңыздан ажырап қалмаңыздар!

Жасы менімен қатарлас бір көршім бар. Бір күні аллеяда жолығып қалды. Таныстығымыз шамалы еді, аздап ұрттап алған екен. Содан болса керек, әңгімеге тарта бастады. Оны-мұныны сөз қылып біраз жүрдік.
Бір кезде "бұйымтайының" шетін шығарды...
- Өмеке, интернет дегеннен хабарыңыз бар екен. Жазбаларыңызды әйелім көрсетіп отырады.
Мен өзі бала кезден бірдеңе оқуға жоқпын ғой. Жазғандарыңызды түсіне бермеймін...
Менің бір өтінішім бар. Қиын болмаса орындасаңыз-деп қиылды.
-Қолдан келіп жатса, орындайық,-дедім.
-Онда азырақ әңгіме тыңдаңыз!-деп әңгімесін бастап кетті.
Мектепте 8-класта өзінен бір класс кейін оқыған қызға ғашық болыпты. Әлгі қыз қыз біткеннің көріктісі екен. 
Бірақ, біздің кейіпкерде ондай сұлудан дәметерлік рең болмапты. Оның үстіне мінезі де қазіргідей емес, бала кезде ынжықтау екен. Сол себептен де, мектеп бітіргенше әлгі қызға тек сыртынан ғашық болып жүріпті. Талай рет хат жазғанмен, батылы жетіп хатты қызға бере алмапты.
Мектеп бітіріп ауылдан кетеді. Содан бері өткен 30 жылдан аса уақытта, бұл әлгі қызды 3 рет көріпті. Әрбір көргенін ай-күніне дейін тәптіштеп айтып берді. Жады мықты ма, әлде шын ғашықтық сондай болады ма, онысын білмедім. 
Соңғы рет көргені бұдан 20 жылдай бұрын екен. Әлгі қыз әдемі келіншек болыпты. Бірақ, бұл тағы да батылы жетіп сөйлесе алмапты.
Осыдан 5-6 жыл бұрын әлгі келіншектің ері қайтыс болғанын естіп, бір көріп сөйлесуге ынтызары қайта ауады. Тұратын қаласын біледі. Бірақ мекен-жай, жұмыс орнын білмейді...
- Сіздің соғыста жоғалғандарды іздейтініңізді білемін. Тірі адамды табу қиын емес шығар? Сол әйелді интернет арқылы тауып берсеңіз, алғысым шексіз болар еді! 
Тек теріс түсінбеңіз, отбасы, бала-шаға, немерелер бар. Ол жағы бәрі ойдағыдай. Тек...- деп сөзінің соңын жұтып қойды.
Жағдайын түсініп тұрсам да 
- Бала махаббатыңыз ендігі кемпір болған шығар?
Құдайға шүкір, жағдайыңыз жаман емес секілді?!
Ит өлген жердегі кемпірді іздегенше, осы қаладан-ақ жастауын тауып алмайсыз ба? - деп әзілге бұрдым. 
- Ой, Өмеке! 
Мен сізді түсінетін шығар деп едім. Түк түсінбепсіз!-деп кетуге ыңғайланды. 
Мен ренжітіп алғанымды түсініп, кешірім сұрап, әлгі сұлудың аты-жөнін, қызмет жасайтын саласын, тұратын қаласын сұрап, жазып алдым. 
Бірақ құрғыр тарс есімнен шығып кетіпті. Бірнеше күннен кейін әлгі кісіні көргенде барып, өтініші есіме түсті.
Интернетті шұқылап бірнеше күн іздедім. Фамилиясы ерінің атында екен.
Өз есімі мен әкесінің есімін жазып тауып алдым. Желілердің ішінде майл.ру-да бар екен!
Біраз сурет қойыпты. Там-тасы, көлігі жесір әйелге ұқсамайды. Бірақ, өңінен көршім суреттеген сұлулықтың ізін байқай алмадым. 
- Апырай, ғашықтық деген қиын екен-ау! Мынадай әйелді 35 жылдай естен шығармау бөлек, көруге ынтызар болу, тіпті ерлікке пара-пар ғой - деп қоям іштей...
Әлгі әйелдің суретін компьютерім арқылы флешкаға жазып алдым. Қайыр қылсам, бүтін қылайын, деп фотосалонға барып, А4 форматқа фотоны шығарттым. Қайтар жолда телефонына хабарласып, аллеяда күтерсіз дедім. Арғы жақтан әлгім қалбалақтап рахметін жаудырып жатыр. 
Сарықарын бәйбішенің фотосы портфельде. Уағдаласқан жерге келсем, көршім дегбірсіздене күтіп тұр. Фотоға қабағы түйіліп біраз қарап тұрды.
- Осы әйел ме? - дегеніме, басын изеді. Толқып тұрған болар, қысылмасын деп қоштасып кетіп қалдым. Кетерімде рахметі солғындау шықты.
Сонымен бірнеше аптадан кейін, көршімен кездесіп қалдық. Тағы да қызулау екен. Жағдай сұрасып болған соң, әлгі әйел туралы сұрадым. 
- Өмеке, бір жерге барып отырып, әңгімелесейікші - деп қиылды.
Мен асығыстау едім, бас тарттым. Оның үстіне қазір қызу, тағы ішсе миымды шағар-деген ой да болды.
- Қысқасы, Өмеке! 
Бала махаббатты жас келгенде іздеуге, кездесуге болмайды екен! Кіршіксіз пәк сезімнің сол бала күйінде қалғаны әлдеқайда жақсы еді. Сіз сол суретті әкеліп бергенше, менің кеудемде соны бір көрсем деген тәтті бір үміт болатын. Оңаша қалсам, соны ойлайтынмын. 
Мен сол үмітті жоғалттым! Қазір кеудемде баяғы әдемі қыздың орны бос, қаңырап тұр!
Арманымнан ажырап қалдым! - деп күрсінді.
***
Үміттеріңіз жоғалып, армандарыңыздан ажырап қалмаңыздар!


0
0
418

Осы тақырып бойынша