Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Өмірі өнегелі жан

Астана. 13 наурыз. Baq.kz-ХХ ғасырдың соңын ала Кенес империясының тоны жіби бастады. Жариялылық қоғам келді. Сәкен Сейфуллин 1957 жылы толық ақталып шықса да, қайраткерге арнап мұражай ашу жабық тақырып күйінде қала берді. Тек 1988 жылғы 20 ақпанда Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің арнайы шешімімен Ақмолада облыстық «Сәкен Сейфуллин» мұражайы ашылды. Бұл – көп жыл күткен үлкен қуаныш еді.

Ол кездегі Ақмоланы бүгінгі күнмен салыстыруға мүлде келмейді. Тың өлкесінің «эпицентрі» атанған қалада жергілікті халықтың өзі тым сирек. Сырттан келген өзге жұрттар кеңірек қоныстанған. Қазақ мектептері жабылған. Ана тіліміз өгей баланың күйін кешкен заман еді...
Алмағайып уақытта осы жерде ұлтым деген азаматтар да болды. Олар ұлттық құндылықтармыздың жойылып бара жатқандарына жүректері ауырды. Қалай сақтап қаламыз деп жанталасты. Сондай ұлттық намысты ту еткен еркін ойлы адамдарды ерекше ілтипатпен айтуға болады. Соның бірі – Роза Иманғалиқызы Асылбекова. 
Роза апай 1936 жылы Ақмола қаласында туған. 1954 жылы Ақмола қаласындағы №4 орта мектепті алтын медальмен бітірген. ҚазМУ-дің биология факультетін тәмамдаған. Осы жерде әр түрлі жауапты қызмет атқарды. Атқара жүріп елдік мәселелермен айналысты. Ақыры 1988 жылы жаңадан ашылған Сәкен Сейфуллин мұражайына директор болып келді. Жаңа бой көтерген мұражайды қалыптастыру деген үй салу емес. Ол орасан еңбекті, ізденісті талап етеді. Мұражайға қатысты әр жәдігерді іздеп тауып, оның ғылыми нақтылығын дәлелдеу, соны жаңалықтар табу үшін қаншама қажыр-қайрат керек. Және ол кезде Сәкен атамыздың артында қалған дүниелерді шыр-пыры шығып корғап жүрген Гүлбахрам апамыз да дүниеден озған. Алайда, Сәкеннің көзін көрген адамдар, жақын ет-бауыр туыстары тірі еді. Мұражай басшысы ең алдымен Сәкенге қатысты құжаттардың көшірмелерін, отбасының тұтынған заттарын жинастырудан бастаған екен. Аз мерзім ішінде мұражай қызметкерлерін Мәскеудегі кинофотоқұжаттар мұрағатына, Алматыдағы мемлекеттік мұрағаттар мен мұражайларға, Сәкен қызмет атқарған Қызылорда, Ташкент қалаларына, кіндік қаны тамған жері Жаңаарқаға, өзі жырмен мүсіндеген Көкшетауға жіберіп, іздестіру жұмыстарын жемісті жүргізген. Сәкенді көрген көзі тірі азаматтармен кездесіп, естеліктерін жазып алған. Соның нәтижесінде мұражайдың негізгі қоры да, қосымша қоры да толыға түскен. 
1994 жылы Ақмолада Сәкен атамыздың 100 жылдық торқалы тойы дүркіреп өтті. Мұражай жанынан ақынның үлкен еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл бейне – бүгінгі таңда елордаға ерекше көрік, рух беріп тұрған көркем ескерткіш. 1995 жылы тамыз айында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ақмолаға келгенде Мұражайға арнайы бұрылып, жәдігерлерді тамашалап көреді.
Роза Иманғалиқызы мұражайда басышылық еткен жылдары «Достық» атты әдеби ұйым болған. Осы ұйым «Сәкен-біздің мақтанышымыз», «Абай поэзиясы» және ақын Шолпан Иманбаева мен Ілияс Есенберлиннің мерейтойларына арналған шығармашылық кештер өткізген.
Бұл кісі мұражайды табан аудармастан 14 жыл басқарды. Ол жылдардағы атқарған еңбек те еш кеткен жоқ. Үлкен құрметке бөленді, түрлі марапаттарды иеленді.
Бүгінгі танда Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайына 25 жыл толып отыр. Ұлттық рухты сақтаған киелі орда жас жігіттің қайратты шағына келді. Алар асуы да алда. Тарихқа терең үңілсек, ертеректе ер-азаматпен қатар ауыр жүкті қайыспай көтерген өжет мінезді апаларымыз болған. Бүгінгі солардан қалған жұрнақты Роза апай деп толық айтуға болады. Аман болыңыз, бар болыңыз!

Азамат Есенжол

 
0
0
1165

Осы тақырып бойынша