Өмірдің мәні неде?
Өмірдің мәні неде?
Халықты зерделеп, олардың өмір сүруіне тура келген түнекті сәулесімен нұрландырған Толстой, бай, барлық жағынан қамтамасыз етілген қоғамның дәулетті табының бұдан да өткен тас қараңғы түнекте өмір сүріп жатқанын көрсететін екі трагедиялық шығармасын жазды. Дәл осы уақыттағы Толстойдың шығармашылық ойының театр заңдылығының қатты ықпалында жүргені сезіледі. «Иван Ильичтің өлімі», ішкі қайшылықтар, адамның жан дүниесінің драмалары, олардың қысқалығы, жинақылығының сыры осында. «Иван Ильичтің өлімі» (1884-1886 жылдар) – француз оқырмандарын қатты тебіренткен орыс әдебиетінің үздік туындыларының бірі. Кітабының басында, «Иван Ильичтің өлімінің» өнерге мүлде қызығушылық танытпайтын, ауылдағы француз буржуасына қалай әсер еткеніне тоқталған. Және бұл түсінікті де. Шыншылдықпен және типтік бейнелеуімен Толстойдың повесті орташа адам, дінсіз, идеалсыз, тіпті ешқандай ойсыз өмір сүріп жатқан адал шенеунікті қатты толғандырады, ол ұсақ-түйек тірлігіне қатты беріліп, кенеттен, тек өлерінің алдында ғана шын мағынасында өмір сүрмегенін кездейсоқ түсінеді. Иван Ильич – өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы Золяны оқитын, Сара Бернарды көру үшін театрға баратын, дінді жоққа шығармағанымен, аса ештеңеге сенбейтін еуропа буржуаларының типтік өкілі. Дін бе, әлде дінсіздік пе? Мұндай ойлармен әбігерге түсудің қажеті не, ойламаған жақсы.
Жүздеген және мыңдаған болып саналатын адамдардың, бейшара және мағынасыз өмірі; күлкілі мансапқорлық, өзімшілдіктің ұсақ қуанышы, бірақ «әйеліңмен жалғыз отырғаннан гөрі» солар жақсы. Әділетсіз қорлықтармен (сіздің лауазымыңызды аттап өтетін), қызметтегі сәтсіздіктермен өмір уланған. Және жалғыз ғана бақыты – вист (карта ойыны) ойыны бар, ешкімге керегі жоқ, мағынасыз өмір кенеттен жөнсіз себептен күрт үзіледі; қонақ үйдегі перде ұстатқышты жөндегісі келіп сатыдан құлап, бұл оқиға оның науқастанып қалуына себеп болады. Өмірдің жалғандығы. Өтірік сырқат. Өзінің дені сау өте іскер дәрігердің өтірік сөйлеуі. Оның сырқаттануы жиіркеніш туғызғанын жасырған отбасының өтірігі. Күйеуі өлгеннен соң қалай өмір сүретінін долбарлап, адал жар болып көрінуге тырысқан әйелінің өтірігі. Жалпылама өтірікке жалғыз шындық, қызметшінің жанашырлығы қарсы қойылған: ол өлім үстіндегі адамнан оның жағдайын жасырмайды және туған бауырындай қамқорлық көрсетеді. Жүрегі өзіне деген шексіз аяушылыққа лық толған Иван Ильич жалғыздығы мен адамдардың өзімшілдігіне қапаланып зарлайды. Бұрынғы өмірінің бәрінің де жалғандыққа толы екеніне және мұны әлі де түзетуге болатынына көзі жеткенге дейін оның жүрегін қайғы кеміріп, қасірет шегеді. Енді міне өлім сағаты соқты да – бәрінің де айқын сәулесі арайланды. Енді ол өзі туралы емес, жақын адамдарын ойлап, оларды аяйды; оларды құтқару үшін өлуі керек екенін түсінеді.
«– Ал, ауырғаным ше? – деп сұрады ол өзінен.. – Иә, міне ол. Ендеше ауыра берсін.
– Ал, ажал ше? Қайда ол?
Ол өзінің бұрынғы үйреншікті өлім үрейін іздеп таба алмады, ажалдың орнында сәуле болды.
– Бітті! – деді оның үстіндегі біреу.
Ол бұл сөздерді естіп өзінің жанында оны қайталады.
– Бітті өлім, – деді ол».
Әр күн сайын бұл әлемде Иван Ильич секілді жандар мына жалған дүниемен қоштасуда. Алайда, әлі күнге дейін бүкіл адамзат өз игілігі үшін отбасы құрып, бірін-бірі жек көрулерін тоқтадуда емес. Әр адам өзін барлық өмірдің тосын сыйына дайынмын деп ойлайды. Бірақ та, өкінішке орай кез келген жан өмірінің соңғы минуттарында бар өткен-кеткенін ой елегінен өткізіп, нәтиже шығара алмайды...
Адамдaрдың өмір мәнін табуға ұмтылатын талпынысын жан-жақты зерттеген психолог ғалымдардың тағы біреуі — Виктор Франкл еді. Ол «адамдарды талпындырып тұратын күш-өзінің өмір сүруінің түпкі мағынасын тапсам деген ой. Көптеген адамдар өзін-өзі өлтірудің, жынданып кетудің, араққа салынып кетудің, наркотикке ұрынудың негізгі себебі осы сұрақтың жауабын таба алмай шатасуда деп пікір түйген. Виктор Франкл екінші дүние жүзілік соғыстың қарсаңында Австрияда тұрып жатты. Фашистік Германия Австрияны басып алған соң ұлты еврей Франклдің жағдайы мүшкіл болады. Ол сол кездің өзінде хәм атақты психолог, ғалым болғандықтан АҚШ оны қуана-қуана шақырады. Бірақ Франкл қартайған ата-анасын жау қолына қалдырып кетуге дәті бармай отбасында қалады. Көп ұзамай фашистер оны тұтқындап, лагерге әке-шешесімен бірге тоғытады. Лагерде ата-анасы ұлдарының қолында қайтыс болады. Адам жанының құпия сырларын зерттеп үйренген ғалым лагерде де тұтқын жандардың тіршілігін жіті бақылап зерттей береді. Тұтқындарды мал секілді қорлай беретін фашистер түрмедегі кез келген бейшараны әр түрлі сылтаумен өлтіріп тастауға ұмтылып тұратын. Концлагерге алғаш келіп кіргенде көбінің ойы мынадай болатын. Бұл жерден денсаулығы темірдей жастар мен мығым денелі азаматтар ғана тірі шығатын шығар. Біз секілді жасы келіп, шау тартқандар мына азапқа бір апта да шыдамас деп қайғырады. Арада үш жыл өткенде жағдай мүлде басқаша болып өзгереді. Осы арада кітаптан үзінді келтіре кететін мынадай қызықты фактілер бар. «Өзін өзі өлтіру туралы ой біздің әр қайсымызды да мазалайтын. Айналаңда адамдар топырлап өліп, ажал қаупі әр күн, әр сағат сайын төбеңде төніп тұрған соң еріксіз өлу туралы ойлап кетесің. Мен түрмеге түскен күні кешке өзіме өзім «сымға барып асылмаймын» деп серт бердім. Бұл фраза тұтқындар арасында жиі қолданылатын. Ауыр азап пен ит қорлыққа шыдай алмаған кейбір бауырлар өте жоғары кернеудегі тоғы бар сым тартылған қоршауға барып асылып қалатын». Осылайша Франкл әу бастан ақ миынан өзін өлтіру туралы ойларды аластап қуып шығады.
Керісінше түрмеде денсаулығы мықты күшті азаматтардан гөрі кеудесінде үміті күшті, алда арманы бар, өмірінде белгілі бір мақсатқа ұмтылған ақжүрек адамдар әлдеқайда шыдамды әрі өміршең боп шығады екен. Тамақтарын тығылып жеген, біреудің нанын ұрлаған, тапқан дәрілерін өзі ғана ішіп емделгендер, ауыр жұмыста өзінің ғана шаруасын тындырып жолдасымен жұмысы болмаған өзімшіл жас жігіттердің түгелге жуығы түрмеде ажал құшты деп жазады. Тіпті керек десеңіз фашистерге сатылып, жағдайы жақсы болды дегендердің өздері сүзектен өліп жатты. Қақаған аязда жолдасына соңғы киімін, мұзда тұрғанда жалаң аяқ қалып қойған досына екі етігінің біреуін шешіп берген, сабындай қара нанды бөлісіп жеген альтруистер түрменің тозағынан тірі шығады. Осыдан барып, «Адам жаны сірі. Егер ол өлмеймін деп үлкен мақсатқа талпынатын болса азап тартып бұзылған, күйреген тәнін қалпына қайтадан келтіріп алады» деп түйін жасайды. Франкл түрмеде жатып және мынадай қызық құбылысты дәл байқаған. Түрменің іші адам шошитын жер болса да жанға қуат болар қуанышты сәтті ол жерден де табуға болатын дейді. Ауыр жұмыстан өлейін деп әрең келген соң біздерді тамақ ішуге асханаға жіберетін. Ол жерде бізбен бірге қамауда жатқан Ф. есімді аспаз бартын. Оның басқалардан айрымашылығы сол, ешқашан тұтқындарға сорпа құйғанда олармен тамыр-таныстығына, туыстығына қарамайтын. Өзгелер болса танысы не туысы келе қалса қазанның түбін қопарып, сорпаның қоюуын құйып беруге барын салып бағатын. Ф. Аспаздың сол болмашы әділдігінің өзі кеудені қуанышқа толтырып, адам рухына әл беретін. Лагерде кімнің ажал құшатынын алдын ала оп-оңай білуге болатын. Әдетте, тұтқындардың біреуі болашақ өмірден үмітін үзсе өмірі де сол мезгілде қоса үзілетін. Ертеңгі күннен жақсылық күтуден біржолата түңілген жігіттер күнделікті ісінен жаңылатын. Таң ертең тұрып жуынбайтын. Қатарға барып қосылмайтын. Ұрып, соғып, қорқыту оларға ешқандай әсер етпейтін. Тіпті бірнеше күн далаға да шықпастан үлкен, кіші дәретіне былғанып жата беретін. Ең соңғы күні қалтасының қуысына тығып қойған ең соңғы шылымын алып шегеді. Сол кезде оның сол күні өлетіні анық болады. Олармен тілдескенде маған беретін жауабы әманда біреу еді: «Маған келешектен күтетін дым да қалған жоқ!».
«Менің түрмедегі және бір танысым қызық жағдайда жан тапсырды. Бір күні ол маған өзінің ғажайып түс көргенін айтып берді. Түсінде бір дауыс оған менен білгің келген нәрсе болса сұрай бер мен сұрақтарыңа жауап берем деп тіл қатыпты. Мен: түрмедегі мына азап қашан бітеді деп сұрадым. Дауыс маған «30 наурызда бітеді» деп жауап берді. Бұл оқиға 1945 жылдың ақпан айында болды. Менің досым осы көрген түсін айтқанда оның өмірге деген құштарлығы өте жақсы болатын. Кеудесі де үміт пен сенімге толатын. Себебі, ол көрген түсін Құдайдан келген аян деп нық сенетін. Арада зымырап бір ай өте шықты. Әне-міне дегенше 29 наурыз да болды. Бірақ біздің азат болатын түріміз жоқ. Сол күні кешке менің досымның ыстығы көтеріліп, ауырып, мазасы қаша бастады. Ол ертеңіне түрмеден босанып шықпайтынан көзі жеткен соң бірден құлазып, құлдырап кетті. Келесі күні азанда ол қайтыс болды. Адамның жаны туралы білетін кісі бұл құбылысты қиналыссыз түсінеді. Адам жаны үміттен кесіліп, жанына тірек болар сенім таппағанда денсаулықтағы иммун жүйесі де қоса құлдырайды. Менің досымның сенімі күйреп, үміті үзілгенде денеде қолайлы сәтті күтіп жатқан сүзектің бүкіл вирусы асқынып шыға келді. Осылайша ол бір күнде үмітсіздіктің құрбаны болды. Бірақ қалай болғанда да түсінде естіген дауыс оған дұрыс жауап берген. Расында да оның азапты өмірі 30 наурыз күні тоқтады ғой.»
Азапқа толы төрт жыл артта қалған соң Франкл тұтқыннан босап шығады. Сол кезде оның түрінен адам шошитындай еді. Арсиған сүйектерді құр терімен қаптап қойған секілді. Бұрынғы үйі боса да жоқ. Кабинеті, кітаптары, бомбаның астында қалды. Он бес жыл көз майын тауысып, зерттеп жазған докторлық дисертациясын фашистер өртеп жіберген. Түрмеде ата-анасы, әйелі бақилық болып кетсе де, Франкл жаңа өмір бастайды. Кейін келе сырқаттанып жатқан ауру адамдарға өмірдің мәні туралы мазмұнды әңгімелер айтып, сырқат кісілердің жаңа өмір бастауына жәрдем қылады. Бұл ғылымды «логотерапия» яғни өмірдің шаттықа толы мән-мағынасын табу арқылы бақытты тағдырға қол жеткізетін ғылым деп атайтын. Ол осы ілімді дамыту арқылы ең атақты ғалымға айналады. Ғылыми атағы жөнінен онымен теңдес келетін ешкім жоқ еді. Көптеген қуатты елдердің президенттері, ғалымдары, философтары онымен жолығысып, өмірдің мәні туралы сөйлескісі келіп, өтініш жасайтын. Өмірдің мағынасын іздеу деген ұмтылыс кез келген адамға туа бітетін мінез. Осы талпыныстың шынайылығы мен тұрақтылығы пенденің бүкіл өмірінің қай арнаға ауатынын анықтап тұрады. Уақытша қызыққа алданып, өмірінің мағынасын жоғалтып алған адам бейне бір ауасыз бос кеңістікке шығып кетіп, қалқып жүргендей жағымсыз сезімге шырмалады. Бұл өмірде табан тірейтін тиянақты ештеме таппаған ғаріп жандар небір бақытсыздықты бастан өткереді. Оны психолог ғалымдар «экзистенциалды вакуум» деп атаған. Дәл осы «тіршілік вакуумы» адам тағдырында кездесетін күллі қасірет пен қайғының қайнар бұлағы деп санайды. Ең қызығы Франкл «өмірдің мәні рақат пен қызық» деп есептейтін философтарға үзілді кесілді қарсы шығады. Керісінше дәл осы қызық қуалайтын құмарлық адам өмірінің мәнін жояды. Сондықтан адамдар қиындықпен ізденіп, осы әлемге жасырылған өмір сырын тапсын деп қорытындылай келе бөтен адамды жақсы көріп, арланбай оның қызметін қылып, әжетіне риясыз жарағанда адамның өзі де тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Неғұрлым ол қасындағы серігіне, жолдасына, әріптесіне көмектесіп, соның көңілін тауып шаруасына жегілсе соғұрлым оның адамгершілік қасиеттері шыңдалып, ешкімге тәуелсіз тұлғаға айналады деп түйіндейді. Осылайша Освенцумдағы тозақи түрмеден тірі шыққан Виктор Франкл 1997 жылы 92 жасында дүниеден көшті. Франклдың «адамзатқа пайдам тисе» деген игі арманы оны өмірдің ең қиын белестерінен аман-есен алып өтіп, ақыл есі алжымаған айқын қалпында о дүниеге салтанатпен шығарып салды.
