Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Министр Н. Қаппаров Монако князьдігі делегациясымен кездесті

2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Монако князьдігінің сыртқы істер министрі Жозе Бадиа бастаған делегациямен кездесті.

Н. Қаппаров пен Ж. Бадиа Монаконың болашақ энергетикасы бағытындағы әлемдік жетістіктерді жинақтап, көрсететін «Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қатысу мәселелерін талқылады.

Тараптар «жасыл» экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті бар екендігін атап өтіп, оның перспективалары туралы ой бөлісті. Атап айтқанда, Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі аясында, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, «жасыл» құрылыс және тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу салаларына инвестициялар мен технологияларды тартудағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері қарастырылды.

Осы орайда Н. Қаппаров «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының механизмдері мен мүмкіндіктері туралы баяндады. Ол тәжірибе және білім алмасуды,  заманауи технологиялар трансферті мен «жасыл» жобаларды қаржыландыруды осы бағдарлама аясында жүргізудің тиімділігін айта келе, Монаконы Бағдарлама Хартиясына қол қойған мемлекеттер қатарына қосылуға шақырды.

Жозе Бадиа өз кезегінде Монаконың Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға дайын екендігін хабарлады.

Ол Монакода «жасыл» технологиялардың даму қарқыны туралы мәлімдеп, князьдіктің «жасыл» экономиканың түрлі секторларында жүзеге асырылатын қазақстандық  жобаларға қатысуға мүдделі екендігін жеткізді.

ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі

http://www.eco.gov.kz/new2012/KK/2014/05/103-92/


 
0
0
267

Осы тақырып бойынша

Министр Н. Қаппаров Монако князьдігі делегациясымен кездесті - Yvision.kz