Мигранттарға тықыр таянды
|
02.11.12.
Келер жылдың басынан бастап елімізде шетел азаматтарының сауда-саттық және кәсіпкерлікпен айналысу қызметіне шектеу қойылады. Жаңа ереже бойынша маусымдық мигранттардың жеке саудамен және ұсақ кәсіпкерлікпен айналысуға құқы жоқ. Бұл жайлы ВВС-дің орыс қызметі хабарлады.
Мұндай хабар, әрине, душанбеліктерге жайсыздау тиетіні рас. Тіпті қазақстандық билік өкілдерінің мұндай шешіміне өте алаңдаулы десек те болады. Олардың алаңдайтындай жөні бар. Статистика бойынша жылына 100 мыңға тарта тәжікстандық мигрант қазақ еліне келіп нан тауып жеп жүрсе, соның 70 мыңға жуығы сауда саласында жұмыс жасайды. Бұл жайында Тәжікстанның Экономикалық даму және сауда министрлігінің өкілі Зайниддин Муминов мәлімдеп те үлгерді. Расымен де, басқаны былай қойғанда, Алматының қақ төріндегі аты мәшһүр Көк базардың өзінде алатақиялы өзбек пен тәжіктер баяғыдан сауданың көрігін қыздырып келеді. Тіпті сол жерден еліміздегі ең алып шаһардың ығай мен сығайлары таңдап жүріп дастарқан мәзіріне қажеттінің бәрін өзге жерге қарағанда қымбатырақ бағамен алатынын да бәріміз білеміз. Балғын жеміс-жидек пен кептірілген жемістің неше атасын сол жерден кездестіруге болады. Гүлнар ТӘЖИЕВА |
