Мэйвезер Пакьяомен қарымта кездесуге берген келісімінен айнып қалды
Америкалық боксшы Флойд Мэйвезер филиппиндік Мэнни Пакьяомен қарымта айқас өткізуге әзірге мүдделі еместігін мәлімдеді. Ол өзінің бұрынғы қарсыласын су жүрекке балады, деп жазады Би-би-си.
«Иә, мен бұдан бұрын қарымта айқасқа дайын екенімді айтқанмын. Қазір ол ойымнан айныдым. Себебі ол жолы болмаған су жүрек. Егер жеңілсең, оны мойындап: «Мейвезер, сен мықты боксшысың» деп айтуы керек еді», — деді спортшы америкалық Showtime арнасына берген сұхбатында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Пакьяо айқас алдында иығынан жарақат алғаны жайлы ақпаратты жасырып қалған. Бұл үшін ол бір жылдан төрт жылға дейін түрмеге қамалуы және жарысқа қатысу құқығынан айырылуы мүмкін.
2 мамырда Лас-Вегаста Флойд кіші Мэйвезер Мэнни Пакьяоны 12 раундта ұпай саны бойынша жеңген болатын.

