«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды...»
- Тағдырдың тәлкегімен мүмкіндігім шектеліп, арбаға таңылып қалғандықтан, өзіммен тағдырлас, мұңдас әйелдердің мәселелерін айтып, жоғарыға жеткізіп жүретін қор құруға бел байладым. Бұл бір күнде келген шешім емес. Он жылдың көлемінде ойда жүріп, пісіп-жетілген, жан-жағымды бағамдап, бағдарлап алып қолға алған ісім. «Жалғыздың үні шықпас» деген ғой, қор құрып, қоғам болып мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге үлес қоссам деген ой. Өйткені бүгінде Үкімет үкіметтік емес ұйымдармен санасады, пікірін тыңдайды.
Осыдан 2,5 жыл бұрын Алматы телеарнасынан «Мен өмірді сүйемін» атты бағдарлама жүргенін білерсіз-
дер. Мен сол бағдарламаның авторы және жүргізушісі ретінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жан-жақты көрсетуге тырыстым. Қоларбаның көмегімен жүріп-тұрғаныма міне, 12 жылдың жүзі болды. Алайда өзім ана атанбайынша, баласы бар мүмкіндігі шектеулі әйелдердің қандай қиындықтармен кездесетінін білмеппін. Қызымды балабақшаға орналастырайын деп түрлі мекемелердің есігін тоздырып жүрген кезде алдымнан шыққан қиындықтардың бірі - балабақша құны. Мәселен, елімізде әлеуметтік жағынан аз қорғалған 11 категорияға жататын жандардың балалары балабақшаға кезектен тыс алынады. Алайда кезектен тыс орналастыра алғанымен де, балабақша құнында ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Айына 25-26 мың теңгені баланың бақшасы үшін беріп отыру - мүмкіндігі шектеулі жан тұрмақ, он екі мүшесі сау адамдардың қалтасына кәдімгідей салмақ түсіреді. Ал күні тек жәрдемақыға қарап отырған жандар қалай төлейді бұл ақшаны? Санап қарасақ, жыл бойы балабақшаға төлеген қаржымен студент оқытуға болады екен. Бұл кез келген ата-ананың қалтасы көтеретін қаржы емес. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі жұмыссыз екені белгілі. Сонда олардың балалары да төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан алшақ өсуі керек пе?
Осы орайда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың балаларын балабақшаға орналастыру барысында 50 пайыздық жеңілдік қарастырылса деймін.
Бұл ұсынысты қоғамдық қорымыз арқылы жоғарыға жеткізіп, оны белгілі бір нормативтік құжатпен бекіттірсек деп мақсат қойып отырмыз. Өйткені көз жанарынан айырылған, құлағы естімейтін жандардың ішінде отбасын құрып, балалы болып жатқандар өте көп. Түрлі себептерге байланысты мүгедек болып қалған жандардың балалары да қоғамнан алшақ қалмай, өз құрбыларымен теңдей балабақшаға баруын қамтамасыз етуіміз керек.
Жақында Алматы қаласы әкімi орынбасарының қабылдауында болып, осы мәселені көтердім. Ол кісі «Алматы қаласындағы баласы бар мүмкіндігі шектеулі жандардың тізімін жасап, бұл мәселені республика деңгейінде көтеру керек» деді. Сондықтан осы тізімді түзу үстіндеміз. Қуаныштысы, мүгедек екенмін деп мойымай, еліміздің демографиясына үлес қосып жатқан азаматтар баршылық. Бүгінде «мүмкіндігі шектеулі адам қоғамға еш керексіз, ауыр тағдыр иесі» деген көзқарастан арылатын кез жетті. Оларға да жеке тұлға ретінде қарап, тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін барлық жағдай жасалуы керек деп есептеймін.
«Отбасылық көмекші бөлінсе...»
- Қор құру қажеттіліктен туындады. Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің барлығы бірдей жұмысқа орналасып, қоғам өміріне араласып кетті десек, қате айтқанымыз. Қор тек мүмкіндігі шектеулі әйелдердің ғана емес, көп балалы, жалғыз ілікті, тұрмысы төмен отбасылардың мәселелерін көтеруге тырысады. Жылына ең құрығанда 2-3 ананың баспана мәселесін шешіп берсек деп мақсат қойып отырмыз. Оларға жер телімін алып беруде, үй салуда көмек көрсетсек, біз үшін үлкен жетістік. Оның барлығы қаржыға келіп тірелетіндіктен, болашақтың еншісінде. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі әйелдердің арасында сән байқауын өткізсек деген жоспарымыз бар. Оны өткізудегі мақсатымыз - олардың қоғамдағы беделін көтеру. Өз басымда бар жағдай, мүгедек әйелдің өзін ана, жар, келін ретінде мойындатуында қиындық, түсініспеушілік өте көп кездеседі. Арбаның көмегімен жүрсе де, көзі көрмей, құлағы естімесе де, әр адам өмірді лайықты сүргісі келеді. Он екі мүшесі сау адамдарға қойылатын талаптар отбасында оларға да қойылады. Отбасының ынтымағы үшін, баланың дұрыс тәрбиеленуі үшін олар да үлкен тер төгеді. Сондықтан,ең бірінші, мүгедек әйелдердің отбасындағы беделін арттырған азбал.
Қазіргі кезде жұмыс істейтін, жоғары білім алатын мүгедек жандарға көмекші беріледі. Одан бөлек, қоларбамен қозғалатын, балалы әйелдерге баласын өсіруге жәрдем беретін көмекші қажет. Жаңа босанған әйелдерге, әсіресе. Жас баланы жуындыру, жөргегін жуу секілді мәселелер арбада отырған әйелге кәдімгідей салмақ салады. Әлеуметтік қорғау туралы заңның кейбір баптарына осындай өзгерістер енгізілсе. Осындай қажеттілікті біз айтпасақ, кім айтады?
«Қоғамда мүгедек жандарға екі-ақ КӨзқарас бар...»
- Оның біріншісі - аяушылықтан аспайды, екіншісі - менсінбейді. Бұл - біздің жүргізген сауалнамамыздың нәтижесі. Бізді өзгелер қоғамға қызмет ете алатын тұлға ретінде қабылдай алмай келеді. Ал адамның бақытты болуы үшін баспана, отбасы, жұмыс керек. Ал мүгедек адамда оның бірі де жоқ. Өмір бойы ата-анасына масыл болып өтетіндер аз емес.
Дегенмен Үкімет мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелеріне бет бұрып келеді. Бір ғана партияның өзінде осы мәселеге қатысты түрлі-түрлі жиын өтіп, онда айтылған ой-пікірлер жүзеге асып жатыр. Мәселен, жақында ғана қалалық әкімдікпен бірлесе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау туралы алқалы жиын өткіздік. Ел азаматтарының 3 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар болса, соның үштен бір бөлігі жұмысқа жарамды. Яғни 150-160 мың адам денсаулығында ақауы болса да, жұмыс істеп, қоғамға өз пайдасын тигізе алады. Алайда әлі күнге дейін мүгедектерді жұмыспен қамту шешімін таппай келеді. Мәселен, Алматы қаласы бойынша, қоларбамен қозғалатын он бес-ақ адам әртүрлі салада қызмет істейді екен. Оның өзінде бұлар - «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының аясындағы әлеуметтік жұмыс орындары. Әлеуметтік қорғау туралы заңда қарастырылған 3 пайыздық квота әлі күнге ауызбен айтылған күйінде қалып қоюда. Мүгедекті жұмысқа алмаған кәсіпорынға салынатын айыппұл 5-6 АЕК-тан аспайды. Дегенмен айыппұл салу, қатал талаптар қою еш нәтиже бермейтіні анық. Жұмыс берушілерді ынталандыру қажет. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алған кәсіпорындар жергілікті биліктің назарында болып, оларды қолдап отырса, тиімдірек болар. Ал әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасындағылар, әкімдіктер «жұмыспен қамтылуы керек» деген құрғақ сөздерді қойып, өздерінен бастаса, елге үлгі болар еді. Басқармада, әкімдіктерде жұмыс істеуге мүмкіндігі де, білімі де, біліктілігі де жететін жастар бар. Ал мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа алуда ұжым арасында ынтымақ пайда болып, адамды мейірімділікке, бауырмалдылыққа тәрбиелейді.
Айта кетейін, «Нұр Отан» партиясының 104 партиялық бекеті бар, мүмкіндігі шектеулі жандар өз құқығы бұзылса, осы жерге келіп шағымдануына болады. Ал еңбек адамды үш басты қиындықтан: - ауру-сырқаудан, зерігуден және мұқтаждықтан құтқарады. Адам еңбек ету арқылы отбасындағы беделін арттырады. Ал отбасындағы беделдің артуы - қоғамдағы беделінің артуына ықпал етеді.
Жазып алған
Үмітжан ЖАПАР