МЕРХАТ ЗАНГИНОВ: Әрбір науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігер ештеңеден аянып қалмайды!
Солардың бірі - Зангинов Мерхат Тоқтарбекұлы, Дәрігер – мейірімділік пен ізгілік жаршысы. Рас, науқастың жанын қинаған ауруды табу оңай шаруа емес және екінің бірі дәрігер бола алмайды. Мұны тек ақ халатты абзал жандар ғана жақсы түсінеді. Солардың бірі - Зангинов Мерхат Тоқтарбекұлы, өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап жүр. Дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созудан жалыққан емес. Талай адамның жүрегіне үміт отын жағып жүрген дәрігер-хирург проктолог, "SofieMed Group" көпбағыттағы медициналық клиникасында еңбек етіп жүргеніне биыл төртінші жылға қарады. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-дом көрсетерде жайдары мінез танытуға тырысып-ақ жүр. Оның өмір жолына тоқталар болсақ, дәрігер болуды мектеп қабырғасында жүріп алдына мақсат етіп қойған. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез-келген жағдайда қорықпай батыл қадам жасай білетін, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты ерекше жан болуы керек. Мерхат Зангиновтың медицина саласында еңбек етіп жүргеніне 20 жылдан асты. 2000 жылы Семей мемлекеттік медициналық академиясын "Емдеу ісі" мамандығы бойынша тәмамдаған ол, мейлі дәрігер немесе медбике болсын қай кезде-де жан-жақты болуы тиіс деген пікірде. Күндіз немесе түнгі мезгіл демей барлық шақыртуларға сақадай сай тұрып, дұрыс диагноз қоя білу, алғашқы медициналық көмекті көрсету, һәл үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалуда аянып қалмауы керек екендігін алға тартады.
Гиппократ антын берген дәрігер Ақтау қаласы тұрғындарынан бөлек, өңіріміздің басқа да аудандарынан дертіне шипа іздеп келетін науқастардың денсаулығына, олардың аяғынан тік тұрып сауығып кетуіне тікелей атсалысып жүр. Жалпы «Sofie Medgroup» клиникасының ашылу өзектілігі және маңыздылығы аймақтың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және одан әрі дамыту қажеттілігіне негізделген. Заманауи ангиография, жоғары технологиялық күрделі инвазиялық, кардиологиялық, электрофизиология көмегімен және неврологиялық бағыттарда түрлі зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар, ангиографиялық жүйеге ерекше тоқталу болады, жүрек пен қан тамырлар жүйесінде әртүрлі манипуляциялардың кең спектрінің жүзеге асырылатыны тағы бар. Қажетті инвазиялық процедураларды жедел жүзеге асыру үшін науқастарды қабылдау бөлімінен ангиолабораторияға тез жеткізудің логистикасы қамтамасыз етілген. Орталықта жұмыс істеуге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы республикалық клиникалардан жоғары білікті кардиохирургтар мен рентген-хирургтар шақыртылды. Ресей Федерациясынан, Грузия сияқты елдерден де дәрігерлер келіп, консультациялар беріп жүр. Медициналық орталық жылына 600-ден астам ота, оның ішінде облыста жасалмайтын жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін жасауға қауқарлы. Жүрек тамырларына жасалынатын оталармен қатар, бас миы қан тамырлары мен онкологиялық ауруларда жасалынатын бірегей емдеу-диагностикалық оталары жасалып жүр. Нәтижесінде өңір халқы басқа облыстарға немесе шетел аспай-ақ «Sofie Medgroup» клиникасында жоғары білікті медициналық көмекке қол жеткізе алады. Сонымен қатар, шетелдік пациенттерді тарту арқылы облыста медициналық туризмді дамыту жоспарланып, алғашқы қадамдар басталып-та кетті.
