Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Менің тәрбие сағатым

Шолпан Қыдырниязова – айтыс ақыны. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Он жеті жасында «Облыс ақыны» атағын алған Шолпан Батырқызы 51 рет айтысқа атысып, соның 29-ында 1-орын иеленген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Шолпан апа тілшілік, түрлі басшылық қызметтерде болып, Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысы қызметін абыроймен атқарып барып зейнетке шықты. «Жазира» (1980), «Ерке құс» (1991), «Елігі еркін даланың» (2004), «Қос қанат» (2010) жыр жинақтарының авторы. Бүгінде Шолпан апамыз ойларын Фейсбук желісінде «Менің тәрбие сағатым» айдарымен жазып жүр. Шолпан Батырқызының келісімімен біз газет бетіне жариялап отырмақпыз.

Садақа мен той. Садақа -сабыр, той- дабыр, садақа- құран, той-жыр,ән. Ұраннан қалсаң да құраннан қалма. Бұрын қайтыс болған жанның қарасында салмақты ой мен санаға сіңімді жоқтау, жетісінде тоқтау айтылатын. Қырқында имам уағыз айтатын. Қазақ дәстүрінде қайғы жүгін азаматтар көтереді. Біз бүгін жабыла аузымыз жеткенше айтып, кешігіп келіп, бет сипамай ас іше беретін дәрежеге жеттік.

***

Той - тәрбие,бата, тілек, жас жұбайлардың есінде қалатын ерекше қуаныш. Жастарды тұрғызып қойып, /кейде жастарға қарау аянышты/ көлгірсіп сөйлеп, көсемсіп ақыл айтып,тойды жиналысқа айналдырдық, бәсекемен шашпашылыққа жол ашылды. "Ойы бұзық ауылдың тойы бұзық" дегендей болып кетті. Ұят. Тіршілікте қайғы мен қуаныштың қатар жүруі заңдылық, қуаныштың қадірін, садақаның сабырын қашырмайық, ағайын!

***

"Садақаның дәмін сатып же, /бата тигізу/ тойдың дәмін татып же/барға риза болу/. "Бабаларымыз ұрпағына ой салар талай түйінді сөз айтқан ғой. Бірақ...Садақаның сабыры азайып, тойдың дабыры көбейгенін көзбен көріп жүрміз."Ұраннан қалсаң да құраннан қалма!" дегенді де ескермейміз. Садақаға тойға келгендей кешігіп келуді шығардық. Жалпы қазақ дәстүрінде жоқ әдет - азаматтар отырғанда әйелдер ұшып тұрып, суырылып сөйлеу етек алып барады. Тыңдап қарасаң, бәрінің айтары - бір ой. Ертерек келіп, еңіреп отырғандарды жұбатып, жылы сөздерімен демесе орындырақ болар ма еді? Әйел сөйлемесін деген ойдан аулақпын, жиындарда жұртқа көрініп қалу үшін емес, өнеге өріліп қалу үшін ұмтылыс жасалуы керек. Ойланайықшы.

***

"Әй,ел болайық!" Ауру анасын бақпаған қыз апасының амандығын білмейді. Төсек жинамаған қыз өсек жинайды. Бұрын қыздар еріксіз малға сатылатын еді, енді еркімен шалға сатылатын болды. Бұрын қызды қырық үйден тыйғызатын еді, енді қырық үйге сыйғызатын болды. Тастай батып судай сіңу керектер,тастай қатып, судай ағып дедектер болды, т.б.

***

Әй, ел болайық! Заманы өткен, бесік құдалықтың "Жігіттің жақсысы нағашыдан .." деген мақалы бүгінге үйлесіңкіремейді, тайыз ойлайтындар масаттанып,талтаңдап кетпесін. Себебі бүгінгі жастарымыз қыздың етегін бүгін ашып, ертеңіне одан қашып кететінін уақыт көрсетті. "Бүлінгеннен бүлдіргі алма" деген мақалдың мағынасын көбі білмейді. Бұрынғылар "иісі шыққан қыз" деп үрке қарайтын, біреудің бүлдіргеніне бүгінгілер үйлене береді, мына заманда ешкім тойдан соң есекке теріс қаратып отырғызып келінін кері қайырған жоқ. "Қызы бүлінген үйге қызыр дарымайды" дегенді аналар естен баяғыда шығарып алды. Мен де нағашымын, өкінішке орай бүгінгі нағышылардың көбінің келбеті осындай екені ащы шындық. Енді "Жігіттің жақсылығы санасынан" болар.

***

Мақал. Бұрын: "Көп қорқытады, терең батырады", "Қалауын тапса, қар жанар", "Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш", "Семіздікті қой көтереді".

Бүгін: "Көп аз болады,терең саз болады", "Қалауын таппас арзан ар", "Аяғына қарап, қызын ал, анасының асын тасып іш", "Семіздікті той көтереді", т.б.

***

Менің тәрбие сағатым: Әдет немесе өзіңе байқалмайтын әдепсіздігің. Жекіру, лепіру, кекіру, тыржию, мыржию, арпылдау, қарқылдау, шалқаю, талтаю, дүңкілдеу, күңкілдеу, мырқылдау, жырқылдау, ырқылдау,сүртіну, түртіну. т.б. Өзімізге қарайық.

***

Мақал. Бұрын: "Ақшаң болса қалтаңда базарға қарай талтаңда", "Тура биде туған жоқ", "Ит жоқта шошқа үреді".
Бүгін: "Ақшаң болса қалтаңда, таққа қарай талтаңда", "Тура биің туған жоқ", "Шошқа көпте ит үрмес", т.б.

***

Азаматтарға құлаққағыс. Әйеліңді аяма аяла, қорлама қорға, жамандама амалда, қуартпа қуант, күйретпе үйрет,айқайлама пай-пайла, жылатпа жұбат, ұлытпа жылыт, есірме кешір,тартынып тарылма ағыңнан жарыл. Сонда ғана шынайы отбасы боласыздар.

***

Азаматтарға құлаққағыс."Ақылды әйелдің күлгені - күрсінгені, жымиғаны-жылағаны, қашан келесің дегені - бір құпияңның ашылғаны, ащы ас-ашуы,күйген ас-күдіігі, шұлық жумауы-шыдамының шегі," т.б.

***

Ездер. Ез - еркек атымен ел ішінде ербиіп жүрген жан. "Есірген еркек есегін зорлайды", "Қызған еркек қыз таңдамайды" ",Жалпылдақ еркекке далпылдақ, ақырғанға бақырған, шалқайғанға талтайған, сараңға арам, су жұқпасқа у жұқпас, арақты сұрап ішетінге құлап ішетін қатын тап келеді", т.б.

***

"Қызы үшін қысылмаған әке бақытты, қызы үшін алғыс алған ана бақытты." "Ерке қыз етегімен ойнайды, есті қыз ертеңін ойлайды." "Оясыз қыз ойнақ сүйеді, оялы оймақ киеді"," Шашын тарамайтын қыз, үйге қарамайтын қыз ","Анасын сыйламған қыз атасын сыйламайды" ,"Төсегі көп қыздың өсегі көп", т.б.

***

Мақал. Бұрын: "Ағайын тату болса ат көп,абысын тату болса ас көп", "Туысы бардың уысы нар", "Жақсы көрші жақыныңа татиды", "Заманың түлкі болса, қыран болып шал", "...Сөз сүйектен өтеді".
Бүгін: "Ағайын - әбден жау, туысқан - түптен жау, көрші - күткен жау","Заманың қандай болса, дамбалың сондай болсын", "Тентек сөз тез тарайды","Ағайын аңқылдап алып, бедірейіп береді","Абысынның арасын ақша ашады,бақша қосады".

***

"Көлбеңдей беру көсемдік емес, сөйлеу беру шешендік емес", "Мәрттік өсірген қадіріңді қарттық өшіреді", "Бата білмейтін атадан ас қайырар шата артық", "Еңбекақысын алған еңбегің үшін елге міндетсіме", "Еңсесі еңкейгенге ел сенбейді", т.б

***

"Сенімсізге сыр айтпа, сезімсізге жыр айтпа", "Абыройың жетпеске адам, қабілетің жетпеске қадам салма", "Сұрап ішкен судан, жылап ішкен у артық", "Беделі өзіне жетпейтін белсендінің пәлесі батпан", "Шіренгеннің іші-шірік, ісі-ірік", т.б.

 
0
0
3988

Осы тақырып бойынша

Менің тәрбие сағатым - Yvision.kz