Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мені көбі суық деп ойлайды екен...

Мені көбі суық деп ойлайды екен... «Суықсың, сондықтан ештеңе айта алмадым» дейді. Бұрын бұл сөзге мән бермейтінмін. Жаныма жақын жан кеп, солай айтқанда ойланып қалдым. Сырт көзге солай көрінетінімді мүлдем байқамай келіппін ғой...

...Иә, мен түн сияқтымын... Сылқым елестермен мазаңды алып, тыныштықта жалқылығыңды есіңе сап, тоңдыра бететін түн сияқтымын... Алайда, сен ойлаған сол суық ТҮННІҢ Ай мен Жұлдызға тап-татті ұйқыңды күзеттіріп, саған өзің қиялдаған ғажайып түс сыйлайтынын білесің бе?!

...Иә, мен күз сияқтымын... Сағыныштың сары жүгін арқалатып, сұрланып, жанарларға жас үйіре, суық желмен тоңдыратын күз сияқтымын. Бірақ сап-сары болса да, үзіліп жатқан сан мыңдаған жапырақтың әнін тындаған суық КҮЗДІҢ дәл сол қалпымен ғана сүйкімді екенін білесің бе?!

...Иә, мен ақ қар сияқтымын. Тым сезімтал...келбетіңе қыраулап, суықтықты сезіндіретін ақ қар сияқтымын. Алайда Сол ҚАРДЫҢ сәл ғана жылулыққа еріп кететінін сен білесің бе?! Жүректің жылуына...

 

P.S. Қанша күлімдеп жүрсем де, өзгелерге суық көрінетінімді қалайша сезбей келіппін. Әсіресе, саған... Мүмкін арада өткен жылдар мені солай көрсететін болар...

 

Осы тақырып бойынша

Мені көбі суық деп ойлайды екен... - Yvision.kz