Менің әдемі әлеміме қош келдіңіз!
Терезе алдында тұрмын... Таңда және кеште осылай тұратын әдетім. Таң атарда да, күн батарда да көретінім бір көрініс: әрлі - берлі ағылып жатқан көліктер мен әрлі - берлі сабылып жүрген адамдар. Олардың қайдан келетіні де, қайда баратыны да белгісіз. Таңның қалай атып, кештің қалай батқанын аңғаруға мұршасы жоқ адамдар күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, ішкі жан дүниелеріне бір сәт үңілуге уақыт таппай қалатындай. Көпшілігінің жүздері жабырқаулы, көздерінде мұң бар. Не үшін асығып, не үшін өмір сүріп, не үшін тырысып бағуда екенін де түсіну қиын...
Әр түрлі ойдың жетегіне кеткен менің ойымды ұялы телефонымның үні бұзды. Жақын достарымның бірінен хабарлама келіпті. Кез келген уақытта қанатты сөздер жіберіп тұратын досым осы жолы кітаптан оқыған қысқа да нұсқа әңгіме жіберіпті. Бұл әңгіме менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті десем өтірік айтқандық емес. Мүмкін сіздің де көзқарасыңызды өзгертер деген ниетпен әңгімені қысқаша баяндап берейін:
"Тау басында отырған қарияға әлдекім келіп:
-Ата, мен кеше басқа қаладан көшіп келдім. Мына қаланың тұрғындары қандай екенін білесіз бе? - деген сұрақ қояды. Сәл ойланған қария:
-Сенің қалаңның тұрғындары қандай болып еді? - дейді.
-Менің қаламның тұрғындары іштері арамдыққа толы, қу, көре алмаушылық қасиеттері көп адамдар... Ол қаладан кеткеніме сондай қуанып жүрмін!
-Қуануға әлі ерте, балам! Бұл жақтың адамдары да дәл сен сипаттағандай іші тар, қу болып келеді!
Көңілі құлазып, еңсесі түсіп, кері қайтқан жігіттің орнына келген екінші жігіттің қарияға қойған сұрағы да бірінші жігіттікіндей болып шығады.
-Сен тұрған қаланың адамдары қандай еді, балам? - деген қарияның сұрағына жігіт:
-Олар сондай қайырымды, мейірімді еді! Оларды қимай кеттім. Ондай адамдар бұл қалада бар ма екен?.. - дейді ойға батып. Жүзіне күлкі үйірілген қария:
-Уайымдама, бұл жақтың адамдары да дәл сенің қалаңның тұрғындары сияқты қайырымды, мейірімді! - дейді. Қуанышы қойнына сыймай кеткен жігіттің соңынан үшінші адам келіп:
-Қария, неге жалған сөйлейсіз?! Мен сіздердің әңгімелеріңізді естіп қалдым. Қалайша бір сұраққа екі түрлі жауап бересіз? - дейді таңданысын жасыра алмай. Сонда қария:
-Мен жалған сөйлегенім жоқ! Бірінші келген жігіттің жан дүниесі лас, көңілі кірлеген. Сондықтан оның көзі жақсылық атаулыны көрмейді. Ол жаман деген жандар бұл қаладан да табылады. Ал екінші жігіттің жан дүниесі әдемі. Сондықтан ол айналасындағы адамдардың жақсы қасиеттерін аңғара біледі. Оның қалаған жақсы адамдары осы қалада да бар. Әрбір адамның ішінде өз әлемі болады. Ол адам қайда жүрсе де сол әлеміне ұқсас адамдарды тауып алады! - деді...
Осы сәтте маған "Үнемі жабырқаулы жандарға көзім түседі. Адамдардың бәрі әлденеге разы емес кейіпте жүреді. Мүмкін мен олардың бойларынан өзімде бар қасиеттерді ғана көре алатын шығармын? Мүмкін өзім де..." деген ой келді.
Сол күні өзімнің де жан дүниеме терең үңілуге уақыт таппай жүрген жандардың бірі екендігімді түсіндім... Түсіндім де қорытынды шығардым! Жер басып жүрген әрбір адамның жүрек түкпірінде әдемі әлемі бар: біреулері соны аңғара алса, біреулерінің сол әлемге үңілулеріне уақыты жоқ. Менің әдемі әлемім сіздің де жүрегіңіздің айнасы болғай, оқырман! Алдағы уақытта бұл жерден өлең, әңгімелерімнен басқа ұлы тұлғаларымыздың ой салар қанатты сөздерін және басқа да қызықты - қызықты ақпараттарды таба аласыз!
