Мен және ол
Екеуміз бір палатада жатырмыз... Оның көңілі жадыраңқы, достарымен мәз-мейрам болып сөйлесіп отыр. Ал, мен...қап-қараңғы бөлмеде отырғандаймын, жүрегімді біреу жұлып алғандай...
Ол бұдан қорықпайды, "әдеттегі іс қой", дейді. Мен...мен өзімді жеккөрінішті сезінем, "неге бұлай болды?" деп өзімді кінәлаймын.
Ол бұны өзі қалап келіпті. Ал, мен мәжбүрмін.
Оның сәбиінің дені сап-сау. Менікінің жүрегі соқпайды.
Мұнда 30-дан астам палата бар. Бәрі адамға лық толы. Күндіз 5 адамды қабылдап, шығарса, кешке тағы 5-уі келеді. Осылайша, адамдар үзілген емес. Олардың да тағдыры екеумізге ұқсас...
Өмірдегі ең жаманы сол - ана бақытын сезінген сәтте, арманыңның кенеттен күл-талқан болғаны.
"Әлі жассыңдар..Бәрі алда. Ештене уайымдамаңдар" деп алдаусыратады. Қайтесің, бұған көнесің. Бірақ, қимайсың. Дені сау балаларын далаға тастап жаткандарды көргенде жаның ашиды. Өмір әділетсіз сияқты көрінеді маған. Өкініштен күйіп кетесің..
Білемін, бұл да - Алланың сынағы. Өмірде ешнәрсе жайдан-жай болмайды. Түннен кейін жарқырап Күн шығады. Сондықтан, жақсылықтан күдерімді үзбеймін.
Тек, айтарым, қыздар, дені сау сәбилерді далаға тастамаңыздаршы. Бұған қаншама ана жете алмай жүр.
