Мен үшін электронды журналистика ...
2018 жылдың ақпан айында IT университеті ұйымдастырған электронды журналистика факультетінің олимпиадасына қатысамын деп шештім. Бұл - менің "электронды журналистика" терминімен танысқан ең алғашқы кезім. Алматы қаласына келіп, олимпиадаға қатыспас бұрын мен үшін электронды журналистиканың не екендігі құпия болды. Бірақ олимпиадаға қатысқаннан кейін мен шын мәнінде оның астарында тəрбие, заман ағымынан қалмай технологияларды интенсивті түрде қолдану жəне білім қайнары жатқанын түсіндім. Біріншіден, мен үшін IT журналистика -журналистиканың қыр-сырын меңгерген мамандар тәрбиеленетін орда. Олимпиаданың ашылу салтанатында барлығын видеокамераға түсіріп жүрген студенттерді көрген кезде таң қалған едім. Себебі мен қатысқан іс-шараларда әрқашан да бірнеше жыл бойы осы салада жұмыс жасаған адамдар бұл іспен айналысатын еді,ал енді осы жолы өзім сияқты студенттерді көрген кезде таң қалмасқа болмады. Сонда мен мынадай ой түйдім: айти журналистика тек сауатты жазу дағдысын ғана студент бойына сіңірмей, репортаж түсіру ережелерімен таныстырып ғана қоймай, оны іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Біз білетіндей, тәжірибелі журналист болу үшін ақпаратты дұрыс жеткізу ғана емес, сонымен қатар ақпаратты оқырманға қызықты етіп жеткізу маңызды. Ол үшін сапалы фото-суреттер, видео материалдар қажет.Міне,IT журналистика әр студентке осы мүмкіндікті бере алатындығына сенімдімін. Екіншіден, мен үшін электронды журналистика – болашақ журналистті тәрбиелеуге жәрдемдесетін барлық техникалық жағдай жасалған оқу ордасы. Олимпиада кезінде болашақ журналисттерге тек тапсырмалар ғана беріліп қоймай, оларды орындауға да мүмкіндік ұсынылды. Дәлел ретінде университеттің жеке телевидениесының жұмыс істеуін келтіргім келеді. Менің ойымша, бұл университеттің қазіргі заманға сай дамып келе жатқанының, профессионалдығының белгісі. Үшіншіден, мен үшін электронды журналистика – өз ісінің мамандары жұмыс атқаратын әрі кез келген уақытта қол ұшын соза білетін студенттер білім алатын орда. Журналистиканы өзінің өмірлік ұраны деп айқындаған IT университетінің студенттері олимпиада кезінде видео түсіруді жөн деп санаған абитуриенттерге көмектесіп, кеңестерімен бөлісіп жатты. Менің ойымша, бұл студенттердің ұйымшылдығы мен белсенділігінің дәлелі. Сондай-ақ, олимпиада қатысушыларының сұрағына жауап беріп, электронды журналистика жайлы толық ақпарат берген мейірімді ұстаздарды көрдім. Менің пікірімше, баланың өз мамандығының иесі болуы үшін оқытушылардың қосатын үлесі зор, сондықтан да бұл университет осы факторды ескерді деп санаймын. Бір сөзбен айтқанда,мен үшін IT журналистика – жаңашылдық, яғни заман талабына сай дамып, университетті барлық жағынан жоғары дәрежеге жеткізуге тырысу IT журналистикасы жайлы айтылған.
