Мен сақшыдан қаштым...
Павлодар қаласындамын. Елбасымыз келіп, қаланы жол полициясы, тәртіп сақшылары қоршап алыпты. Таяқ тастам жерде қарауылдықта тұрған сақшылар өткен-кеткен кісіге тесіле қарайды. Аялдамада автобус күтіп тұрған маған «тыныштық күзетшілерінің» бірі қайта-қайта қауіптене қарағанынан өзімнен-өзім күдіктене бастадым. Сөйтсем, телефоныма бір қарап, жан-жағыма оларды байқамағандай жалтақ-жалтақ еткен шапшаң қимылымнан шошынып тұрған түрі екен. Алла сақтасын, біздің елде тыныштық болсын, әйтпегенде бұларға «ұнамаған адамыңды атып сал» деген ұлықсат берілсе мен сияқты «қайда тұрғанын досына жеткізе алмай телефонына үңілген» талай «күдікті» бір оқтық болып кетеді екен.

Осылайша тапа-тал түсте екі қазақ бір-бірімізден қауіптеніп тұрғанда мені қатты шөл қысты, шөлдегенім сылтау ғана, мүмкін «қорыққанға қос көрінеді» дегеннің кері болып тұрған шығар деп аялдаманың жанындағы дүкенге кіріп, су алып шықсам, әлгі ағам «дүкенді жарып жіберер ма екен?» дегендей тағы қарап тұр екен. Сол сәтте нөмірі 22 деген автобус келе қалғаны қандай жақсы болды, танымайтын қалада барлық автобус бір бағытта жүретіндей ма қалай?!. Қайда апарсаң, сонда алып бар, мына шегір көзден құтқар деп қарғып мініп алдым автобусқа, кондуктор қыз жаныма келіп: «Дачаға барасыз ба?» дейді, «өзім де білмеймін» дедім ашулы көзбен. Сөйтсем, Павлодарда №22 автобусқа отырсаңыз, дачаға бару үшін 10 теңге артық төлеуіңіз керек екен, мен 60 теңге беріп тұрғанға солай деп ойлапты.
Біздікі еріккеннің ермегі ғой, басқа соғыс болып жатқан мемлекеттердегі жағдайларға қарағанда. Алла Тағала ЖЕРІМІЗДІ бейбіт өмірден айырмасын. Үлкендер дұрыс айтады, «қара су ішсек те тышынтық болсын». Шаш ал десе, басыңды жұлып түсіретін тәртіп сақшыларына иман берсін!
