Мәселені қозғамастан бұрын «экстремизм» түсінігінін мәніне тоқталып кетейін.
Экстремизм (лат. «шеттеу») – бұл адамның қандай да бір сенімге немесе идеяға шектен тыс берілуі, ол өзге сенімдерді, ұстанымдарды, дәстүрлер мен құндылықтарды мойындамаушылықты туындатады.
2005 жылғы 18 ақпанда қабылданған «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 5-тармағында мынадай анықтама берілген:
Экстремизм – жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атынан iс-әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды:
– Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, өкiметтi күшпен басып алуды немесе өкiметтi күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралымдарды құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);
– нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi);
– дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн iс-әрекет ұйымдастыруы және (немесе) жасауы.
Бүгінгі таңда, «экстремизм» термині мен «экстремизмге қарсы күрес» мәселесі теледидар, радио, әр түрлі деңгейлі жиындар мен семинарларда, БАҚ арқылы түсіндіріліп, кең көлемді шаралар жүргізілуде. Алайда, менің байқауымша, экстремизм арбауына түскендердің саны көбеймесе, азаймауда. Бұл орайда заңды сұрақ туындайды «Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар мақсатына жетпей тұр ма, әлде, халқымыздың өзі экстремизмге қарсы күрескісі келмей ме?».
Менің ойымша, екінші сұрақ ақиқатқа жақын. Себебі көпшіліктің ойы «Неге мен бұл туралы ойлануым керек?», «Неге мемлекет ойланбайды, олардың жұмысы», «Мен не істей аламын?», «Мен бұл мәселе төңірегінде маман емеспін ғой» деген пайымдауларды, өз басым, жиі естудемін. АҚШ-тың әйгілі президенті Д.Кеннедидің «Мемлекет мен үшін не істей алады емес, Мен мемлекет үшін не істей аламын деп сұрақ қою қажет» деген сөзі осы тұрғыда өте орынды. Бірігіп көтерген жүк жеңіл демекші, экстремизмге қарсы күрес баршамыздың міндетіміз әрі борышымыз, осыны түсінбейінше, жүк орнынан қозғалмайтыны түсінікті.
Ең маңыздысы, «Мен неге экстремизмге қарсы күресуім керек?» деген сұрақтан арылып, «Мен экстремизмге қарсы күресте не істеуім керек?» деген сұрақтын қаперде жүруі.
Біріншіден, «жақсылық жасау арқылы, зұлымдықты жеңуге болады» деген тұжырымды желеу ету. Себебі көпшілік адамдар экстремизмнің жолына басқа альтернатива болмағасын түсіп кетеді, міне, осы тұста игі істер жасап, барынша көмектесіп, үлгі болу арқылы дұрыс жолға түсіруге болады.
Екіншіден, өз достарыңызбен, туысқандарыңызбен, таныстарыңызбен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Өйткені, көбінесе, экстремизмнің жолына «бай», «кедей» емес, «досы жоқ», «жанашыры жоқ» деген адамдар түсіп кетуде.
Үшіншіден, «сыни тұрғыдан ойлау керек», бұл ең басты экстремизмге қарсы күрес тәсілі. Өйткені отбасына, достарына, еліне қарсы қару ұстаған адамдар қай тұрғыдан «ойланатыны» түсініксіз.
Міне, еліміздің әр азаматы мен азаматшасы кем дегенде осы үш қағидатты ұстанып, орындап жүрсе «жұмыла көтерген жүгіміз» жеңіл болатынына мен сенемін.
Қорыта келе, дұрыс сұрақ қоя білуіміз керек: «Мен экстремизмге қарсы күресте не істеуім керек?»