ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Мен өмірімде нені өзгерткім келеді?

Уақыт. Уақыт деген бір тоқтамайды ғой шіркін. Уақытты өзен деп, ал адамды сол өзендегі қайық деп алсақ. Өзен ағысы  жайменен алға жылжытып, өз ағысымен кемені алып кете береді екен. Және артқа қарай мүлде қайырылмайды екен.

Кеше ғана асыл анамның қасынан  шықпай еркелеп,  әкемнің құлыншағым деген бір ауыз сөзінен бақыт тауып, шат-шадыман жүрген бүлдіршін едім. Бүгінде бой жетіп, ақыл толысып, жылы ұямнан ұшып шыққан құстың баласындай үйден жырақта жүрмін. Қанатым  қатайып, еркін самғауды да меңгеріп қалдым десем болады. Иеленгім келген мамандықты шыңдап жүрмін, мақсатым асыл жар, аяулы ана атану.

Менің өмірімде өзгерткім келетін жағдайлар жоқтың қасы десем де болады. Барға қанағат, жоққа сабыр. Бастысы – он екі мүшем сау, қарыным тоқ, киімім жылы.  Кейбіреулер армандап жүретін жоғарғы оқу орнының  да студентімін. Денсаулығым – бір Алланың одан кейін өзімнің қолымда. Осыншама нығметті түсіне білер санам мен  жүрегімде иманым бар. Шалқып жүрмін демеймін,  жетпей жүрмін де демеймін, көпшілікпен қатар өмір сүрудемін. Дей тұра өмірімді өзгерткім келмегенімен мінезім мен ойымды өзгерткім келер еді. Бұлай дегендегі ой – мінезімнің нашарлығы емес, жақсыдан да жақсырақ ету.

Жоғарыда уақыт жайын текке қозғамаған едім, егер де қолымнан келсе, бірінші кезекте уақытты өзгертер едім. Өткенімді түзеп, қателіктерімді туралар едім. Дегенмен де,  қателіктер – қателіктер қайталанбас үшін жасалатын  өмір сабақтары екендігін ескеретін болсам, «мен дұрыс өмір сүріп келемін» - деп айта аламын.