Мемлекеттік қызметкерлер спартакиадасына мыңға жуық адам қатысты
Орал қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында дәстүрлі спартакиада мәреге жетті.
Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту ұдайы назарда. Қазақстан «Мәңгілік елге» айналу үшін оның барша тұрғындары спортпен де достасып, дендері сау, мықты болуы қажет. Бұл істе ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер үлгі көрсетуі тиіс.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бірнеше күнге созылған жарысқа 19 команда құрамында 950 адам қатысты. Олар волейбол, баскетбол, шағын футбол, үстел теннисі, гір тасын көтеру, армрестлинг, жеңіл атлетика, шахмат, жүзу, барлығы тоғыз спорт түрінен сынға түсті.
Жалпыкомандалық есепте Қазталов ауданы жеңімпаз атанса, сырымдықтар — екінші, облыс әкімдігі үшінші орынды еншіледі.
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Автор: Елжан Ералы

